Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерте жүктілік – ертеңгі үлкен күдік

Ерте жүктілік – ертеңгі үлкен күдік

Бұрынғы қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамында қызға деген құрмет жоғары болған. Қызын жат пиғыл мен тіл-көзден сақтау мақсатында бұрымына шолпы, тақиясына үкі тағып, бүрмелі көйлек кигізген. Халқымыз қыздың өлшемін – ұлттың өлшемімен өлшегендіктен отбасында қыз бала дүниеге келсе, «қазаншы» келді деп, жақын-жуығынан сүйінші сұраған. Қызға жұмсақ қараумен қатар қаталдық та танытқан. «Қыздың өзі үйде болғанымен, қылығы түзде» деп болашағына бей-жай қарамайтын. Ал қазіргі қазақ қоғамында қыз баланың құндылығы жойылып, қылығы кетіп бара жатқандай. «Ұят боладыны» үйдегі ата-ана айтпай ма, әлде, жас буын дегенінен қайтпа ма, белгісіз.Бүгінде «Махаббат, қызық мол жылдардың» авторы, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «пәк болу үшін сақ болыңдар...» деген сөзін ескеріп жатқандардың қатары аз секілді. Себебі, қазір ерте кезден етегі түріліп, қылығынан айырылып жатқандар көбейді. Ерте жүктілік – қыз арына түскен қара дақ. Жігітке жараспайтын жат қылық. Бұрынырақта қазақ қоғамында оң босағада отырып жүкті болу деген – ұятты іс болып саналатын. Ал қазір арды жоғары қоятын қыздарымыз жоқ жерден қылық шығарып, жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін татып жүр. Зәрі зарға айналып, зар илеп жүргендері де жетерлік. Махаббаттың ­буы­на мас болып, жігіттер жастайынан түрмеге тоғытылып, қыздар опық жеп жатыр. Аяғының ауырлағанын білгеннен соң қыздардың психологиялық зардап шегетіні тағы бар. Тығырыққа тірелген бойжеткен «Тағдырыма жазылғаны осы» деп амалдың жоғынан түсік жасатуға мәжбүр болады. Немесе бала босанып, көкек анаға айналады...Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, не көп қабатты үйлердің кіреберісіне тастап кеткендер туралы хабарлардың жиілеуі де жас ұрпақ пен аға буынның арасындағы бауырмалдылыққа, мейірімге негізделген қатынастың салқындап бара жатқанын білдіреді. Ерте жүктіліктің етек алуына кімді кінәлаймыз? Көше кезген қызды ма, ұл-қызымен дос-құрбысындай сырласуға уақыт бөлмейтін ата-ананы ма, әлде ортаны ма?!

СТАТИСТИКА СӨЙЛЕСІН 
Өткен жылы ресми түрде 7000 мектеп қабырғасында оқитын қыздардың жүкті болу оқиғасы тіркелсе, соның 3500-ге жуығы жасанды түсікке жүгінген. Мұның сыртында «ұятты» алғашқы орынға қойып, елден жасырып қалуға ұмтылатындары қаншама? Ал осы жылдың басынан бері 346 қыз аборт жасатса, оның 10-ы әлі 14 жасқа жетпеген.14 жасқа дейін түсік жасатқан қыздардың үшеуі Қарағанды облысында, екеуі Ақтөбе облысында, қалғандары Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстары мен Шымкент қаласында тұрады. Ал 15-18 жас аралығында абортқа жүгінген жасөспірімдердің 56 оқиғасы Түркістан облысына тиесілі екен. Алматы мен Қарағанды облысында тиісінше 33 оқиға тіркелген.
Ал Шиелі ауданында 2022 жылы кәмелетке толмаған қыздар саны – 1632-ні құраса, оның ішінде 7 қыз жүктілігі бойын­ша есепке тіркелген. Яғни жыл басынан бергі 3 айдағы көрсеткіш осы. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда (2021 ж 3 айда 4 жүкті тіркелсе) 2 есе көбейіп отыр. Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болған қыздар 16-17 жас аралығын құрап отыр.

МӨЛДІРДІҢ ӨКІНІШІ НЕ? 
Соңғы бес жылда аудан көлемінде ерте жүктіліктің дерегі көбейген. Оң босағада отырып, бала босанған қыздардың басым көпшілігі 9 сыныптан коледжге оқуға түскен, немесе 11 сыныпты бірісімен жүкті болып қалған. Солардың бірі – Мөлдір (кейіпкеріміздің аты белгілі себептермен өзгертілді). Ол 2018 жылы 18 жасында, яғни мектеп бітірісімен тұрмысқа шығып, екі айдан кейін бала босанған. Жас жұбайлар 9-сыныптан бастап қыз бен жігіт болып кездесіп, 11-сыныпта қыздың аяғы ауырлаған. Мөлдірдің басындағы бұл жайтты әуелгіде ата-анасы білмеген. Сыныптастары мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талаптанып жатқанда, қыздың жүктілігі байқала бастаған соң, ата-анасы оны тұрмысқа беруге мәжбүр болған.– Мен 2018 жылы сүйген адамымнан жүкті болып қалдым. Бұл ісім үшін қазір қатты өкінемін. Себебі, мені оқытып тәрбиелеген, қолындағы барын берген ата-анамның абыройына нұқсан келтірдім. Оң-солымды дұрыс танымайтын бойжеткен шағымда махаббаттың құрбаны болғаным үшін қазір өзімді кінәлаймын. Қатарластарым секілді білім алып, жоғарғы оқу орнында оқудың орнына, жастайымнан жыныстық қатынасқа түсіп, өмірімді құртып алдым. Қазір өкінгенмен, одан еш пайда жоқ. Бүгінде бар жұбанышым балам. Мен ауылға келін болып түстім. Өздеріңіз білетіндей, ауылдың күйбең тіршілігі бітпейді. Сиыр сауып, мал бағамыз. Әлеуметтік желіден құрдастарымның қалада қыдырып, еркін өмір сүріп жатқандарын көрсем, қатты қызығамын. Сондықтан енді ғана өсіп, бойжетіп келе жатқан сіңілілеріме ешқашан махаббаттың арбауына түсіп қалмаңыздар дегім келеді. Олардың басында менің жағдайымның қайталанғанын қаламаймын, – деді жанары жасқа толған Мөлдір.

МАМАНДАР НЕ АЙТАДЫ? 
Медицинада «ерте жүктілік» деп 13-18 жасқа дейінгі болатын жүктілікті айтады. Яғни бұл мезгілде қыздарда «өтпелі жас» кезеңі басталып, гормондық қайта құрылу процесі жүреді.– Қыз баласы етеккір келген кезінде анасымен гармониялық қарым-қатынаста болмаса, әртүрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Оның ең ауыры жүктілікке дейін жетіп жатады. Ғаламтордан көрген, оқыған түрлі видеолар мен ақпараттар қыздың жыныстық қатынасқа деген қызығушылығын оятатыны анық. Жүктілікке алып келетін себеп көп болғандықтан, оның әрқайсысын индивидуалды түрде қарастырғанымыз жөн. Етеккір келгеннен бастап, қыздардың бала көтеруге физиологиялық мүмкіндігі жететінін айту шарт. Жасөспірім кезіндегі жүктіліктің қаупі көп. Біріншіден, бұл шақта қыздардың мүшесі дұрыс жетілмейді де, өз өміріне қатер төнеді. Дұрыс дамымаған ағзадан дені сау бала өмірге келмейді, – дейді мамандар.
Ал психолог мамандар бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз баласына білім алу, жұмысқа орналасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылатындығын, қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайтындығын айтып отыр.
– Бүгінде біз жоғары ақпараттық технологиялар заманында өмір сүрудеміз деп мақтанамыз. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпақты сауатсыз деп те айтуға болмайды. Өйткені олар осы жаңа технологияларды еркін меңгеріп, түрлі ақпараттармен алмаса алады. Иә, заман өзгергенімен, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз өзгерген жоқ. Адам өмірінде ешқандай қиындық болмайды демейміз. Әр адамның басында қуаныш пен қайғысы қатар жүретіні рас. Ол Алланың сыны деп айтуымызға болады. Алайда осындай қиындықтардан шығудың да түрлі жолдары бар. Көбі сол қиындықтан алып шығатын жолды таппай қатыгездікке, қателікке бой алдырып жатады, – дейді психолог Айгерім Мұхитқызы.

ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН 
Қазақ қоғамында қызға айтар кеңес пен берер тәрбиенің өзі бір ғылым саналған. Ата-бабамыз оны бір ауыз сөзге сыйдырып, «қызға қырық үйден тыйым жасаған. Қыз анаға, ұл әкеге қарап өскен. Әр баланың мінез-құлқы ата-ананың іс-әрекетінен үлгі алу барысында өскен ортасы мен көрген тәрбиесіне байланысты қалыптасады. Ата-ана бала үшін ең бірінші үлгі тұтар адам, өзін көрсететін айнасы саналған. Сол себепті де көп нәрсе отбасылық тәрбиеге байланысты екені сөзсіз. Иә, бүгінде отбасында да, ауданда да үлгілі болып, ұл мен қыз тәрбиелеп, көптің алғысына бөленіп отырған ақ жаулықтылар жоқ емес. Солардың бірі – аудан тұрғыны Күлайша апа.– Менің есімім Күлайша. Шиелі кентінде тұрамын. Төрт ұлдың анасымын. Әкесі екеуміз балаларымды кішкентайынан бас­тап, діни білімге тәрбиелеп өсірдік. Асыл дініміз ұлттық құндылық пен тәрбиеге аса мән беретін болғандықтан, төрт ұлымызды да соған сай етіп өсіріп, жетілдірдік. Бала күнінен қыз баланың құндылық екенін үйретіп, бар білгенімізді саналарына сіңдіруге тырыстық. Қызды жылату – үлкен күнә. Ұлдарым осыны ұғынғандықтан, Аллаға шүкір қыз баласын қатты құрметтеп өсті. Қазіргі таңда мен төрт келіннің енесі, немерелерімнің сүйікті әжесімін. Қыз қылығы – талайды тамсандырып, талайдың жүрегін жаулаған. Қаншама ақынның шабытын оятып, жырына арқау болған. Қыз – қазақтың мақтанышы. Әрбір азамат бір қыз көрсе, оған туған қарындасы мен әпкесіндей, бір ананы көрсе туған анасы мен әжесіндей қараса – қазақ қызы шет елдіктердің аяғына тапталып, кім көрінгеннің жетегінде кетпейді. Халқымыз: «Бағалай білгенге – бақ қонар» дейді. Сондықтан әрбір ер азамат қыз баласын сыйлап, құрметтесе, ешқандай қыз жыламайды, ерте жастан етегі түрілмейді, – дейді Күләйша апа.
– Менің ойымша, мұндай дүниеге үйдегі ата-аналармен қатар мектептегі мұғалімдерге жауапты болуы қажет. Себебі, бала көп уақытын мектепте өткізеді. Сондықтан мұғалімдер балаға көбіргек үгіт-насихат жүргізіп, тренингтер өткізсе деген ұсынысым бар. Бірақ бұл мұғалімдердің кемшілігі деген сөз емес. Ерте жүктілікке көп жағдайда қыздардың да өзі кінәлі болады. Қазақта «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген жақсы сөз бар. Бұл сөз тұп-тура бүгінгі заманның қыздарына қарап айтылғандай. Расында мектеп бітірмей жатып түнімен көше кезген қыздан ертең қандай ана шығады? Біз қыздардың жүкті болып қалуына жігіттерді кінәлауды қоюымыз керек. Қыз үйде тыныш отырса, оған ешқандай жігіт келіп соқтықпайды. Оң жақта отырып, Алла Тағаланың берген қыздық қасиетін сақтай алмағаны қыздардың өз тағдырына да жауапсыз қарағаны. Мұндай жағдай орын алмас үшін қыз анасымен сырлас, дос болуы қажет, – дейді аудан тұрғыны ­Алтынай Омарқызы.
Рас. Қыз – біздің барымыз да нарымыз, қырмызы қызыл гүліміз. Гүлімізді тамырынан ерте солдырмай, бағалай, аялай білейік. Қыз – болашақ ана, сондықтан ес кіргеннен бастап анасы қызына бір әулеттің үлгілі келіні атанатынын санасына сіңіріп, осы тұрғыда әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетінін айтып отыруы керек. Бүгінгі бойжеткен қыз — ертеңгі болашақ ана. Бір отбасының ғана емес, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін маңызды тұлға. Демек бүгінгі қыз-келіншектердің, яғни біздің қолымызда бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр деген сөз. Ибалы да инабатты, тәртіпті де тәрбиелі қыз өсіру арқылы ұлтымыздың болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырғанымызды естен шығармайық. Анасы мен қызы, жеңгесі мен қайын сіңілісі арасындағы ара қатынасты дамытып, үйдегі «қонақ қыздың» айтарына құлақ түріп, жүзіне зер салсақ, «от басқандардың» қатарын азайтармыз, бәлкім...

Сымбат СҰЛТАН

osken-onir.kz
23 сәуір 2022 ж. 1 022 0