Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз жайлы маңызды деректер

Наурыз жайлы маңызды деректер

Көктем келіп, күн шуағы төңірекке төгіле түскен тұста халқымыздың дәстүрімен тығыз байланысты Ұлыстың Ұлы күні бар. Бұл күн қазақ күнтізбесінде 22 наурыз болып белгіленген. Әрине заманның әр тұсында небір құйтырқы саясат пен үстем-тап өкілдерінің озбырлығы салдарынан бұл мерекені халықтық деңгейде тойлауға тыйым салған уақыттар да болды. Сондықтан болар мерекені тойлау өз алдына, оның мәні мен мағынасына аса мән беруді әлі де қажет етеді. Ең алдымен Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі екенін айтуымыз керек. Орта Азия елдері оны 5000 жылдан аса уақыт атап өтіп келеді. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен 5 мың жыл бұрын пайда болды. Сондықтан оны ежелгі мереке деп атаған жөн шығар. Осы бір ұлттық дәстүрмен ұштасқан ұлық мереке жайында әр жерде жарияланған маңызды деректерді жинақтаған едік...
Наурыздың шығу тарихы белгісіз. Иран мифологиясына сәйкес, осы күні Тұран ханы Афрасиабтың қолынан қаза тапқан атақты Саяуыш батыр жер қойнына тапсырылған. Бұл аңыздың Авестада айтылғаны белгілі.
Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. Бұл күні жер шары алаңдарын қоспағанда, бүкіл жер бетінде күн мен түн теңеседі. XI ғасырдың өзінде ұлы ғалым әрі ақын Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін, өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бастайтын байқады. Бұл бақылауының негізінде Хайям сол кезде билік еткен Джалал ад Дин Мәлік Шах ибн Әл-Арслан Селжүктің құрметіне «Мәлік күнтізбесі» деп аталатын жаңа күнтізбе құрастырды. Онда жаңа циклдың басталуы 22 наурызға – көктемгі күн мен түннің теңелетін күніне түседі. Бұл күнтізбе қазір пайдаланып жүрген күнтізбеге қарағанда, әлдеқайда дәлірек болды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл мереке кезінде ислам діні тарапынан қудалауға ұшырап, Кеңес Одағы кезінде атап өтілуге тыйым салынғанына қарамастан, қазақ халқының ең маңызды мерекелерінің бірі болып қалды.
Қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлауға түрткі болған әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов еді. Қазақстанда 1926 жылдан бастап Наурызды тойлауға тыйым салынған болатын. Тек 1988 жылы Мұхтар Шаханов коммунистік партияның Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған еді. Хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич, желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егер сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар сізге басқа көзқараспен қарайтын болады» делінген. Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде берді. Сөйтіп, сол жылдан бастап Қазақстан Наурыз мейрамын қайта тойлай бастады. Аралда бұл мерекені сол жылы атап өтуде үлкен дайындық басталды. Орталық алаңда сән-салтанаты келіскен алғашқы мерекені тойлап өту желісі белгілі композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, сценарист, Арал ауданының құрметті азаматы М.Сыдықовтың сценарийі бойынша қолға алынды. Осылайша бұл мереке аудан тарихында үлкен ауқымда тойланып өткен ең алғаш мереке ретінде тарихта қалды.
2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мереке БҰҰ-мен мойындалды. Қазір Наурыз мейрамы Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Түрікменстанда, Түркияда, Тәжікстанда, Иранда, Әзербайжанда, Албанияда, Ауғанстанда, Ирактың Күрдістанында, Үндістан және Македонияда мемлекеттік мереке болып табылады. Оны Татарстан, Башқұртстан, Қытай және тіпті Жапонияда да «жергілікті деңгейде» атап өтеді. Ал 2010 жылдан бастап Наурыз Грузияда ұлттық мереке болып жарияланды.
Парсы тілінде Наурыз «жаңа күн» деп аударылады. Түркі халықтары, заманауи қазақтардың ата-бабалары Наурыз мейрамында ақ киімдерін киіп, шаштарын қырып, алып тастайтын. Бұл күні тұрғындар бұлақ, бастау, су қоймасы мен құдықтардың бетін ашып, тазартады. Сондай-ақ мейрамда үйде міндетті түрде қымыз, шұбат, сүзбе секілді дәм татитын сүт тағамдары, яғни ақ болу керек. Егер сүт болмаса, ыдыс-аяқты бұлақ суымен толтырып қоятын болған. Олар осы күні Жаңа жылдық дастарқанның сәнін келтіретін міндетті тағам – Наурыз көже дайындайды.
Қасиетті жетілік. Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже. Ол 7 ингредиенттен дайындалады: су, сүрленген немесе кептірілген ет, тұз, май немесе жануар май, жарма, айран. Ал Наурыз көже ішкен адамдарға сәттілік күлімдеп, денсаулығы жақсарып, отбасы қуаныш пен молшылыққа кенеледі делінеді.
Мереке қарсаңында 22 наурыздың түні қазақтар қиял-ғажайып аңыздардағы бейне – Қызыр атаны күтеді. Наурыз қарсаңы Қызыр түні немесе «бата түні» деп аталуы да сондықтан.
Наурыз мейрамы мүмкіндігінше көңілді және шулы етіп атап өтіледі. Мерекеде халық түрлі ойын-сауық ойындарын ұйымдастырып, ат жарыстырып, алтыбақан тепкен.
Наурыз мейрамында халықтық ойындар мен сауықтық кештер ұйымдастырылады. Бұл күні ұлттық-ойындар мен көңiлдi кештер өтеді. Мысалы, қыз қуу, алтыбақан құру, ұлттық билер, көкпар, бәйге және т.б.
Егер Наурыз мейрамында қар жауса, бұл жақсылықтың белгісі. Ерте заманнан бері қыздардың сұлулығын Наурыз мейрамында жауған қармен салыстырған. Ақ, таза, жұмсақ, үлпілдек қар сұлу ханымдардың асқан сұлулығын бейнелейді.
Наурыз айын күнәдан тазару айы, өкпе-ренішті ұмытып өзара татуласу айы дейтін болсақ, бұл мезетте шығыс елдері екі арадағы кез келген соғысты тоқтатқан екен. Осы мереке қарсаңында арқалас елдер арасындағы өзара араздық пен атыс-шабыстың тоқтауын Алладан сұрайық.
Жинақтаған  А. БИСЕНОВ
21 наурыз 2022 ж. 745 0