Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғау – басты назарда

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғау – басты назарда

Арал, Қазалы аудандары бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғау бағытындағы атқарылған жұмыстар барысы зерделенді.
Облыстық мәслихаттың жұмыс жоспарына сәйкес алдағы уақытта болатын кезекті сессияда «Облыста халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғаудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» мәселе қаралды. Осыған байланысты әр өңірдегі аталған бағыттың барысын бағамдап, шешуі тиісті шараларды сессияға ұсыну үшін уақытша комиссия құрылды. Кеше Арал және Қазалы аудандарында болып, аудан әкімдігінде атқарылған жұмыстарымен және оңалту орталықтарының жағдайымен танысып, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов және комиссия мүшелері мен жауапты басқарма басшыларының қатысуымен отырыс өтті. 
Аудан әкімдерінің орынбасарлары Б. Жұмағұлов пен Д.Тілеуімбетов жоғарыда аталған мәселелер бойынша баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жайында толық ақпарат берді.
Әрі қарай «Осал топтармен жұмыс жасау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А. Итенқызы мүгедектердің жеке көмекшілеріне қатысты пікірін білдірді.
Одан соң, сөз алған облыстық мәслихат депутаты М. Жұмашев жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына мүгедектердің көмекшілеріне қатысты ұсыныс берді.
Одан бөлек, депутаттар тарапынан грант бөлу мәселесі, ерекше балаларға арналған ойын алаңдарын ашу, халыққа тиімді болатын жобалар туралы, әлеуметтік осал топтар бойынша аудандарда оңалту орталықтарын ашу және тағы басқа мәселелер көтерілді.
Отырыс соңында, облыстық мәслихат хатшысы Н. Байқадамов ерекше жағдайдағы жандардың мәселесі мен оңалту орталықтарының мүмкіндігінің жетіспеушілігі басты мәселе болып отырғандығын айтты. Сондықтан алдағы уақытта аталған мәселелер облыстық мәслихат сессиясында қаралып, оң шешімін табуға ықпал жасалатынын жеткіздік.
Гүлнар ЕСҚАЛИЕВА,
Қызылорда облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі,
Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы 
17 наурыз 2022 ж. 640 0