Автонесие: арман мен үміт
Қазақ жылқыдан түсіп, темір тұлпарға жайғасқалы қашан. Бүгінде жігіттің серісі деген жастар атқораға емес, автосалонға баратын болды. Өйткені бұл – заман талабы. 4-5 жігіттің басы қосыла қалса, темір тұлпар турасында әңгіме өрбітуге пейіл. Қолы жетпесе де ойы жететіндер өз шамасына қарай көлік алып мінуді әбестік көрмейді. Біз неге бұлай айтып отырмыз? Себебі қазір жаңа көліктердің нарықтағы бағасы басыңды айналдырады. Ал мінілгенін алудың өзі көп жұрт үшін мұңға айналды. Осы автоиндустрияға қатысты жылт еткен жаңалыққа құлақ түретін қазақ жігіттері 4 пайызбен алғашқы жарнасыз көлік алуға болады деген хабарды естігелі еншісіне көлік бұйырардай елеңдеп-ақ жүр. Бірақ «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деп әліптің артын бағып жүргендер қаншама?! Енді осы автоиндустрия мен автонесие жайында айтсақ.
Биыл ше?! Көлік алу жеңілдеді деп жұртшылық қуанып жатыр. Себебі кешегі қаңтар оқиғасынан соң ел ішіндегі қымбатшылық кейбір салалар бойынша жеңілдіктерге жол ашқандай. Мәселен, осы автоиндустрия саласындағы автонесиедегі жеңілдіктер. Оған байланысты Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев ҚР Парламенті мәжілісінің отырысында:
– Отандық автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға утильдік алым есебінен ваучер беру мәселесін қарастырған жөн. Осы және өзге де утильдік алым қаражатын қоғамға пайдамен жарату тәсілдерін қарастырыңыздар, – деген болатын.
Қырсық шалғанда, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрт өзгеруіне байланысты теңге құнсызданды. Соңғы мәліметтерге сәйкес 1 доллар 500 теңгеден асты деген деректер бар. Демек бұл жағдай автосалондағы машиналарды да айналып өтпесі айдан анық. Қазір сатушылар өнім бағасын жаппай ауыстырып жатыр дейді автоиндустрия саласының мамандары. Мәселе қайтып айналып, сол қымбатшылыққа келіп тірелері анық. Айталық, бірнеше модельдің құны 100 мың теңгеге артса, кейбірі тіпті бірнеше миллионға көтерілген. Яғни «Toyota Camry»-дің 2 литрлік мотор орнатылған қарапайым нұсқасын 14.9 млн теңгеге аласыз. Бұл бұған дейінгі бағадан 11 пайызға дейін артқанын білдіреді. Ал бұрын 22.9 млн теңгеден саудаланған 3.5 литрлік V6-мен жүретін «Люкс» қазір 25.5 млн тұрады.
«RAV4» үшін ақпанда сатушылар 15.2-ден 21.2 млн теңгеге дейін сұрайтын, қазір оның құны 16.9 бен 23.5 млн аралығында. «Land Cruiser 300» 39.7 млн теңгеден 42.5 млн теңгеге қымбаттады. Ал «Hyundai» керісінше, ескі бағаны сақтап қалды. Алматыдағы зауытта құрастырылатын «Accent» қана 400 мың теңгеге қымбаттаған. Бұрын 6.7-7.8 млн шамасында сатылған модельді енді 7.1-8.2 млн теңгеге алуға болады.
«Chevrolet» маркасының дистрибьюторы ақпанда баға тізімін жасырып қойған еді, қазір сайтқа қайта шығарыпты. Одан «Спарктың» 5.0 млн теңгеден 5.7 млн теңгеге қымбаттағаны байқалады. Біздің елде сұраныс жоғары «Cobalt» пен «Nexia» бағасына да жиынтық түріне байланысты 700-800 мың теңге қосылған. Ал «Malibu», «Equinox», «Trailblazer» және «Tahoe» құнында өзгеріс жоқ. «Kia» да модельдерінің құнын 100 мыңнан 600 мыңға дейін арттырған. Нәтижесінде биыл шыққан Rio 7.8-9.6 млн теңгеге бағаланып отыр. Қыста бұл көлік 7.4-9 млн теңгеге сатылды. «Sorento»-ның да ең арзан нұсқасы 16.6 млн теңге тұрады. Қыста оны 15.9 млн теңгеге алуға болатын еді. «Lada Vesta» ақпанда 5.8 млн теңгеден сатылған, енді оны алатындар 6.0 млн жұмсайды. «Renault» бағасында әзірше өзгеріс жоқ. Қытайдан келетін «Haval» мен «Chery», сонымен қатар жапониялық «Subaru» көліктерінің құны бұрынғы деңгейде тұр. Ал «JAC» сайттағы баға жазылған тізімді жасырып қойыпты, соған қарағанда, марка өкілдері жуырда тауарын жаңа бағада ұсынатын сияқты. (Бұл мәліметтер «колеса кз» сайтынан алынды.) Айтпақшы, соңғы кездері көршілер елдерге салынған санкция салдарынан бренд маркалы көліктердің орнын алдағы уақытта Қытайдың көліктері алмастырады деген қауесет те жоқ емес. Яғни нарықта Қытай көліктері көптеп сатылады деген сөз.
Әдетте қараша мен желтоқсанда көлік ең көп сатылатын, бірақ кешегі жылдың сол екі айдағы көрсеткіші көңіл көншітпеді. Мәселе көліктің қымбаттығында емес, жаңа көліктің салондарға уақытылы жеткізілмеуінде екен. Қысқасы, жартылай өткізгіш жетіспеушілігі мен Қытай шекарасындағы мәселелерге байланысты дилерлік орталықтарда көлік тапшылығы байқалған. Оған көршілес елдерде болып жатқан өзара әскери іс-қимылдарды қосыңыз. Осы тұста сәл өткенге шегініс жасайық. Соған қарамастан, 2021 жылдың 11 айында 106 873 автокөлік өз иесін тапқан. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Бұл көліктердің арасында несиеге алған көліктер де жеткілікті. Күні кешеге дейін бұл саладағы даулы мәселелердің оңтайлы шешім таппауына қарамастан, көліктің мұндай мөлшерде сатылуы елімізде өндірілетін көліктерге сұраныстың жоғары екенін байқау қиын емес.
Енді осы көліктерді алу жолындағы қолға алынып жатқан тетіктерге тоқталып өтсек. «ӨКМ операторы» шотындағы 100 млрд теңге автонесиеге жұмсалады. Естеріңізде болса, «Хабар 24» телеарнасының эфирінде Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр «ӨКМ операторы» шотындағы утилизациялық алымнан түскен жүздеген миллиард соманың қалай жұмсалатынын айтқан болатын.
– Шарт мынадай болады: алдын ала төлемсіз 4%-бен несие беріледі, оның қазіргі жеңілдетілген автонесие бағдарламасынан айырмашылығы – бұрын 20% көлемінде алдын ала төлем жасау, 4% жылдық сыйақы мөлшерлемесі және несие мерзімі 7 жыл болған. Бағдарлама бойынша қымбат емес көліктерге несие беріледі. Осылайша 71 мың азамат қолжетімді бағамен жаңа машина сатып ала алады, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Бұған дейін ҚР ИИДМ 2027 жылға дейін жеңілдетілген автонесиеге 250 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын хабарлады, оның 150 миллиарды мемлекеттік бюджеттен алынады, қалған 100 миллиарды «ӨКМ операторының» утилизациялық алымнан жинаған ақшасы. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 100 млрд тарту мәселесі әлі қарастырылып жатыр. Шенділер «ӨКМ операторы» шотындағы ақша халықтың осал топтарына берілетінін айтады. Бағасы 10 млн теңгеден аспайтын отандық автокөлікті сатып алуға болады. Бірақ мұндай жеңілдікті екінің біріне бермесі тағы да белгілі. Өйткені жеңілдетілген автонесиені пайдалануға лайықты тұрғындар белгілі бір критерийге сүйеніп анықталмақ. Яғни, халық арасындағы әлеуметтік статустарға сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл бағдарлама отандық өнімдер арасында жүзеге асырылмақ. Бұл туралы:
– Неге біз бөтен өндіріске, бөтен жұмыс күші мен басқа салық салынатын базаға басымдық беруіміз керек? Жоқ әрине! Автонесие өзіміздің автоөндірісті ғана қамтиды, – деп мәлімдеді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.
Алдағы уақытта салоннан жаңа көлік мінуді жоспарлап жүрген Е.Алматбаев та бүгінде автокөліктің қолжетімді емес екенін жақсы біледі. Сондықтан көпбалалы отбасы мүшелеріне автокөлік және баспана мәселесінде мемлекеттен арнайы жеңілдіктер қарастырылса дейді. Әйтпесе қазіргі нарықта көлік бағасы аспандап тұр.
– Ресейдің ескі көлігін ептеп жүргізіп келе жатқанымызға біршама жыл болды. Қазір көлік болмаса көп шаруа аяқсыз қалатындай. Өйткені бала-шағаны мектепке алып бару немесе алып келу керек. Оған көлік болмаса уақыттан ұтыласың. Одан бөлек те отбасының қамымен арлы-берлі жүретініміз тағы бар. Міне, осындай шаруаларға жолда қалдырмайтын, сенімді көліктің болғаны жақсы ғой. Ал бірақ оған қол жеткізу қиынның қиыны болып тұр. Салоннан жаңасын алсаң, қарыздан ада басыңа кредиттің қамыты киіледі. Және ол ондаған жылға созылады. Сол он жылды әлгі алған көлігіңіз де кәдеге аспай қалуы мүмкін. Бұл біз секілді қарапайым жандарға тиімсіз болып тұр. Бір жағынан көліктің сапасына да сенім жоқ. Бұл енді отандық автоиндустрияның қазіргі күйі. Сондықтан біз секілді көпбалалы отбасыларға осы автонесиеде көңілге қонымды шешімдер қарастырылса деген ой бар, – дейді көп балалы әке.
Иә, бұл – көптің тілегі. Кейде қазақ неге қымбат көлік мінбеске деген ой болатыны түсінікті. Шетелдің шірігін сүйреп келе жатқанымызға 30 жылдан асты. Онда да сол ескінің өзін қолы жеткендер алады. Байларға көлік көйлек секілді. Бұзылса ауыстыра салады. Ал қарапайым жандарда ондай мүмкіндік жоқ. Салоннан шыққанына 30 жыл болған көліктерді құрап-жамап жүргені жасырын емес. Сондықтан біздегі автоиндустрия саласында миллиардтарды қисапсыз бөле бергенше, оның халыққа тиімді жақтарын да қарастырған жөн. Президент мұндай олқылықтардың орын алып жүргенін айтып, аяусыз сынады. Енді одан ел көңіліне қонатын нәтиже шықса, қане?!
А. ҚАРАСАЙ