Татулыққа үндейтін құрылым
![](/uploads/posts/2022-04/medium/1651228453_777.jpg)
Жалпы, бірліктің, татулықтың жеткізер жетістігі өте көп. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттің дамуын жеделдететін басты құндылықты әрбір ел азаматы дәріптей білуі керек. Мейлі қай деңгейде болмасын, татулықтың, бірліктің биігі бәрінен жоғары тұрады.
Осы орайда мен бірлікке үндейтін тағы бір құрылым жайында сөз етпекпін. Алдымен мынаған назар аударайықшы. Қазақта "отбасы – шағын мемлекет" деген тәмсіл бар. Әр сөзін берер пәтуасына қарап, тереңнен болжай білген дана халқымыздың осы бір ауыз тіркесінің өзі көпті ұқтырады. Расында мемлекеттің басшысы іспетті әр отбасының да ақылшысы, басшысы болады. Табысты отбасы болуы үшін алдымен шаңырақта татулық қажет. Ал ол татулық бұзылса, ынтымағына жік түссе болашақ бұлыңғырланады. Сол шаңырақта тәрбиеленіп жатқан балалардың да санасына әсер етпей қоймайды. Бұл тек бір ғана мысал. Мұндай мысалдарды өмірден көп келтіруге болады. Мәселен, ұжымдастар, достар, туыстар да бүтіндей бір мақсатқа бағытталған кеме секілді емес пе?! Ал мұндағы тыныштық та мемлекеттің бірлігі сияқты аса маңызды. Жанжал, дау мен түсініспеушілік туындай қалса, қиындық та қабаттаса келеді.
Міне, осындай және мұнан өзге де түрлі мәселелерді, нақтырақ дауласушы екі тараптың мәселесін сотқа дейін шешуші орын – медиацияның да елге үлес қосып келе жатқанын айта кеткен жөн болар.
Мемлекетіміз азаматтардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, дауды шешудің баламалы тәсілдерін заңнамалық деңгейде бекітіп, медиация құрылды. Кешелі-бүгінді ойлап табылған емес, тарихи және мәдени түп-тамыры тереңде жатқан медиацияның бүгінгі бағыты да айқын. "Теңіз тамшыдан құралады" дегендей, төрдегі тыныштықты есіктен бастап келеді.
Елдің бірлігі мен тәуелсіздіктің мәңгілік болуы ахуалдың тұрақтылығынан екенін жақсы білеміз. Сондықтан осы жолда барынша еңбек етіп, мемлекетіміз үшін маңызды дүниелерді ешқашан естен шығармаймыз.
Т. Әбдіханиев,
Арал ауданы бойынша кәсіпқой емес медиатор