Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пандемия аяқталды ма?

Пандемия аяқталды ма?

Соңғы кезде қауіпсіздік шаралары жеңілдеп, әлемді екі жыл әуреге салған пандемия аяқталғандай әсер қалдырады. Алайда індет жұқтырғандар мен вирустың жаңа штамы туралы хабарлар толастамай тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптада бүкіл әлемде 12 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырғанын хабарлады. Індет негізінен Азия елдерінде таралып жатқаны ай­тылды. Оңтүстік Корея мен Қы­тайда соңғы аптада індет жұқтыр­ғандар саны айтарлықтай өскен. Қытай билігі 30-ға жуық аймақта stealth omicron штамымен сырқаттанушылықтың көрсеткіші өршігені туралы хабарлады. Қы­тайдың ірі қалалары – Шанхай мен Шеньян карантинге жабылып, толық локдаун жарияланды. Соған қарамастан, бүкіл әлемде қауіпсіздік шаралары жеңілдей бастады. Мәселен, Оңтүстік Корея COVID-19 таралуына бай­ланысты тоқтатылған визасыз ре­жімді алып тастады. Қазір 46 елдің азаматы елге кіре алады. Олар 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап қысқа мерзімде визасыз жүр­уге құқылы. Келушілер Оңтүс­тік Кореяда үзіліссіз 60 күн­нен аспайтын мерзімде қала ала­ды. Алайда туризм үшін елге кіруге әлі тыйым салынған: оқуға, емделуге немесе шұғыл гума­ни­тарлық мақсаттарға баруға ғана рұқсат етіледі.

Вирустың жаңа штамы туралы солтүстіктегі көршіміз Ресей дабыл қақты. Коронавирустың жаңа штамы Ресейдің барлық аймағында анықталды жә­не оның таралу аймағы өсіп жат­қаны хабарланды. «Роспотребнад­зордың» мәліметінше, stealth omicron тұрақты артып келеді. Мәселен, Ресейдің орталық бө­лігінде анықталған барлық жаңа жағдайдың жартысынан көбі – «омикронның» осы нұсқасы. Сонымен қатар ғалымдардың айтуынша, індет күрт өспеуі де мүмкін. Өйткені халықтың көп бөлігі вакцина салдырған немесе коронавируспен ауырғаннан кейін иммунитеті қалыптасқан.

Бүкіл әлемде індеттің қайта өрши бастағаны байқалып, Ұлыбритания мен Еуропаның кейбір бөліктерінде ахуал өзгеріп, Қытай мен Гонконгта екі жылдан астам уақыт ішінде індеттің ең жоғары көрсеткіші тіркеліп жатқанда, осыған дейін вирусты аса ауыр өткізген Үндістан секілді елдердің жағдайы не болады деген сұрақтар пайда бола бастады. Мамандар Үндістан індеттің төртінші толқынына дайындалуы керек пе деп алаңдайды. Дегенмен қазір елдегі ахуал тұ­рақты, ал қазір әлем елдерінде та­ралып жатқан «омикрон» штамы Үндістанда қыста өтіп кетке­ні айтылды.

Індет басталғалы қатаң ша­ра­лар қабылдаған елдердің бірі Жаңа Зеландия болды. Елде COVID-19 шектеулерін едәуір жеңілдетуге дайын екендігі айтыла бастады. Премьер-ми­нистр Джакинда Ардерн мұны «ел үшін жаңа бастау» деп атады. Негізгі өзгерістерге сыртта мас­кадан бас тарту және кейбір салаларда жұмысқа орналасу үшін вакцинаға қойылатын талаптарды жеңілдету жатады. Алайда халық ел үкіметінің қатаң шараларына риза емес екенін айтып, көшеге шығып, наразылығын білдірді.

Жақында Қазақстанда да сәуір­ден бастап ғимарат ішінде маска тағу міндетті емес екені ха­барланды. Осылайша, тұрғындар бұрынғы қалыпты өміріне қай­та оралып жатыр. Қоғамдық орын­дарда ірі іс-шаралар да кедергісіз өтіп, Наурыз мейрамы қала орталықтарында кеңінен аталып өткенін айта кету керек.

Жалпы, ДДҰ мәліметі бойын­ша әлем бойынша 476 миллионнан астам адам індет жұқтырған және 6 миллионнан астам адам қайтыс болған. Індет жұқтырғандар саны бір тәулікте 1 608 935-ке, қайтыс болғандар 5 143-ке өскен. Індеттің ең көп расталған жағдайлары АҚШ-та тіркелген – 79 139 385. Одан кейінгі сатыда Үндістан (43 016 372), Бразилия (29 729 991), Франция (23 903 547) және Ұлы­британия (20 613 821) тұр. Өлімге әкелген жағдайлар да АҚШ-та көп болды – 967 905, екінші – Бразилия (657 998), үшінші орында Үндістан (516 755).

Індет толығымен жойылмай, әлем елдері пандемиямен «қош­тасуға» дайын ба? Елдер үкі­меттері қауіпсіздік шараларын жеңіл­деткенімен, адамзат қалып­ты өмірге бірден қайта қоймасы анық. Дегенмен пандемия мен ви­русқа қатысты көзқарас өзгеріп, дайындық артқаны белгілі.

egemen.kz
28 наурыз 2022 ж. 525 0