Бала денсаулығына жауаптылықты ұмытпайық
Туберкулез қаншама уақыттан бері ең қауіпті жұқпалы аурулардың қатарынан түспей келеді. Емделу жолы бүгінде анықталғанымен, оның жұқпалылығы толастар емес. Әсіресе жас ағзаға, балаларға жұғуы аса қауіпті болып келеді.
Расында балалардың бұл дертті жұқтыруы көп жедел жүреді. Әсіресе көбіне балалардың жұқтыруы бойында ауру белгісі бар адамдармен қарым-қатынасқа түскен жағдай орын алады. Мейлі ол адам сырқатынан айыққан болса да, бірнеше жылдар бойы туберкулездің белгісі адамның бойында болады.
Қазақта "ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген сөз бар. Сондықтан дәрігер ретінде беретін алғашқы кеңесім ауру жұқтырып алудан сақтанудың жолдарын қатаң ұстанған абзал. Ол үшін ең алғашқы қадам – вакцина алу. Жаңа туған балаға 2-3 күн өткен соң сол жақ иықтың жоғарғы бөлігіне БЦЖ вакцинасы егіледі. Ол балаға ешқандай кері әсер бермейді. Керісінше нәрестенің бойында туберкулезге қарсы иммунитет қалыптастырады.
Бірақ бұл толықтай сақтануға мүмкіндік бермейді. Сондықтан балаға 6-7 жас аралығында 1 сыныпқа баратын кезде манту сынамасы қойылып, сынама теріс нәтиже берген жағдайда, БЦЖ ревакцинациясы қайта егіледі.
Тағы да ең маңызды жүргізілетін шаралардың бірі осы ретте жұқпалы түрімен ауыратын ересек науқасты ерте анықтау болып табылады. Бұл ретте "қауіпті топ" бойынша балаларды манту сынамасына жылына бір рет жоспарлап жүргізу, ересектерді жыл сайын флюорографиялық тексеруден өткізу қажет.
Иә, бүлдіршіндердің денсаулығы көбіні ата-анасына тікелей байланысты. Туғаннан бастап баланың денесін таза ұстап, күнделікті шомылдыру, ауа райына байланысты киіндіру, бөлменің ауасын тазартып тұру, спортқа баулып, дұрыс тамақтандыра білсе, ұрпағымыздың дені сау болып өсетінін ұмытпаған абзал. Дәрігердің кеңесіне де құлақ түре жүрген дұрыс. Мәселен қазіргі уақытта Арал ауданаралық ауруханаға қарасты емханаларда фтизиатр дәрігерлердің атқарып жатқан еңбегі оразан зор. Емханалардан бөлек, әр мекемелерде дәрігерлер мен аяжандар кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
Л.Жұмахметова,
фтизопедиатр, жоғары санатты дәрігер