Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушының ораза ұстауы дұрыс па?

Оқушының ораза ұстауы дұрыс па?

Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айының рақым нұрынан әркім де үміт күтеді. Соңғы кездері әлеуметтік желіде мектеп мұғалімдері ораза ұстаған оқушылардың оқу үлгерімі мен денсаулығына қатысты мәселені жиі көтеріп жүр. Құран оқып, құлшылық қылатын қасиетті айдың қадір-қасиетін, Пайғамбарымыздың парасатты өмір жолын, парызы мен сүннетін мектеп оқушысы түсіне ме?
Оқушылардың ораза ұс­тауына қатысты Қазақстан мұсылмандары діни бас­­қар­масы баспасөз бөлімінің меңгерушісі А.Қонарбайұлының Facebook-тегі парақшасында: "Біріншіден, шари­ға­тымыз бойынша балиғат жасына жет­пеген жас ба­ла­ға ораза ұстау – парыз емес. Бұл туралы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай деген: «Үш адамнан қа­­лам көтерілді: айыққанға дейін жын түрткен адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адамнан, балиғатқа толғанға дейін баладан». Біз бұл хадистен балиғатқа толмаған жас балаға құлшылық жасау, оның ішінде ораза ұстау міндет емес екенін түсінеміз. Екіншіден, балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Бұл жағдай кішкентай бүлдіршіннің денсаулығына кері әсер етуі, сонымен қатар оның толыққанды білім алуына кедергі келтіруі мүмкін. Ата-ана­ларға осы мәселеге аса кө­ңіл бөлуге кеңес береміз. Кез келген құл­­шылық, оның ішінде ораза то­­лыққанды білім алуға, тия­нақты жұ­мыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Оразаны себеп етіп, әркімнің өзі­не жүктелген жауапкершілігіне нем­­­­құрайды қарауына болмайды. Өйткені әр адам сауап амалды өзі үшін орындайды. Үшіншіден, ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұс­тау­ға мәжбүрлемеуді сұраймыз»,– делінген.
Ал еліміздегі балалар құқықтары жө­­нін­­дегі уәкіл А.Саин: "Балалардың жет­кі­лікті дәрежеде, жоғары сапада та­­мақтануы керек, сол арқылы бү­кіл қажетті дә­ру­­мен­ді – ақуыз, май, көміртегі, дәру­мен, энергия­ны сіңіруі қажет. Ол бо­йы­ның, ақылының, жалпы, ағзасының сау болып дамуына аса маңызды рөл атқарады" – деп оқушылардың денсаулығы аса маңызды екенін айтқан.
Бұл тұрғыда дәрігер-педиатрТұрсынай Берекетова:
– Психологиялық тұрғыдан сана-сезіміне қоса, физикалық тұрғыда әлі дене мүшелері толық жетіліп болмаған баланың ораза ұстауына дәрігер ретінде қарсымын. Оның үстіне, қазіргі таңда көптеген баланың асқазаны ауырады. Ораза одан сайын оның асқазанына күш түсіруі мүмкін. Дене мүшелері толық өсіп жетілген үлкендердің ораза ұстауына қарсы емеспін. Ал енді  жетіліп келе жатқан баланың организмі ұдайы түрлі дәрумендермен қатар, құнарлы тағамдарды ішіп-жеуді қажет етеді. Оның үстіне бүгінде жас балалардың өзінде түрлі аурулар кездеседі. Сондықтан оразаға ниеттенушілердің 14-15 жастан бастап ораза ұстауын жөн санаймын. Олар ораза ұстаған жағдайда ас қорыту жүйесінің жұмысымен қатар, ішкі мүшелерінің қызметі де бұзылуы ықтимал. Сондықтан егер ата-ананың баласына ораза ұстатуға ниеті болса, алдымен маман-педиатрдың кеңесіне жүгініп, баласының денсаулығы оразаға қаншалықты жарайтынын тексерткені жөн ,– деді.
 Ал мектеп мұғалімі Райкүл Жанысова:
– Оқушылар арасында ораза ұстап жүргендері бар. Байқағаным, ауыз бекіткен балалар сабақта шаршап отырады, ұйқысы қанбаған соң, үйге берілген тапсырмаға немқұрайлы қарап жүргендері де кездеседі. Мектеп жасындағы балалардың алдында тек бір мақсат бар.  Ол – егеменді еліміздің білімді, саналы азаматы болу. Оқушылардың ораза ұстауы білім алуға әсерін тигізбей қоймайды, – деді.
Осы тұрғыда қала тұрғыны Баян есімді ата-ана жеткіншек балалар еліктегіш келетінін айта келе: "Мен оқушылардың ораза ұстағанын дұрыс деп санамаймын. Өсіп келе жатқан жас ағзаға мезгілімен тамақ, уақытылы ұйқы қажет. Ер баланың елге елеулі, қыздардың ибалы болып өсуіне қашанда ата-ана жауапты. Егер бала мектепті ораза кезінде демалып, уақыт өткізетін жер деп ойласа, онда босқа денсаулығын құр­тып, уақытын жоғалтып жүргені деп пайымдаймын»,  – дейді ол.
Ал Исламда балиғат жасына толған балаға ораза ұстауға рұқсат етілген. Қыз балалар 9 жастан бастап, ал ер балалар 12 жастан бастап отыз күн ораза ұстауына болады. Дін өкілдері осы көрсетілген жасқа жетпеген балаларға "ағзаны үйрету үшін ауызды ертерек ашуға, жарты күн бекітуге, оразаға үйрену мақсатында жеңілдіктер жасауға болады" дейді.
Түйін.  Ай бойы ораза тұтып, күндіз аузын ашпауға дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейеді. Десек те, жасөспірімдердің ораза ұстауына қатысты қоғамдағы пікір екіге жарылған. Бірі бес парыздың бірін өтегендері дұрыс десе, келесілері бұғанасы қатпай жатып, мұндай қадамға бару орынсыз деп санайды. Қалай десек те, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында балалардың денсаулығына айрықша мән беріп, ораза ұстауына өте сақтықпен қарағанымыз абзал.

К. МАХСҰТ 
23 сәуір 2022 ж. 1 089 0