Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыр дерттің алдын алайық

Ауыр дерттің алдын алайық

Қатерлі ісік. Обыр. Осы бір "аты жаман ауру" атап жүрген дерт туралы соңғы жылдары жиі естіп жүрміз. Бұл дерттің ағзаға орныққанын әуелден аңғару қиын. Айтуға да ауыр. Дей тұрғанмен, еліміздің осы дертке шалдыққан 50 елдің қатарында екендігі көңілімізді құлазытады. Бұл тажал аурумен күресуге бола ма, алдын алу жолы бар ма? Осы сұраққа маман дәрігерлер не дейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегі бойынша бүгінде ғаламшарда қатерлі ісік ауруы­на 20 миллионнан астам науқас шалдыққан екен. Ресми деректе елімізде де жыл сайын 36 мың адамнан осы ауру белгілері анықталады. Ал арнайы диспансерлік есепте тұ­ратын жандардың саны – 190 мыңға жуықтапты. Өкініштісі, жыл сайын 14 мың адам осы дерттен көз жұмады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінде ел ішінде онкологиялық сыр­қаттың сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны обыры және колоректальды қатерлі ісік сияқты түрлері көбейгендігі келтіріледі. Медицина саласында қатерлі ісікті анықтау мен емдеуге мемлекет те айрықша көңіл бөлуде. Алайда бұл дертке шалдыққандардың айығып кетуі мен өмір сүру ұзақтығына байланысты сауалдың жауабы әлі табылмай келеді.
Обыр дегеніміз не, алғашқы белгілері қандай?
         Обыр – ағзада қатерлі ісіктің пайда болуынан туындайтын ауру. Бұл ғылымда ағзаның кез келген бөлігін бүлдіретін 100 шақты аурудың жиынтығы ұғымында түсіндіріледі. Мамандардың айтуынша, адам ағзасы өздігінен зат алмасу процесі арқылы дамитын түрлі клеткалардан тұрады. Осы клетка сыртқы факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырайды. Салдарынан пайда болған атипиялық клеткалар қан арқылы басқа органдарға тарай бастайды. Сөйтіп шоғырланған жерінен қатерлі дерт тудырады. Бұл ауру 4 сатыдан тұрады. Оның алғашқы екі сатысы жеңіл, асқынуы ІІІ-IV сатыға жатады. Егер жеңіл түрі анықталса оны емдеп-жазу әлдеқайда нәтижелі болады. Дегенмен, науқастардың 30 пайызы асқынған кезде маманға көрінеді. Сондықтан ауруды асқындырмау үшін үнемі тексерістен өтіп тұру қажеттігін дәрігерлер ескертумен келеді.
Мамандар не дейді?
         Кез келген ауру өздігінен туындамайтыны белгілі. Жылдар бойы мазалаған түрлі дерттер уақытында ем қабылдамаудың, денсаулыққа немқұрайлы қараудың салдарынан өкінішке әкеледі. Обырдың пайда болуына қоршаған ортаның тигізер әсері де көп. Бұл ауруды тудыратын факторларға дұрыс тамақтанбау, темекі тарту, жұқпалы аурулар, алкоголь, қоршаған ортаның ластануы және тұқым қуалау жатады. Сонымен бірге ағылшын ғалымдары Лондонда өткен зерттеу нәтижелері бойынша артық салмақтың да қатерлі ісіктің асқынуына әсер ететіндігін анықтаған.
Бұл тұрғыда доцент, жоғары санатты дәрігер онколог, медицина ғылымдарының кандидаты Мұрат Жантеев:

– Қазіргі таңда күнделікті демалатын ауамыз, ішетін сусын, жеген тамағымыздың көпшілігі организм үшін онша қолайлы емес. Әрбір жағымсыз әсер жай кетпейді, тінде із қалдырады, клеткалық деңгейде өзгерістерге ұшыратады. Міне, осындай мутациялық өзгерістер жинақтала келе денеде ісіктің пайда болуына себепкер болады, – дейді.
Ал Арал аудандық емхана онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Ж.Жұмахметов:
– Онкологиялық аурулар елімізде, оның ішінде ауданымызда да күрделі мәселелер қатарында тұр. Бұл ауру ерте сатысында анықталса, 95 пайыз жағдайда емделіп шығуға болады. Адамдардың ауыр дерттен хабарсыздығы, алдын ала емделуге не дәрігерге қаралуға тым кеш келуінің соңы қиын жағдайға әкелерін сезіне бермейміз. Қазірдің өзінде онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар саны азаймай отыр. Ал оның алдын алу үшін кез келген жан уақытылы скринингтік тексерулерден өтіп тұру керек. "Ауру – астан" деген халқымыздың қанатты сөзін әркез жадымызда ұстап, дерт дендемесін десек, өз өміріміз үшін қажетті шараларды қолға алу керек деген кеңес айтар едім,– деді.    
         Кесел жасарып барады
         Аты жаман ауру бүгінде жас аналарға да ауыз салғаны өкінішті. Соңғы кезде бұл кесел жүкті әйелдердің арасында жиілегенінен хабардармыз. Жақында Шымкент қаласында жасы 31-де, 7 айға толмаған  бесінші жүктілігі бар әйелдің миында ісік бары анықталып, елордаға жеткізіледі. Бір емес, екі адамның тағдыры ақ халатты абзал жандардың қолында тұрды. Сөйтіп нейрохирургия орталығында ота жасалып, білікті мамандардың арқасында  іштегі баланы сақтай отырып, 5 сағатта мидағы ісікті алған. Бұрын әйел аурудың еш белгісін байқамаған, тек соңғы кездері бірнеше мәрте есінен танып қалған. Бұл – бір ғана мысал.
         Сондай-ақ елімізде жыл сайын орта есеппен 14 жасқа дейінгі 400-ден астам бала қатерлі ісікке шалды­ғады екен. Мәсе­лен, 2021 жылы бұл қорқынышты диагноз 591 баладан табылған. Оның 40 пайызынан «ақ қан» белгісі шыққан. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Д.Қайдарова:
          – Соңғы бесжыл­дықтың көлемінде балалар обырына қатысты статистика алаңдатарлықтай. 2018 жылы 610 бүлдіршіннен қатерлі ісік табылған. Қазақстанда 100 мың бала­да 14-15 жағдай тіркеледі. Көрші Ресейде 100 мыңға шаққанда 19 жағдай. Аса бір үлкен айырма­шылық жоқ. Дегенмен бұған бейжай қарауға болмайды. Тағайындалған ем-дом шаралары заманауи құрал-жабдықпен жасалса да ауыр өтеді. Ең әуелі балаларда қатерлі ісіктің бар-жоғын ерте анықтау бәрінен маңызды, – деді.
Түйін. Басты мақсат – техникасы мен технологиясы дамыған ХХІ ғасырдың аса ауыр дерті – обырдың таралуына жол бермеу. Қатерлі дерт туралы неғұрлым ақпараты мол болған сайын адамдар өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарай бастайтыны, дәрігерлерге дер кезінде қаралып, сақтанып жүретіні белгілі. Сондықтан өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ұмытпайық.
15 наурыз 2022 ж. 659 0