Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал балықшыларының ерлігі

Арал балықшыларының ерлігі

Теңіз жағасындағы «Тоқпан» аталатын шағын қыстақта туып өстім. Сондағы бас­та­уыш сыныпты бітірдім. Одан әрі туған жерден шалғай қалаларда оқып, дәрігер мамандығын алдым. Қазір – дәрігермін. Ал ата-әкелерім ше? «Тоқпанға» жақын «Қарашоқат» балық қабылдау өндірісін Ресейден келген қара шекпенділер салған. Сөйтіп, олар сол маңдағы Қаратерең, Қас­қа­құлан, Көзжетпес тіпті Қарақалпақ елімен шекарадағы «Ұялы» төңірегінен де балық қабылдаған. Желкенді кемелері болған. Міне, соған менің Бақберген атам және басқалар балық тапсырған.

1917 жылы өкімет басына большевиктер келеді. «Промысл» ұстаған саудагер-байлар бір түнде кетіп бітеді. 1921 жылы В.И.Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хаты біз жаққа да жетеді. Әрине, мен Бақберген атамды көргенім жоқ. Сол атам мен Бидаш әжемнен өрбіген үш ұлы: Ырысалды, Ршымбет, Смағұл – үшеуі де 1941-1945 жылдардағы Отан соғысына, елді қорғауға аттанады. Әуелі Смағұлдан «қара қағаз» келеді. Жеңіске бір күн қалғанда, яғни 1945-тің 8 мамырында Ырысалдының ерлікпен қаза тапқаны мәлім болады. Екі ұлының қайғысынан Бақберген ата дүниеден озады. Ортаншы ұлы Ршымбет қана аяқтан, қолдан, кеудеден жарақат алып, 1946 жылы туған жерге табаны тиеді. Менің әкем осы кісі. Өткен-кеткенді еске алған бір мә­жілісте:
– Он үш жастағы кезім еді, – деп бастады әкей әңгімесін, – Ырысалды аға да, ортаншысы мен де, кіші інім Смағұл да күнде балық аулау пункітіне барамыз. Тұздалған майда балықтарды, айталық, тыран, торта, қылыш және сондайларды істік темірге көзінен тізіп, «вешалкаға» іліп кептіреміз. Бұған азын-аулақ ақша төлейді. Өсе келе зембілмен балық тасуға да қатыстық. Сірә, 1921 жылдың қазан айының орта шамасы-ау, бейтаныс екі аттылы кісі келді. Бірі –қызыл шапкалы орыс. Екіншісі – мөлдір қою қара шашты қазақ. Халықты жинады. В.И.Лениннің балықшыларға жолдаған хатын оқыды. Лениннің есімін сауат ашу мектебінде оқығаннан білетінбіз. Ал хаттың мәнісі – аштыққа ұшыраған елге, бала-шағаға қамқорлық жайы екен. Одан ешкім де қалыс қалмады. Арасында Бақберген әкеміз де бір айлық табысын ортаға салды. Біз болсақ, «Промыслға» жиналған балықты қараша мен желтоқсан айларында шанаға тиеп, «Қамыстыбасқа», ол кезде Темірші делінетін темір жол стансасына жөнелтуге қолғабыс бердік.
Міне, менің көріп-білгенім осы. Ер жетіп балық ауладық. 1942-де соғысқа аттандым. Бір үйдегі үш ұлдан мен ғана оралдым, – деп Ршымбет әкемнің көзінен жас мөлтілдеп, сүлгімен сүртінгені әлі күнге көз алдымда тұр.
Әкем соғыстан «Даңқ» ордені бастаған бірнеше медальмен оралып, балық аулау кәсібіне қайта кірісіп, стахановшы, КСРО балық шаруашылығынын үздігі атанды. Мәскеу көрмесіне де барды. Жергілікті сайлауда әлденеше рет депутаттыққа сайланды. Әкемнің майдангер ретінде «Одақ және рес­публика көлемінде жеңілдікпен жүре алады», деген куәлігін оқушы достарға көрсетіп мақтанушы едім.
«Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің 1967 жылғы 2 ақпан­да­ғы санында «Мұз – паром» деген мақала шықты. Сондағы 22 адамды мұз құрсауынан құтқарған екі балықшының бірі – менің әкем Ршымбет Бақбергенов болатын-ды.
 
Құбыл РШЫМБЕТОВ
 
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті

egemen.kz




08 сәуір 2022 ж. 298 0