Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Борышкер алименттен қашпау керек

Борышкер алименттен қашпау керек

Қазақ қоғамында қордаланған әлеуметтік өзекті мәселелер жоқ емес. Мұның барлығы отбасы институтының дұрыс қалыптаспағанынан дейді мамандар. Расында «бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі».  Енді, міне, кесірін қазіргі қоғам тартып келеді. Қазір шыны керек, қоғамда «безбүйрек» деген тіркес анаға да, әкеге де қолданылатын болды. Өзінің қанынан жаралған балаға бас қатырмай, басқаның жетегінде жүргендер жетіп артылады. Мұның барлығы кешеден бүгінге жалғасқан «ажырасу» деген ауыр шешімнің салдарынан орын алып отырған дүниелер. Нәтижесінде қазір жалғызбасты аналар, жетім балалар көбейді. Осындай олқылықтарды орнымен реттеуде борышкерді алимент төлеуге міндеттейтін арнайы заң бар.
Негізі алимент дегеніміз – кәмелет жасқа толмаған балаларды асырап, бағуға төленетін жәрдемақы. Олар ерікті түрде болуы мүмкін, болмаса сот шешімімен мәжбүрлі түрде төленеді. Алайда бұған да бас ауыртып, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын ерлердің саны сиреп барады. Бұл енді отбасындағы ер мен әйелдің ар-ождан мәселесіне қатысты. Бүгінде алимент төлеуге құлықсыз әкелер көп екені жасырын емес. Бір Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 15 мыңнан астам әке алимент төлеуден жалтарады екен. Алматы бойынша да дерек осы шамалас. Ал былтырғы мәлімет бойынша алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелердің баласы алдындағы қарызы 350 млн теңгеден асып кеткен.
Бұл мәселе бойынша ауданға қатысты да өткен жылғы деректерді келтіре кетсек. Есепті мерзімінде қадағалау аумағында статистикалық мәліметтерге сәйкес алимент өндіру санатында балаға қатысты 826 атқару құжаты болып, оның 117 атқару құжаты аяқталып, 709 атқару құжаты қалдықта болып, оның 408 атқару құжаты мерзімдік орындауда, 19 борышкерге іздеу жариялануына байланысты және өндіріп алушының арызы негізінде уақытша тоқтатылған.
Сондай-ақ алимент өндіру санатындағы атқару құжаттарының заңдылығы зерделеніп, нәтижесімен 2 жеке сот орындаушының тәртіптік жауапкершілігі шешіліп, 12 атқару құжаты бойынша өндіріп алушыға 1 559 776 теңге өндірілген.
Аудандық прокуратура мен сот орындаушылардың өндірістеріндегі алимент өндіру санатындағы берешек қарыздары жиналған атқару құжаттары зерделеніп, нәтижесімен алимент өндіруден жалтарып жүрген 35 борышкерге (5 аудандық прокуратурамен әкімшілік іс қозғалған) қатысты әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ өндірістегі проблемалық құжаттар бойынша «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 34-бабының талабына сәйкес берешегі бар 5 борышкердің көлік жүргізу құқығы уақытша тоқтатылған.
Әрине мұның барлығы жауапкершіліктің жоқтығы. Әйтпесе өз баласынан бас тартпаған әке оның болашағына жауапты екенін есінен шығармауы керек. Бұл – әрбір ата-ананың бала алдындағы борышы, қала берді қамқорлығы.
Ақмарал ЖАНЕСЕНОВА,
аудандық прокуратураның аға прокуроры,
22 наурыз 2022 ж. 523 0