Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Желі жөн сілтейтін жол емес

Желі жөн сілтейтін жол емес

Қазір ақпарат ағыны қатты болып тұр. Әсіресе Қазақстанда. Желінің неше түрі бар. Оған шектеу жоқ. Қолыңда смартфон болса болды. Таңдаған желіге тіркелесің де, әп-сәтте әлеміне еніп кетесің. Мұндай мүмкіндіктер алаңының болғаны жақсы әрине. Десе де таяқтың екі ұшы болатыны секілді әлемжелінің де дұрыс қолдана білмегенге зиянды жақтары бар. Соның дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп, балаға бақылау жасау да ата-ана тарапынан тыйылып бара жатқан секілді. Таңнан кешке дейін қара қазан мен сары баланың қамы үшін тынымсыз тер төккен ата-ананың бар үміті балада екенін білеміз. Алайда сол баланы бағып-қағып дұрыс тәрбие беруде бізге телефон таптырмас көмекші болып алды. Қазір бала керегін осы телефоннан табады. Қысқасы, әлемжелінің әлегі сүйкейсалды айта салатын әңгіме болмай тұр.

Осы аптада осыған байланысты ұлттық арнадағы «Ашық алаң» бағдарламасында көптеген мәселер айтылды. Еркіндік ережесіне байланысты айтылған пікірталаста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Сарым:
– Ресейдің интернет құрылымын жасақтаған А.Носик деген қайраткер бар. Сол «Ата-ана жылаған баланың қолына жұбату үшін телефон беріп қоюы оның «мен баланы тәрбиелей алмаймын деп ұрандағаны» дегені, ал баланың есейген соң ғаламтор желісіне кіріп білім іздемей, ойын немесе басқа дүниелер іздегені мектептің капитулациясы» деген екен. Біздің қоғам шын мәнінде осындай көрініс бере бастады. Сондықтан біз заң жүзінде осы мәселелерді реттеуіміз керек. Бәлкім, бала сабақта болатын уақыттарда оның әлеуметтік желілерге кіруін шектеуіміз керек шығар. Мүмкін, күніне бірнеше сағат қана желіде болатындай дүниелер қарастырармыз. Мұны қазіргі таңда әлеуметтік желілердің көшін бастап тұрған «Тик-Ток» компаниясының өзі бастама етіп көтеріп отыр. Олар әлбетте ата-ананың және баланың қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді. Бәлкім, бізге де сондай шешімдер қабылдау керек шығар, дейді.
Расымен қазір жаппай желіге тәуелділік белең алып барады. Қазіргінің жасы да, жасамысы да телефон ұстайды. Ал оның ішінде небір дүниелер бар. Кейбірін ата-ана тұрмақ, жастар да түсінбей жатады. Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды. Ақыр соңы сол желі арқылы да бір бәлеге ұрынып жататын да осы жастар. Бүгінде смартфон жастар тұрмақ оқушылардан да ауыспайтын болды. Сабақта жүрсе де, үйде болса да жанынан телефон қалмайды. Оның не істеп, не қойып жатқаны өзіне ғана аян. Ал оның сыртында тәрбие жайлы айтқан ата-ананың ойы мен ақылы жөніне қалады. Осылай жалғасып жатқан қоңыр тірліктің соңы дауға немесе дуаға ұласып кетуі бек мүмкін.
– Біз оқушы күнімізде кітапханаға көп бардық. Бәлкім, ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі, ғаламтор болмағандықтан ба, кітапхана іші адамға толы болатын. Тіпті керек мәліметтерді табу үшін сағаттап кезек күтіп тұрушы едік. Бір қызығы, сол іште жұмыс істейтін апайлар керек кітабымызды бірден тауып беруші еді. Сонымен уақытымыздың бір бөлігін осы кітапханада өткеріп, жерден жеті қоян тапқандай үйге немесе мектепке оралатынбыз. Бүгінде осы кітап деген құнды дүниемен қауыштыратын ештеңе қалмағандай сезіледі. Кейде сөрелерде өзім оқыған кітаптар көзіме оттай басылады. Ал олар біздің балаларымыз үшін қызық емес. Өйткені қазір керек ақпараттың барлығы мына телефонның ішінде толып тұр. Тіпті қай сұраққа жауап іздесеңіз, соның жауабы шығып тұрады. Мектеп бағдарламаларына сәйкес тапсырмалардың жауаптары әзірленген арнайы бағдарлама да бар екен. Демек біздің балаларымыз тұрмақ, өзіміз де осы желінің жетегінде кетіп барамыз. Мұның ақыры не боларын қайдам? – дейді Ж.Аманова.
Қазір кибербулинг деген шықты. Мұнымен айналысатындардың арғы жағында қандай да бір үлкен топ болуы мүмкін. Ғаламтордың түрлі мүмкіндіктерін пайдаланып, желіге жармасқан жастардың санасын улайтын сұмпайылардың ойлағаны болып та жатады. Өмірде өз орнын таппаған, жастықтың жетегінде жүріп атүсті шешім қабылдай салуға бейім келетін жасөспірімдердің сенімінен шығып, өзгенің қолымен от көсейтін опасыздардың әрекеті қазіргі қоғамда көп кездесіп жатады. Біз алдымен осы кибербуллинг деген ұғымға сипаттама бере кетелік.
Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені  қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды. Сөйтіп айлар мен жылдарға созылған тапсырмалардың соңы жас баланың өмірін гүлдей солдырып, ақыр соңы өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып баруы мүмкін. Мамандар осы жағдайларды ескеріп, дабыл қағып та жатыр. Алайда желінің жетістіктері бізді оған мойын бұрғызуға мұрша бермей жатыр.
Қазіргі әлемдегі саяси және қоғамдық өмірдегі әлеуметтік желілердің рөлін анықтау мақсатында SWOT-талдау жасалды және оның нәтижелері төмендегідей:
Әлеуметтік желілердің жағымды жақтары: компьютерлік сауаттылықтың жоғарылығына байланысты ақпарат алу, алмасу жылдамдығы артады;  халықтың билік органдары блогтарына хабарласуы арқылы кері және өзара байланыс орнатуға жол ашылады; іздестіру жүйелері арқылы кез келген тақырыпта ақпарат алу және пайдалану; тиімді пайдаланған жағдайда білімін толықтыру; сыныптастар мен курстастарын, ескі достарын табу және хабарласу; тек компьютер арқылы ғана емес, ұялы телефондар арқылы да желіге ену; өз мүддеңе сай келетін азаматпен виртуалды тілдесу.
Әлеуметтік желілердің жағымсыз жақтары: бос уақыттың жұмсалуы; оппоненттің манипуляциялық тәсілдеріне мән бермей, алдауына түсу; ақпараттың ақиқаты мен жалғандығын айыра алмау, кез келген ақпараттың ұсынылуы; қоғам құндылықтарына жатпайтын лас сөздерді пайдалану, теріс пиғылды азаматтардың өз мүддесін жүзеге асыру үшін мүмкіндігінің болуы; ақпаратты кез келген тұлғаның өз мүддесі үшін пайдалануы; толықтай электронды бағыныштылық.
Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері: ақпарат алмасуда сурет, бейне, блогтар мен микроблогтар, қауымдастық, чат және т.б. көздер арқылы қажетті мәліметтерді кеңінен пайдалану; өз профиліңді құру және автор туралы мәлімет ұсыну; мүдделері бойынша ортақ виртуалды достармен қатар, өмірдегі достар, туысқандар, әріптестер, сыныптастар мен курстастар бірлестігін құру; халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты блогтар арқылы күшейтеді; кез келген жерде қажетті ақпаратты өз уақытында алу және пайдалану.
Түйін: Қазір бала тәрбиесінде қателік жібермеу маңызды болып тұр. Әйтпесе қазір жіберген қателіктің зардабын енді бір 15-20 жылда тартып қалуымыз бек мүмкін. Әрине ол кезде еркіндік көксеген жастар, жасаған ісіне өкінбейтін өктем оқушылар, қандайда бір топтың жетегінде жүріп, шалыс бастан шикіөкпелер шығады. Сондықтан біз қазірден балаға желі жөн сілтейтін жол емес екендігін ұғындыруымыз керек. Мұндағы айтпағымыз, баланың үзілді-кесілді желіге кіруін тоқтат дегеніміз емес. Оның бос уақытында немен айналысатынына, желідегі белсенділігіне бақылау жасауға, кімдермен сөйлесіп, кімнің парақшасын қарайтынына терең үңіле білу керек. Біз сол арқылы бала тәрбиесінде, оның болашағы жайында сенімді түрде әңгіме айта аламыз.

А. ҚАРАСАЙ
23 сәуір 2022 ж. 670 0