Жемқорлықпен күресу – баршаның міндеті
Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес.
Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдіру үстінде. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Сыбайлас жемқорлық – бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған жауымыздың бірі. Ал осы жауға қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. «Қоғам – өмірдің айнасы» дейміз ғой. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Сондықтан да қоғам қарсы болса, жай емес, тегіс қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз.
Осы келеңсіз індеттің үдеп бара жатқаны, ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына үлкен зиянын тигізетіні сөзсіз.
Бұл індет дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Дегенмен де, келешек жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізіп, олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін орындауын саналарына құйып, сыбайлас жемқорлықты жаппай жоюға қоғам болып белсене атсалысуымыз қажет.
Қазақстан – көп ұлтты, болашаққа сенімді қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Алдымызда әлі талай үлкен міндеттер тұр, қаншама сын кезеңдерден өтуге және сапалы нәтижелерге қол жеткізу баршамыздың міндетіміз және азаматтық борышымыз деп білуі қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресе отырып, өмірімізді одан әрі жақсартып, адамгершілік, рухани байлығымызды жоғалтпай, өркениетті ел құруымыз керек. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлесімізді қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық.
Еркегүл ДАБЫЛОВА,
Жіңішкеқұм ауылдық округі әкімі аппаратының
бас маманы