Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайық

Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайық

Кейде тазалықты табалдырығымыздан бастаған қазақпыз деп ешкімге дес бермейміз. Қазір сол сөзге лайықты болып жүрміз бе? Тұрғындарымыз да осы тазалық мәселесін басты назарға алып, жастарға өнеге көрсетіп жүр ме? Әрине, тазалық мезгіл талғамайды. Бұл қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Қазір әлемде түрлі технологиялар уақыт ағымына қарай сағат санап дамып келеді. Сонымен бірге қала мен дала тазалығын да ескергеніміз жөн. 
“Тазалық – саулық негізі” демекші, денсаулығымызды сақтау үшін, ең алдымен қоршаған ортаны таза ұстауымыз қажет. Қазір жер бетінде экологиялық дағдарыс басым, кей қалалар осының салдарынан жоқ болып кетіп жатыр. Әрине, бұның барлығы тонналап қоқыс тастау мен пайдаланылған газдардың әсерінен болады. Соның бірі – атмосфералық ауаның бұзылуы, яғни автокөліктерден. Қала тұрғындарының көптігіне сай, жеңіл көліктер де баршылық. Бұл көліктердің барлығы да жаңа маркалы емес, ескілері де бар. Көліктерден шығатын түтіннің құрамында 200 түрлі химиялық улы заттар болады. Сол үшін өзіміздің денсаулығымыз бен тазалығымызды ойлап, көбірек жаяу жүруді әдетке айналдырғанымыз дұрыс. Түрлі өндіріс орындарының өзі ауаны ластап жатқаны барлығымызға белгілі.
Бұрындары "ат аунаған жерінде түк қалады" деген мақал, бүгінде адам жүрген жерінде зат қаладыға айналғандай. Орталық алаңда немесе қоғамдық орындарда жастарымыз ішіп-жеген қалдықтарын оп-оңай тастай салады. Бұл жағдайды өзіміз де көріп-біліп жүргеніміз рас. Кей адамдар тіпті, қымбат көліктерімен бос орындарға бей-берекет қоқыс қалдықтарын тастап, ертеңіне тазалық басшылығынан көріп отырады. Өздерді лақтырған қоқыстарды суретке түсіріп, түрлі әлеуметтік желілерге салатындары тағы бар. Сол үшін артымыздан ерген өскелең ұрпаққа қоғамды таза ұстауды үйреткеніміз абзал.
Қазіргі таңда әлемдегі ең таза қалалар тізімінде Австрияның Вена қаласы көш бастап тұр.  Бұл қалада саябақтар мен қоғамдық көлік түрлері жетіп жатыр. Бірақ қала тұрғындары жеке көлікпен жүруден бас тартқан екен. Сонымен бірге Жапонияда мектеп табалдырығынан бастап балаларды тазалық сақтауға үйретіп, қоршаған ортаны аялауға баулиды. Барлығымыз білетіндей, Жапония жер аумағы бойынша шағын ел. Егер тазалықты сақтамаған адамға міндетті түрде ескерту айтылып отырады. Жапония елінде көшелерде тұрған қоқыс тастайтын жәшіктер мүлдем жоқ. Барлық қоқысты жергілікті тұрғындар сорттары бойынша төрт түрге — шыны, жанатын, қайта өңдеуге жарайтын, жанбайтындары деп бөліп, арнайы ыдыстарына салады.
Көріп тұрғанымыздай, басқа елдерде тазалық бойынша ең алдымен халықтың үлесі басым. Біздің өңірімізде экологиялық қала қатарына кіргенімен, тұрғындарымыз жерді көгалдандырып, тазартар болса, бұл  апатты да жеңіп шығар едік. Аудан әкімі де көше тазалығын басты назарда ұстайды. Қаламызда 200-ден астам көше бар. Сондай-ақ әр көше бойындағы үйлерге қоқыс жәшігі орнатылған. Үйіміздегі қажет емес қоқыс қалдықтарын арнайы жәшікке салып, қоқыс жәшігін де уақытылы тапсырыспен тазартып тұрғанымыз жөн. Қаланы таза ұстауға үндейтін тақтайшалар да баршылық. Қоғамдық жұмыстарда да көше тазалығын сақтайтын аға-әпкелеріміз белсенді жұмыстар атқарып жүр. Көріп отырғанымыздай, қала тазалығы – тұрғындардың қолында. Тазалықты қолға алып, жастарға да өнеге ретінде көрсетейік.
Айсәуле НҰРЛАНОВА
21 қыркүйек 2021 ж. 587 0