Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көптің ойынан шыққан Жолдау

Көптің ойынан шыққан Жолдау

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында еліміздің өркендеп  дамып, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы үшін елде саяси және экономикалық реформалардың үйлесім табуы қажеттігін айта келе, бұл мақсатқа жетудегі 10 негізгі бастамасын ұсынған болатын. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшіліктің көңілінен шықты деп ойлаймын.
Тарихи құжатта алдымен "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін және Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру үшін Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұрғандығын жеткізді.
Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін, бұл саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей мүмкіндік беретіндігіне тоқталды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керектігін атап айтты. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын  еске салған Мемлекет басшысы  әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керектігін қадап айтты. Бұл біздің партиямыздың өз жұмысына жаңаша көзқараспен, халықпен етене жұмыс істеуге ынталандыратыны сөзсіз. Сонымен қатар азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттар рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін мәслихат төрағасы лауазымын енгізу қажеттігі жөнінде ұсынысын білдірді.
Жолдауда сонымен бірге бірден үш облысты – Ұлытау, Абай және Жетісуды құру туралы шешімі халық қалаған қадам болды. Бұл аймақтарды әлеуметтік-экономикалық да­му­дың жаңа деңгейіне көтеруге мүм­кіндік береді. Жолдауда бүгінгі таңда ең өзекті әрі күрделі мәселелер толық қамтылған. Осы проблемаларды шешу үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетіні де ортаға салынды. Жаңа Қазақстанды құру жолында көрегенділікпен қабылданған бұл шешім көпшіліктің қоғамға деген көзқарасын түбегейлі өзгертетіні шындық.

С. ӨКСІКБАЕВА,
Ұ. Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясының мұғалімі.
05 сәуір 2022 ж. 478 0