Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алматы облысындағы әуе апаты: ҚазАвиа жұмысын тоқтатты

Алматы облысындағы әуе апаты: ҚазАвиа жұмысын тоқтатты

Азаматтық авиация комитеті ұшу қауіпсіздігін бұзған авиакомпанияның жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі ведомствоның Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

«2017 жылдың жазында Алматы облысында орын алған Як-12 ұшақ апаты тергеуінің қорытындысы бойынша ұшақты әуе кемесінің командирі мас күйінде (1.19 промилле) басқарғаны дәлелденгендіктен, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті 2018 жылдың 25 тамызынан бастап,«НАК ҚАЗАВИА» ЖШС-інің авиациялық жұмыстарды орындау сертификатын қайтарып алу туралы шешім қабылдады. Жоғарыда аталған жайт «Қазақстан Республикасының Азаматтық авиациядағы медициналық сараптама мен тексеру қағидалары» атты №324 бұйрығының 58-тармағын, «Азаматтық әуе кемелерінің пайдаланушылары үшін сертификаттау талаптарын бекіту туралы» №153 бұйрығының 2 параграфтың 8 тармағының 3 тармақшасының сертификаттау талаптарын, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 16-3-бабының 5-тармағын өрескел бұзу болып саналады», - делінген хабарламада.
«НАК КАЗАВИА» ЖШС-і 2018 жылдың 25 тамызына дейін өз қызметкерлері алдындағы қарыздарын және салық органдары алдындағы төлемдерін өтеуді қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, сертификатты қайтарып алу туралы хабарламаны алғаннан кейін он күнтізбелік күн ішінде пайдалану ерекшеліктері бар әуе жұмыстарын орындауға берілген куәліктің түпнұсқасын азаматтық авиациядағы уәкілетті органға қайтаруы қажет.
Азаматтық авиация комитеті өз жұмысында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ең қатаң шараларды қолдану тәжірибесін ұстанады және ұшақтарды пайдаланушылардың барлығын ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 27 шілдесінде ЯК-12 ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 2 адам қаза тапты. Ұшақ авиахимиялық жұмыстарды атқарып жүрген.
Сонымен қатар, ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті Алматы облысында болған әуе апатына қатысты тергеу жұмыстары аяқталғанша ЯК-12 ұшақтарын пайдалануды тоқтатты.

Baq.kz
01 тамыз 2018 ж. 1 193 0