Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – өмір айнасы

Тазалық – өмір айнасы

Бүгінгі күні күн тәртібінен түспейтін басты мәселелердің бірі – тазалық болып отыр. Дана халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық, денсаулық кепілі – тазалық» демекші, көше бойындағы күл-қоқыстардың өзі адам денсаулығына кері әсер ететінін естен шығармағанымыз жөн.
Өзіміз тұратын қаламызды таза ұстау әрбір тұрғынның басты міндеті екендігін білеміз. Сонымен бірге бұл да бір мәдениеттіліктің белгісі. Көше комитеті мен тазалық мекемелері күн сайын көше тазалығын назардан тыс қалдырмай келеді. Тіпті түрлі сенбіліктер ұйымдастырылып, әр азамат тазалыққа аса жауапкершілікпен қарап жүр. Дегенмен тазалық мәселесіне немқұрайлы қарайтын азаматтар қатары әлі де азаяр емес. Тұрмыстық қатты қалдықтарды әр жерге төгіп, табиғаттың көркін қашырып жүргендер де жетерлік. Есік алдындағы арнайы қоқыс жәшігін өртеп, бүкіл көшені түтінге орап жатады. Бұл дегеніміз – адам денсаулығына айтарлықтай пайдасын тигізбес. Сондай-ақ жанып жатқан қоқыс жәшігінен “сарт” етіп атылып жанатын құралдардың өз жолымен кетіп бара жатқан адамға зияны тимесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Тағы бір айта кетерлігі, орталық алаң мен қоғамдық орындарды қоқысқа толтыру мәселесі. Иә, барлығымыз көріп жүргендей, атаулы жерлердің кез келген жерінде арнайы қоқыс жәшігі орнатылған. Бірақ соған қарамай, отырған жеріне ішкен-жеген қоқыстарын тастап кететіндер де жоқ емес. Ескерте кетсек, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, оның ішінде белгіленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау бойынша бейнебақылау камералары арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұл салынады.
Міне, «тазалық табалдырықтан басталады» дегендей, әр адам тазалықты алдымен өзінен бастауы қажет. Үйдегі бүлдіршіндерге де тазалықты сақтау ережесін үйрете жүргеніміз артық етпес. Себебі бала көргенін істейді емес пе?! Сіз тазалықты сақтап, қоқысты арнайы жәшікке тастап жүрсеңіз, үйдегі бала да сол әрекетті қайталайды. Сол үшін тазалық пен тәрбиені алдымен шаңырақ басынан бастағанымыз абзал.

А. ҚАСЫМОВА
17 мамыр 2022 ж. 1 929 0