Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қалай?

Көктемгі егіс жұмыстарына дайындық қалай?

Жер құрсауы жібіп, тоң еріген тұста соқа ұстап, жер жыртқан қауым үшін шаруа қыза түсері анық. Әрние уақытында сол шаруалар ел үкіметінен нендей көмек болады деп жоғарыға мойын бұрары хақ. Сәйкесінше, сол үкімет көктемгі егісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдады. Ол жайлы осы аптада ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңінен айтылды. Нақтысы, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.
Ел үміт артқан келелі жиында ҚР Энергетика министрі Б.Ақшолақов, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Сапаров пен бірнеше облыстардың әкімдері баяндама жасады.
Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу маңызды міндеттердің бірі, өйткені бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзекті мәселе екенін атап өтті. Расында солай, көктемгі егістік жұмыстары қаншалықты үйлесімді атқарылған болса, күздегі жиын-терімде молшылық болары сөзсіз. Бұл тұста диқаншы қауымға артылар сенім зор. Оны былайғы жұрт жақсы біледі. Ал облысқа келетін болсақ, бұл мәселе бүгінде аймақ басшысының жіті назарында тұр. Десе де арқаны кеңге салуға болмайтынын уақыттың өзі айқындап отыр. Қазір бағада тұрақтылық жоқ. Сұранысқа ие заттардың құны күн санап аспандауда. Бұл туралы Үкімет басшысы да айтты.
– Қазір бүкіл әлемде ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс күн санап артып келеді. Сұранысқа сай оның бағасы да қымбаттап барады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы өнімінің ішкі тұтынуын да, экспорттық әлеуетін де қамтамасыз ету – аса маңызды мәселе. Фермерлер басымырақ қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, сұранысы жоғары дәнді дақылдардың егістік алқаптарын ұлғайтуы тиіс. Бұл ретте, өнімді көп беретін және экспортқа шығатын дақылдарды егуге айрықша көңіл бөлу керек, – деді Ә.Смайылов.
Мәселен, жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды, бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық. Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биыл барлығы 658,7 мың тонна минералды тыңайтқыш қосу жоспарланған, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 32,2 мың тоннаға артық. Пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы бойынша 2022 жылға 31,7 млрд теңге қарастырылған, бұл егіс алқаптарының өңделуін 100%-ға қамтамасыз етеді.
Премьер-министр тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50%-ін субсидиялау әрі қарай жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ тұқым сатып алу, қайта өңдеуге тапсырылатын дақылдар өндіру, су беру бойынша көрсетілетін қызмет құнын субсидиялау да былтырғы шамада сақталатын болады.
Техникаларды жаңарту үшін Үкімет кредиттер мен лизинг үшін инвестициялық субсидиялау және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау көлемін ұлғайтады. Бұл мәселелерге қатысты Ә.Смайылов бірқатар нақты тапсырма берді.
Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөптің қажетті көлемін себе отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру тапсырылды. Сондай-ақ минералдық тыңайтқыштарды өндірушілермен алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды.
«Толқын» ақпарат
13 наурыз 2022 ж. 774 0