Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдау ел үшін қажет те, тиімді бастама болмақ

Жолдау ел үшін қажет те, тиімді бастама болмақ

Кеше Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Саяси жаңғыруға бағытталған бұл құжатты елдің асыға күткені жасырын емес. Президент Тәуелсіздігімізге қауіп төндірген қаңтар оқиғасының жай-жапсарына терең тоқталып, оны ұйымдастырушылар мен кінәлілердің қатаң жазаланатынын тілге тиек етті. Қасым-Жомарт Кемелұлының қиын кезде туған Отанымен бірге болып, қатаң да, батыл шешімдер қабылдағанын, нәтижесінде ел тыныштығы тұрақтанғанын баршамыз жақсы білеміз.

Президенттің бастамасымен бұған дейін де қоғамды демократияландырудың 4 топтамасы жүзеге асырылып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын нақтылап берген болатын. Екі жарым жылдың ішінде оннан астам жаңа заң қабылданды.

Жолдауда Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын ұсынып, бұқараның сұранысы мен қажеттілігін қамтамасыз ететін құжатты қабылдады. Елдің ерекше назарын аударған Жолдау суперпрезиденттік басқару формасынан Президенттік және қуатты парламенттік басқаруға көшу қажеттілігін хабарлаумен өрбіді. Президент толыққанды зерттеліп, зерделеніп ұсынған бұл жүйені басқарудың тиімді балансын қамтамасыз ететінін жеткізді. Осылайша, күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қалыптастырылмақ.

Заманның өзгеруі мен қоғамның ауысуы талап ететін тұста Президенттің бірқатар өкілеттігін шектеуге мүмкіндік беріліп отыр. Қасым-Жомарт Кемелұлы «AMANAT» партиясының төрағалығы мен мүшелігінен кететінін ортаға салып, оны заңмен белгілеу қажеттігін жеткізді. Бұл шешім өз кезегінде барлық партиялардың өзара бәсекелесуіне септігін тигізетіні рас. Сонымен қатар, Есеп комитетінің, Орталық сайлау комиссиясының, Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелерін саяси партиялардың мүшелігінен шеттетілетінін де жариялады. Бұған қоса, әкімдер мен олардың орынбасарларын саяси партиялардың филиалдарын басқарудан босату заңнамамен бекітілетінін атап өтті.

Бұл қоғам тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе екенін де айта кету керек.
Сөзден іске көшуді көздеген Жолдау Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметтерде және квазимемлекеттік секторларда басшылық орындарда болуын шектейтінін көрсетті. Бұл бастама Конституциямызға енгізілетін 30-ға жуық өзгерістің бірі болмақ.
Өкілді билік тармағын қайта құру. Президент ұсынған бұл мәселе Президенттің өкілеттігін кезең-кезеңмен қысқарту арқылы Парламенттің рөлін арттыруды көздейді. Депуттардың жауапкершілік жүгін еселейтін бұл бастама қоғамның қолдауына ие болады деп ойлаймын.
Бұған дейін Президент Сенаттың 15 депутатын тағайындауға құқылы болса, бұл сан 10-ға қысқартылмақ. Оның 5-еуі Ассамблеядан ұсынылатын болады. Осылайша, Ассамблеяның Мәжілістегі өкілдері жойылады. Бұл қажет те, тиімді бастама болмақ.

Президент Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды, оның төрағасы Мәжіліске жылына екі рет есеп беруін ұсынды. Сондай-ақ, жергілікті Мәслихаттардың дербестігін қамтамасыз ету бағытында Мәслихат төрағасы лауазымын енгізу қажеттігін алға тартты. Мәслихаттардың ықпалын күшейтуді ұсынған Мемлекет Басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау тәсіліне өзгерістер керектігін де атап өтті. Алдағы уақытта облыстардың әкімдері лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынылатын болады.
Мемлекет Басшысы өз Жолдауының Сайлау жүйесін жетілдіру, Партиялық жүйені дамыту, Құқық қорғау институттарын күшейту, Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту тармақтарында Президенттік ұсыныстары мен перзенттік ұстанымдарын ортаға салып, «Жаңа Қазақстанды» қалыптастырудың тың тетіктерін айқындады. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін нақты шараларды да назардан тыс қалдырған жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің еңсесін көтерумен қатар рухына да дем берді. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру деп аталатын тарауда көптің көкейіндегі сауалдар мен өтініштер шешімін тапты. Орталығы Семей қаласы болатын Абай облысының құрылуы Тәуелсіздік жылдарындағы Шығыс қазақстандықтардың аңсаған арманына айналған еді.
Сонымен қатар, экономикалық және рухани шешім ретінде орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысын құруды жариялаған Президент сан мыңдаған халықтың шөлін қандырған қадамға жол бастады.
Бұған қоса, Алматы облысын екіге бөлу жолымен орталығы Талдықорған қаласы болатын Алматы және облыс орталығы Қапшағай қаласы болатын Жетісу облыстарының тұсауы кесілетінін жеткізді. Бұл шешімдер қалың қоғамның талабы мен өтінішінен туған тарихи сәтпен пара-пар.
Қасым-Жомарт Кемелұлы авторы болып табылатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылайша жүзеге асырылып, жалпыұлттық бірліктің арқасында жаңарған Қазақстан құрылатынын терең түсінуіміз қажет-ақ. «Азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген Президенттің айналасы теп-тегіс, жұмыр келген тілегі жүрекке жылы тигенін де айта кету керек.
Гүлнар Бабабекқызы ЕСҚАЛИЕВА,
Қызылорда облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі,
Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы 

17 наурыз 2022 ж. 607 0