Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жолда қырағылық танытқан абзал

Темір жолда қырағылық танытқан абзал

Еліміздің темір жолдары мен әуе көліктері нысандарында қоғамдық тәртіп пен заңдылықтың сақталуын, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі – көліктегі полиция қызметкерлеріне жүктелген. Міне, осындай қаупі жоғары саналатын темір жол аумақтарында азаматтардың өмiрi мен денсаулығын сақтау мақсатында Сексеуіл стансасы желілік полиция бөлімшесі қызметкерлері «Тоқта, басып кету қаупі бар» акциясын өткізді.

Қызылорда стансасы желілік полиция бөліміне қарасты Сексеуіл стансасы желілік полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлерінің басты міндеті – кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және де балалардың жарақаттануының, қайғылы оқиғаның алдын алу. Темір жол көлігі нысаны аса қауіпті аймақ болып саналғандықтан, темір жол маңында жүргенде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.

Осы бағытта ағымдағы жылғы 14-16 наурыз аралығында «Тоқта, басып кету қаупі бар» акциясы өткізілді. Аталған акция аясында 15 наурызда кенттегі желілік полиция бөлімшесі қызметкерлері №87 орта мектебінде «Жасөспірімдердің темір жолдағы қауіпсіздігі» туралы профилактикалық дәріс өткізді. Оқушылармен кездесу барысында полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің баптарын, темір жолда тек қана белгіленген жерде өту ережелерін, жолда өтер алдында келе жатқан пойыздың жоқтығына нақты көз жеткізу керектігін түсіндірді. Жасөспірімдерге темір жол бойымен жүруге, төбесіне шығуға, вагонның өту алаңдарында жүруге болмайтыны және түнгі уақытта үй-жайдан тыс жерде ата-анасыз жүруге болмайтындығы туралы түсіндірілді және оған қатаң тыйым салынатындығы туралы да ескертіп өтті.
Азаматтардың өз өмірі мен денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауының маңызы зор.Қайғылы оқиға болмасын десек, үйде де, түзде де балаларға қауіпсіздік шараларын түсіндіріп отыру қажет-ақ. Сайып келгенде, әрбір адамның темір жол бойында үнемі қырағылық танытқаны абзал.
А. БЕКНИЯЗОВ,
Сексеуіл стансасы желілік полиция бөлімшесінің бастығы,
полиция майоры
24 наурыз 2022 ж. 680 0