Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлікке үндеген басылым

Бірлікке үндеген басылым

Қазіргі таңда Украина мен Ресей Федерациясы арасындағы қақтығыс жаһан жұртшылығын алаңдатып отыр. Расында бейбіт халықтың қаза табуы мен әскерилердің шығыны, бейбіт елдің басына түскен қиындық қайғыға, қасіретке толы жағдай қос мемлекеттің де абырой-беделі мен әлемдік сахнадағы рөліне зор әсер етеді. Қашанда басқадан бәсі биік тұратын бейбітшіліктің атына сын. Осындай жағдайларды көргенде қалайша көңіл толқымасын.
Біздің бір қуанатынымыз – қазақ халқының тыныштығы. Елдегі тұрақтылық пен бірлік әркез алғашқы орында тұрады. Мұны күн сайын көз көріп, көңіл сезініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясында:
– Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды, – дей келе, – ескі қақтығыстардың қайта қаулап, әлемнің әр түкпіріндегі жағдайдың ушығуы бұрынғы бөліністердің жігін ашып, жаһандық державаларды толықтай әскери қақтығыс жағдайына жеткізіп, жаңа мәселелер туындатып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. – Осындай күрделі жағдайда Қазақстан инклюзивті және тұрақты даму, жан-жақты диалог пен бейбітшілікті сақтау саясатын ұдайы жүзеге асырып келеді, – деген болатын.
Расында солай. Тәуелсіздігімізге 30 жыл ғана болса да осындай бірлік сүйгіш қасиетімен Қазақстан Республикасы әлем санасатын алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдық. Кешегі жыл басында орын алған елдегі дүрбелең кезінде де халықтар бірлігі айқын көрініс берді. Мұны көзімізбен көрмедік, бірақ ақпарат беттерінен оқып, хабардар болдық. Осы ретте тұрақтылық пен тыныштықты сақтауды мақсат еткен бұқаралық ақпарат құралдарына алғыс айтуға тиіспіз.
Мен қазіргі таңда Сексеуіл кентіндегі ауруханада қызмет жасап келемін. Қазақстан менің – Отаным, ал Арал ауданы – атақонысыма айналып үлгерген. Сондықтан елдегі ақпаратты жеткізіп келе жатқан жергілікті "Толқын" газетінің әр санын оқып, аудандағы ақжолтай жаңалықтардан құлағдар болуға асығып отырамын. Тоқсан жылдан астам тарихы бар газетті асыға күтетін тек мен емес, әрбір кент тұрғыны сүйіп оқитынына күмәнім жоқ. Газеттің ғасырға жуық уақыт халықпен бірге жасасып келе жатқаны да сүйікті оқырмандарының көптігінен дер едім.
Ақпарат айдынында әр оқиғаның ақиқатын айтып, тек хабар тарату жолында ғана емес, елдің бірлігін барынша сақтауға, идеологияның жан жақты жүргізілуіне елеулі үлес қосып келе жатқан редакция қызметкерлеріне Алғысым шексіз.
Сайера Рахметәлиева,
Сексеуіл кентінің тұрғыны
01 наурыз 2022 ж. 556 0