Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді

Аудан әкімі қоғамдық кеңес мүшелері алдында есеп берді

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің және мәслихат хатшысының қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында атқарушы билік пен өкілетті биліктің қоғамдық кеңес алдындағы есебін тыңдау жөніндегі кеңес отырысы болып өтті. Кеңес отырысын аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алдаберген Жоланов ашып, жүргізіп отырды. Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, дербес бөлім, мекеме, кәсіпорын, құқық қорғау органдарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне қойылған мәселелерге сәйкес алдымен аудан әкімі Мұхтар Оразбаев 2019 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерге тоқталды. Мұнан соң аудандық мәслихат хатшысы Дәуренбек Мадинов хабарлама жасады. Өз кезегінде өкілетті биліктің жыл көлемінде жасаған жұмыстарына жан-жақты тоқталған мәслихат хатшысы 2019 жылы мәслихат депутаттарының қатысуымен 17 сессия өткізілгендігін тілге тиек етті. Сессияларда қаралған 88 мәселенің 61 шешімі мемлекеттік тіркеуден өткізілген. Соның ішінде аудандық және қала, кент, ауылдық округ бюджеттеріне барлығы 13 рет ресми өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Одан соң, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Алдаберген Жоланов есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың есебін беріп, қоғамдық кеңесте қозғалған және шешімін тапқан мәселелер жөнінде хабарлама жасады. Мәселен, өткен жылы 8 қоғамдық кеңес отырысы өткізіліп, медициналық қызмет көрсетудің жайы мен тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі туралы, жер мәселесіне қатысты заңдылықтардың сақталуы , көгалдандыру жұмыстарының барысы туралы, ересектер мен кәмелетке толмаған балалар арасында орын алған құқық бұзушылық фактілерінің туындау себептері және оның алдын алу шаралары туралы және тағы да басқа қоғамдағы өзекті мәселелер қаралған. 
Сондай-ақ, Арал аудандық Қоғамдық кеңесі мен жеке кәсіпкерлер арасында «Тұрғындардың тыныштығын сақтау және тәртіпсіздікті болдырмау» мақсатында мейрамханаларда кешкі мезгілдегі той салттарының уақытын сағат 19:00 мен 00:00 аралығында өткізу» жөнінде меморандумға қол қойылды.
Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан аудан әкімінің және аудандық мәслихат хатшысының есептері негізінде өткен жылғы қызметтеріне оң баға беру туралы қарар қабылданды.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
29 қаңтар 2020 ж. 1 067 0