Тазалық – мәдениет өлшемі

Ауданда қала тазалығы күнделікті жүйелі түрде жүргізіліп жүр. Осыған орай, ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау бойынша бейнебақылау камералары арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынуда және де алдағы уақытта тұрмысқа жарамсыз қоқыс қалдықтарын тастайтын орындарға қосымша бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары жоспарлануда. Сонымен бірге 2022 жылы Арал қаласы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес 26 хаттама толтырылып, 199 995 теңге айыппұл салынған. Жалпы қала бойынша қоқыс тасталатын 10 орын бекітілген. Сондай-ақ Арал қаласындағы тазалық жұмыстарына бақылау жасап, құқық бұзушылықты анықтау мақсатында қала аумағы 8 секторға бөлініп, әр сектордың басшылары мен құрамы бекітілген. Бүгінгі күні Арал қаласының ғана емес, ауыл-аймақтың да тазалығын қамтамасыз етуді аудан әкімі назардан тыс қалдырған емес.
Жапония елінде әрбір тұрғын тазалық мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайды. Ол елде жарамсыз болып қалған қоқыстарды іріктеп, реттеу жұмыстарын жүргізеді. Токио және көптеген ірі қаласында қоқыс контейнерлері пластик, қағаз, темір, әйнек, жанатын, жанбайтын, қайта өңделетін деп бөлініп, іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тән түсті пакеттері болады. Мәселен, көк пакетте әйнек қалдықтары болса, жасыл түстіде пластик қалдықтары болады. Егер тұрғын қоқыс салатын пакеттерді шатастырып алған жағдайда, қомақты айыппұл төлейді екен. Көптеген мемлекеттер қоқысты өртеуге мүлдем тыйым салған. Себебі тұрмыстық қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп, ауаны ластайды. Тұрмыстық қалдықтарды өртеу АҚШ пен Жапонияда ғана рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өңдіреді, ғимараттар тұрғызып, пайдаларына жаратады екен.
Табиғат – бізге берілген үлкен байлықтардың бірі. Оны құртатын да, гүлдендіретін де – өзіміз. Сондықтан да қаламыздың тазалығына немқұрайлы қарамай, үлкен жауапкершілікпен қарап, одан әрі гүлдендірудің жолын іздегеніміз дұрыс-ақ. Тазалық мәселесі жер мен уақытты талғамайды. Қашанда өзекті болып қала береді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сіз бен біз болып қаламызды таза ұстайық. Келешек жас ұрпаққа да осы нәрселерді өнеге етіп, жақсы тәрбие берейік.
А. НҰРЛАНОВА