Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Суға түсу маусымы кезіндегі қауіпсіздік

Суға түсу маусымы кезіндегі қауіпсіздік

Жаз мезгілінің алғашқы күнінен бастап-ақ еліміздің барлық өңірінде суға түсу маусымы басталады. Иә, 1 маусымнан бастап жағажайда адам толастамайтыны анық. Аптап ыстықтан қашып немесе демалу үшін суға түсетін азаматтар саны артқан сайын, құтқарушылар да тынымсыз жұмыс істейді. Өйткені жағажайларда суға шомылушылар арасында суға кетіп, абайсызда ажал құшқатындар баршылық. Суға түсу маусымы басталғанға дейін төтенше жағдайлар саласының мамандары аудан тұрғындарына қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігі жөнінде насихаттауды қолға алды.
Өткен аптада аудан әкімдігі ғимаратында жазғы демалыс маусымындағы тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты жиналыс өтті. Атаулы жиынға қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жауапты мекеме басшылары қатысты. Жазғы кезеңдегі су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жайында Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Д.Нұрбекұлы баяндама жасады:
–Аудан көлемінде су айдындарында жыл сайын азаматтар әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырап жатады. Оның ішінде суға түсу маусымындағы балалар мен жасөспірімдердің суға кетуі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Төтенше жағдайлар бөлімі мен №3 өрт сөндіру бөлімі, Қамбаш станциясындағы құтқару жасақ бөлімі суға түсу қауіпсіздігін алдын алу мақсатында белсенді түрде шаралар жүргізуде. Соған қарамастан, 2021 жылы 6 жағдай тіркеліп, 9 адам қаза тапты. Азаматтардың мұндай жағдайға ұшырауының басты себебі – балық аулау кезінде, суға түсу ережесін сақтамай спирттік ішімдік ішіп шомылуы және белгіленбеген орындарда суға түсуі қайғылы жағдайға әкеледі. Біз аптасына 3 мәрте су айдындарындағы қауіпсіздікке байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Балалардың жазғы демалысқа шығуына орай тұрғындарға ескерту шаралары күшейтілді, – деді.
Сонымен бірге Арал ауданы бойынша білім бөлімінің бас маманы Ғ.Сейітова «Қамбаш» жазғы тынығу лагері ғимаратының жанындағы көл жағалауына балалардың суға түсу уақытындағы қауіпсіздігін қадағалау шараларының қабылданғандығын айтты. Сондай-ақ балалардың суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауы бойынша ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін жеткізді. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары жазғы демалыс уақытында балалардың уақытын бос өткізбеу үшін арнайы мәдени-спорттық шараларға тартуымыз керектігіне тоқтала отырып, жауапты бөлім басшыларына танымдық іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырды.
Суға түсу маусымындағы түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу, су айдындарына жақын орналасқан елді-мекендердің тұрғындарына, мекемелерге үнпарақтар таратылуы, апта сайын адам көп жиналатын орындарда дыбыс ұлғайтқыш құрылғылар арқылы судағы қауіпсіздік туралы шаралар қолданылуы қажеттігі тапсырылды.
"Толқын" ақпарат
07 маусым 2022 ж. 716 0