Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ас ішудің сауабы мен әдебі

Ас ішудің сауабы мен әдебі

Ас-құдайыда көп боламыз. Ондай жерге міндетті түрде мешіттің өкілі келеді. Мен ылғи да имам-молдалардың намаздың уақыты келді деп тамақтан тұрып кететінін байқаймын.
Мұндай жағдайлар ораза кезінде көп кездеседі. Бірде мешітте ауызашарға жиналдық. Ауыз ашып бола бере намаз уақыты деп әуелі мешіт өкілі орнынан тұрды, сосын сыпырылып оған намаз оқып жүрмін дегендер ерді. Сөйтіп, дастархан басындағылардың жартысына жуығы кетіп қалды.
Бұл «біз намаз оқимыз» деген тәкаппарлық сияқты көрінеді десем, оған имам-молдалар өкпелемесін. Қазақ «асты сыйла», «астан аттама» дейді. Тіпті, осыны «ораза-намаз – тоқтықта» деп тоқ еткізіп айтатыны да бар.
Мен қасиетті кітаптардан мынадай бір хадис оқыдым. Оған сілтеме жасамасам да, білімді молдалар сондай хадис бар екенін білсе керек. Оның мағынасы былай:
Бір діндар Пайғамбарымызға: «Мен тек құлшылықпен ғана жүрген адаммын. Азаннан кешке дейін ес-дертім тек Аллада», – дейді марқайып.
Алланың елшісі одан: «Ал, күнкөрісің қалай реттеледі?» – деп сұрайды.
«Күнкөрісім үшін менің інім еңбек етеді, жұмысты сол істеп, нанды сол табады», – дейді ол.
Сонда Пайғамбарымыз: «Сенің құлшылығыңнан ініңнің құлшылығы қайырлырақ екен», – депті.
Шындығында тамақтану турасында дініміз не дейді?
Тамақ, ас ішудің намаздан да берекелі екенін білу керек дейді.  Өйткені, біз тамақ ішкенде «бісміллә» деп бастап, «алхамдулләх» деп аяқтаймыз. 
Тамақ бастар алдында Алла Тағалаға ғибадат ет, Алла Тағаланың дінін, мәңгілік бақыт және тыныштық жолын барлық адамдарға тарату үшін күш-қуат жинауға ниет ет дейді. Тамақтың арасында бір нәрсе үшін, тіпті намаз үшін де дастарханнан тұрып кетпеу керектігін ескертеді.
Осыдан ой қорытарсыз.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

syrboyi.kz
31 наурыз 2022 ж. 354 0