Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бейбіт елдің бақыты – бірлікте

Бейбіт елдің бақыты – бірлікте

1 мамыр – ынтымақ пен бірлік күні. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан қашанда жалықпаған. «Береке бастауы– бірлік, ел іші– тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Ерекшелігі сол, Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір тудың астында бірлікте ғұмыр кешіп жатқанын атап өтеді. Қазақ халқының киелі қара шаңырағында тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды. Татулықтың туын жықпай, ел арасындағы тұтастықты нығайту үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтетін. Бұл «Бірлік» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтардың салтанатты кешіне ұласатын. Үлкен мереке аясындағы дәстүр мен салтқа толы қойылымдар, ерекше көңіл-күй сыйлайтын әр ұлттың ән мен биі барша халықтың мәдениеті мен болмысы ортақ екенін анық аңғартады.
О. ЖОЛДАСОВ

Ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттап келе жатқан мереке қазақ халқын көпшілікке үлгі етіп отыр. Татулық пен тұрақтылықтың феноменіне айналған бірлікті бәрінен биік қойған біздің елде тәуелсіздік алған жылдардың өзінде көк ту астындағы көпшілік ұлттарға деген көңілі кең екендігін анық байқатты. Қай кезден де қиын-қыстау заманның өзінде жақын мен жаттың балаларын өгейсінбей өз бауырына тартқан ұлт үшін бұл қанға сіңген қасиет, ертеден келе жатқан тектіліктің анық үлгісіндей еді. Егемендікке қол жеткізіп, етек-жеңін енді жинаған ел үшін бұл үлкен ерлік еді. Сонымен қатар елдікті сақтауға да көп көмек бола білді. Бір ғана ұлт болып емес, көп ұлтты мемлекетке айналып, солардың бірлігінің, жұмылған күшінің нәтижесінде біз бүгінгі күнге жеттік. Міне, әуелден осы жолды таңдаған Қазақстанда 1995 жылдың наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бұл – ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор құрылым. Ассамблея 365 мүшесі, 471- ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктері 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіріп, біздің ортақ үйіміз – Қазақстанда шынайы достықты қамтамасыз етіп келеді. Иә, өзара түсіністік, ұстамдылық, түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалыптастыруға әсер етті. Біз мұны тәуелсіз еліміздің аз уақыт ішінде қол жеткізген даму динамикасынан көріп келеміз. Әр салада өзіндік жолын сала білген түрлі этнос өкілдерінің ел дамуына қосқан елеулі еңбегін ешкім жоққа шығара алмас. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда еліміздің саяси жүйесінде маңызды тұтқа болып табылады. Барлық этностардың мүддесін ортақ қазақстандық мүддеге айналдыруды, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан барлық азаматтардың құқығы мен еркіндігін сақтауды қамтамасыз ететін қоғамдық институт ретінде толығымен қалыптасты. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған қазіргі мол тәжірибе этносаралық проблемаларды шешудің әлемдік тәжірибесіне енуде. Елдің бірлігі мен ауызбіршілігін алға қойған ел ретінде біртұтастықтың үлгісін көрсетіп, дамудың тұрақты жолында келе жатқан мемлекет ретінде Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жалпы дебатында: – Бүгінде Ұлттар ұйымы ғаламдық даму және өркениеттер сабақтастығын қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарып келеді. Бас хатшы Антониу Гутерриштің әр адам мен мемлекет тағдырын ортақ құндылық деп тауып, назардан тыс қалдырмау идеясын Қазақстан толық қолдайды, – деп нақтылай кетті. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық этностарын біріктіреді. Мен Ассамблеяға және бүкіл Қазақстан халқына осы жылдар ішінде саясатымды қолдағаны және біздің елімізді нығайтқаны үшін өте ризамын. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде жұмысқа белсенді қатысуға, барлық істерде Ассамблеяны қолдауға және оның жұмысын жергілікті жерлерде күшейтуге ниеттімін. Қазақстан халқы Ассамблеясына қоғам өміріне белсенді түрде араласуды әрі қарай жалғастыру маңызды» деген сөзі елдегі бірлік мәңгілік баянды боларына сенім тудырады. Бірліктен береке тапқан егемен еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік, болашағы баянды болсын!
01 мамыр 2020 ж. 2 824 0