Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Президенттің қабылдаған шешімдерін қолдаймыз

Президенттің қабылдаған шешімдерін қолдаймыз

Қымбатшылықтың белең алғанын айтып, көшеге шыққан халықты өзге ағымның жансыздары жетегіне ертіп әкеткені қандай өкінішті. Ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып, өз халқын қырып-жоюға асыққан опасыздардың бұл тірлігі әрине қатаң жазалану керек. Мұндай шешімге келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бүгінде ел ішіндегі жаппай тәртіпсіздікті жоюға нақты пәрмен берді. Мемлекет басшысының ел іргесіне іріткі салған лаңкестерді бұлайша қатаң айыптауы бізді де қуантты. Расында кінәлі жазалануы керек. Сондай ұйымдардың артында тұрған сыртқы күштердің де тамырына балта шабу керек. Ел болып қолға алатын маңызды міндет.
Мемлекет басшысының еліміздің басына қиындық туған сәтте халқына демеу болып, тығырықтан шығуда батыл шешімдер қабылдай білуі біздің ертеңге деген сенімімізді оятты. Ел дүрбелеңге түсіп, елең-алаң шаққа түскен сәтте ат төбеліндей елдің ендігі тағдыры не болмақ деп уайымдағанымыз рас. Бірақ Президент осы сәтте өзінің мықты басшы, білікті саясаткер екенін көрсете білді. Ол өзгеге қол жаймай, өзімізде бар мүмкіндіктерді жүйелі түрде қарастыра білді. Соның арқасында еліміздің егемендігне зиын келмейтін шешім қабылданды. Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-на мүше елдерден әскери көмек сұрады. Бүгінде сол елдерден барлығы 2500-дей әскер елімізге келді. Олар елімізде болып жатқан әскери ұрыстарға қатыспай, мемлекетіміз үшін маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жағдай тұрақталған соң қайта елдеріне жіберілмек.
Иә, ел бірлігіне сызат түсіретін осындай әрекеттердің астарына терең үңіліп, халқының амандығы үшін қандай да бір батыл шешім қабылдай білетін Мемлекет басшысын біз әркез қолдаймыз. Оның жасампаз бастамалары мен елдің көңілінен шығатын шешімдері бізді әркез қанаттандырады.

Алдаберген ЖОЛАНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы
11 қаңтар 2022 ж. 526 0