Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастаушы мекеме

Бастаушы мекеме

Кәсіп бастаймын деуші жанға мемлекеттен қолдау бар. Мұны жиі айтып та жүрміз. Өйткені кәсіпкерлік саласын дамыту қай елдің болсын тәжірибесінде көптеп кездеседі. Соңғы жылдары біздің елімізде де осы салаға деген үлкен бетбұрыстың арқасында көптеген жан өз кәсібін бастап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Міне, осы бағытта ауданда «Бір терезе» қағидасы аясында кәсіпкерлерді қолдау орталығы өз дәрежесінде жұмыс жасауда. Кәсіпкерлерді қолдау орталығында ісін жаңа бастаушы, сондай-ақ жұмыс жасап жүрген кәсіпкерлерге кәсіпкерлік негіздерін оқыту, несие алуға сүйемелдеу, тегін сервистік қызметтер көрсетеді.
2021 жылдың 12 айында аудандық кәсіпкерлік палата тарапынан кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға1240 қызмет көрсетілген. 
Сондай-ақ өздеріңізге белгілі, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсын жүргізеді. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде "Бизнес кеңесші" оқыту курсы 2021 жылдан бастап палата тарапынан мүлдем оқытылмайды, ол оқу курстары тоқтатылған. Тек Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқытылды. 2020 жылы елімізде төтенше жағдай енгізілуіне байланысты «Бастау Бизнес» жобасы былтыр да онлайн форматта жүргізілді. Оқыту курсы 5-лекке бөліп, 341 адам оқытылып, тиісті сертификаттарын алды.
Осы «Бастау Бизнес»  оқу курсын аяқтаған аудан жастары, жұмыссыздар, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасы мүшелері аталған бағдарлама аясында мемлекеттік грант конкурсына қатысып, нәтижесінде 2021 жылдың 12 айында 430 азамат 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттарға қол жеткізді (жастар –190, көп балалы атаулы көмек алатындар– 58, жұмыссыздар– 166, мүгедектер– 9, пробация – 6, оралмандар– 1). Жалпы, аудан бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында 177 жоба несиелендірілген. Құны 2 миллиард 84 млн тенге.
Кәсіпкерлер палатасының басты бағытының бірі кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Халықтың, кәсіпкерлердің билік пен құзыретті органдарға сенімділігін арттыру және олармен қарым-қатынасты нығайту мақсатында аудандық кәсіпкерлер палатасы ғимаратынан «Прокурор кабинеті» ашылып, арыз-өтініштердің түсуіне қарай кәсіпкерлерді аудан прокуроры  жеке қабылдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар филиал тарапына 7 кәсіпкерлік нысанынан құқықтарын қорғау және қолданыстағы заңнамаларға түсіндірме беру  жөнінде өтініш және арыздар келіп түсті, олар жан-жақты зерделеніп, тиісті мемлекеттік органдарына жолданып, нәтижесін тапты. Филиал тарапынан жыл бойында 7 сараптама қорытындысы тиісті мемлекеттік органдарына берілді. Сөз соңында айта кетерім, алдағы уақытта палата жаңа бағытта жұмыс жасамақ. Алайда кәсіпкерлердің құқығын қорғау, олардың білімін жетілдіріп, кәсіп бастауына қолдау көрсету мұнымен тоқтап қалмайды. Тек жұмыс барысында, жүзеге асырылатын бағдарламаларда өзгерістер болуы мүмкін. Қалай дегенмен, біз бірлесе жұмыс атқара беретін боламыз.

Н. ЕМБЕРГЕНОВА,
Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының
Арал ауданындағы филиал директоры
12 сәуір 2022 ж. 315 0