Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тендердегі былық: Қызылордада баспанасын күткендер әкімдік есігін күнара қағып жүр

Тендердегі былық: Қызылордада баспанасын күткендер әкімдік есігін күнара қағып жүр

Қызылорда облысында аурухана мен мектеп құрылысы тоқтап тұр. Сондай-ақ тұрғындар осы жылдың басында қоныстануы тиіс тұтас шағын аудандағы көп қабатты үйлер де бекітілген кестеден қалып келеді. Басты мәселе тендердегі былық пен құрылыс материалдарының қымбаттауы.
Сырдария жағалауында орналасқан СПМК-70 ауданындағы бес қабатты үйлердің тендері өткен жылдың сәуір айында өтіп, құрылысы тамызда басталып, осы биылғы жылдың ақпан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ жоба жоспарға сай жүрмеді. Құрылыс неге тоқтады?
«Осы жерде салынып жатқан 10 көпқабатты үйдің тендерден жеңімпазы табылмай, олар бірімен-бірі соттасу себебінен құрылыс қазан айына дейін тоқтап тұрды. Құрылыс материалының бағасы 50-300% дейін көтерілді. Халықаралық жағдайға байланысты доллар бағасы тағы 25% көтерілді. Біздің құрылыс материалының кем дегенде 60% шетелден келетін болса, материал бағасы тағы көтеріледі деп отырмыз», – дейді мердігер мекеме директоры Манарбек Еспенбетов.
Мердігерлер енді қаржының қайта есептеліп, айырмасын өтеуді сұрап отыр. Әйтпесе жұмыс тұралап, құрылыс алаңы қаңырап қалуы бек мүмкін. Баспана алудан үмітті тұрғындар болса әкімдік есігін күнара қағып жүр. Ал Арал ауданы Сексеуіл кентінде құрылысы 2019 жылы басталған аурухананың қазіргі жағдайы осы. Өткен жылы іске қосылып, халық саулығы жолында қызмет етуі тиіс 40 төсектік медициналық нысан жартылай салынған күйі жатыр.
«Мердігердің баяу жүргізуіне байланысты келісімшарт біржақты бұзылып, жобасына түзетулер енгізіліп жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысына енгізіп қойғанбыз. Оң қорытынды алғаннан кейін қайтадан қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасатын болады», – дейді облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Батырбек Шаханов.
Сексеуілде сондай-ақ теміржолшыларға арналып салынған қоспәтерлі тұрғын үйлердің де құрылысы аяқсыз қалып отыр. Сонымен қатар Жаңақорған ауданында іргетасы қаланған 300 орындық мектептің де мәселесі шешімін табар емес. Жалпы, облыста 26 әлеуметтік нысан құрылысы жүріп жатыр. Бірақ жобаларды мерзімінде аяқтау жағы ақсап тұр.

kyzylorda-news.kz
16 наурыз 2022 ж. 464 0