Қайырымдылық мамандық таңдамайды
Бүгінде спорт жаһандық деңгейдегі құбылысқа айналды десек те болады. Өз сүйікті командалары үшін ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер тіпті жағаласуға дейін барып жататын жағдайларды көріп жатамыз. Тіпті сүйікті клубы мен ел құрамалары жеңіліс тапқан жағдайда қан қысымының көтеріліп, арысы сол қысымнан қайтыс болғандар да кездескені жасырын емес. Сондай-ақ спорт сүйер қауымның сүйіктісіне айналған ерекше қабілетті спортшылармен жүздесіп, олардан қолтаңба алу үшін түрлі тәуекелге бас тігіп, айыппұл арқалағандар қаншама. Бүгінгі біз сол танымал ойыншылардың спорттан бөлек те әлемді сүйсіндірген әрекеттері жайлы аз ғана сөз етпекпіз.
Бүгінгі таңда ала доп шеберлері арасында Роналду мен Месси, шайбалы хоккейден Коннор Макдэвид пен Александр Овечкин, сондай-ақ Конело мен Головкин, желаяқ Болт секілді табысты ойыншылар әркез қайырымдылық акцияларын өткізіп, жанкүйерлерін қуантудан жалыққан емес. Бірі қарақұрлыққа доп қуалаған балақайларды шаттыққа бөлесе, енді бірінің ауған асып жүрген бейнебаяндары таралып жатыр. Бірақ жариялылыққа аса қызықпайтын танымал футболшылардың мұндай әрекеттері көпшілікке беймәлім қалып келеді. Соның ішінде Ислам дінін ұстанған футболшылар қайырымдылығын жариялағысы келмейтінін айтып жүр.
Ай сайынғы жалақысын бас пайдасына емес, елге көмек үшін арнаған, жалпы қайырымдылық жасаудың үздігі ретінде танылған футболшы, қазіргі уақытта футбол бапкері – Зинедин ЗИДАН.
Зинедин Язид Зидан 1972 жылы 23 маусымда Францияның Марсель қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі кәбил ұлтының өкілі. Әкесі Исмаил мен анасы Маликаның сүт кенжесі. Ләйлә, Жамил, Фариддин, Нұраддин атты әпке-ағаларының ортасында ерке болып өскен Язид бала күнінен спорт дейтін сиқырлы өнерді жанына серік етеді. Тек футбол емес, дзюдоға қатысып, жасыл белбеу тағынған ол велосипед, скейтборд тепкенді ұнататын. Ең бастысы, футболшы боламын деп армандап, доп додасы десе ішкен асын жерге қоятын. Бірақ бүгінгімен салыстыруға келмейтін жағдайда жөні түзу доп та табылмай, екі тасты қақпа, пластикалық бөтелкені доп қылып тепті.
Зизу 9 жасында «АС Фореста» командасында капитан болып, ауданының намысын қорғады. Ала допты ұршықша иірген футболшы небәрі 14 жасында «Канн» клубындағы жаттықтырушылардың көзіне түсіп, жастар құрамасына ілігеді. Күнделікті жаттығып, еңбектеніп, үш жылдың ішінде-ақ дүйім жұртты ерекше талантымен таңғалдырған тарлан аталмыш клубтың ересектер құрамасына ауысады. Кейіннен Францияның «Бордо» командасында, Италияның «Ювентус» және «Реал Мадрид» клубында өнер көрсетіп, жыл үздігіне баланып "Алтын доп" иеленген.
Зидан ұлттық құрама сапында да 108 ойында 31 гол соғып, Еуропа және Әлем чемпионы болған. Міне, қиын жағдайдан шығып әлем мойындатқандықтан болар, қазір қолдау білдіріп, қайырымдылыққа жаны құмар Зидан жайлы көп айтуға болады. Ол тағдыры талқыға түскен жандарға қолда барын бөліп, аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырады. Тапқан-таянғанын жарлы-жақыбайға көмек ретінде аударады. Онымен қоса достарын шақырып, қайырымдылық футболын ұйымдастырады. Кездесуге жиналған қаржыны тұрмысы төмен отбасыларға, Африкадағы аштықтан зардап шеккен жандарға береді. Туған қаласындағы жас футболшыларға қамқорлық танытып, олардың қаржылық жағдайының барлығын өзі көтереді. Осы секілді елдегі жетім-жесірлерді қолдау үшін де түрлі балалар үйіне қыруар қаржы бөлген. Алжирдегі балалар емханасына көмектескен. Ең кереметі, Рамазан айында Францияның түкпір-түкпірінде кедей мұсылмандар үшін ауызашар өткізеді.
Жоқшылықты сезініп өскен тағы бір бүгінгі футболдың жарық жұлдызы ағылшындық «Ливерпуль" футбол клубының әрі Сенегал құрамасының шабуылшысы – Садио Мане. Ол өз қалтасынан шығарған қаражатқа туған жері Бамбалиде мектеп тұрғызып, балалардың білім алуына көп көмек жасаған. Садионың жаһанды сүйсіндірген бұл бір ғана әрекеті. Бұдан бөлек, ол қаржысын құйған жобалардың арасында жерлестері үшін емхана мен мешітті бөліп айтуға болады.
Дайындаған Оңталап ЖОЛДАСОВ