Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Медиация жария-құқықтық даулар бойынша да тиімділігін көрсетіп келеді

Медиация жария-құқықтық даулар бойынша да тиімділігін көрсетіп келеді

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілгенге дейін жария-құқықтық қатынастардан туындаған даулар бойынша татуластыру рәсімдерін қолдану мүмкіндігі заңда қарастырылмаған болатын. Демек, мұндай тұрғыдағы даулар ортақ бітімге келу жолымен шешілуге жатпайтын.
Даму үдерісінде әр нәрсенің тозығы артта қалып, озығы жалғаса беретіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, дауларды шешудің тиімді құралына айналған татуластыру рәсімдерінің Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көрініс тауып, жария-құқықтық қатынастардан туындаған дау тараптарына дауды келісім арқылы реттеуге берілген мүмкіндік қажеттіліктен туындағанын аңғартса керек.
Олай дейтінім, бұған дейін қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, сондай-ақ азаматтық даулар бойынша татуластыру рәсімдерінің, оның ішінде медиацияның игілігін азаматтар көріп келсе, бүгінде медиация жария-құқықтық даулар бойынша да тиімділігін көрсетіп отыр. Бұған, Арал аудандық сотында бір жұмыс күнінің ішінде медиация тәртібімен аяқталған мына төрт әкімшілік іс дәлел.
Аталмыш істер бойынша талап қоюшылар жауапкерлер Арал ауданы әкімдігіне, Сексеуіл кенті әкімдігіне, мүдделі тұлғалар аудандық жер қатынастар, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мемлекеттік мекемелеріне жер учаскесін табыстаудан бас тарту әрекетін даулаған талап қоюлармен жүгінген.
Соттың белсенді рөлі қағидаты шеңберінде тараптардың құқықтық позициялары бойынша алдын ала пікір білдіру арқылы жүргізілген түсіндіру шараларының нәтижесінде, тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерге келді. Келісімдердің шарттары бойынша жауапкерлер дауларды сотқа дейін шешуге міндеттенсе, талап қоюшылар келісім талаптарын қабылдап, талаптарын қайтаруды сұраған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің 120-бабының 6-тармағына сәйкес, сот ұйғарымдарымен тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдері бекітілді.
Осылайша, ымырамен аяқталған дауда талап қоюшылар өздеріне қолайлы шешімге қол жеткізсе, жауапкерлер жағы даудың әріге бармай, жылдам аяқталуына, оның бейбіт жолмен шешілуіне мүмкіндік алды.

К. Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы

11 мамыр 2022 ж. 365 0