Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке клиникалардың «крышасы» кім?

Жеке клиникалардың «крышасы» кім?

Бүгінде білім мен денсаулық саласында жеке нысандардан аяқ алып жүре алмайсыз. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы жеке клиникалар көбейіп кеткені жасырын емес. Емханалар сырқатыңызға қарай қан сараптамасын, немесе басқа да зерттеулер жасату үшін арнайы жолдамамен өздері келісімге отырған жеке клиникаларға жібереді.
Дұрыс-ақ делік. Бірақ сол жеке нысандардағы қызмет сапасын, олардағы мамандардың біліктілігін, тіпті, орналасқан ғимаратының талапқа сай, сай еместігін бақылап жатқан біреу бар ма? Ай қайдам?! Қазір бір УЗИ аппаратын, немесе сұранысқа ие бір құрылғыны сатып ала салып, атын дардайғып қойып, клиника аша салу оңай шаруаға айналғандай. Әлгі қаптаған клиникасымақтар соның көрінісі деп ойлаймын.
Өзім куә болған бір жайды айтайын. Үлкен балам «черепной давлениемін» диспансерлік есепте тұратын. Жыл сайын күндізгі стационарда қажетті ем-дом аламыз. Ал оған дейінгі қан сараптамасын даярлау, басын арнайы құрылғыға түсіру деген машақаты бар. Әсіресе, басын арнайы құрылғыға түсіру үшін жоғарыда айтқанымдай, жеке клиникаға жүгінеміз. Бұрын аты белгілі, көпшілік мақтайтын клиникаға барушы едік, онда да ақылы негізде. Биыл емхана жолдама беріп, басқа бір жеке клиникаға жіберді. Тегін болғасын мейлі дедім. Атын бұрын соңды естімегендіктен, әлгілердің байланыс нөміріне хабарласып, мекен-жайын сұрадым. Содан бір қыз түсіндірді. Е, жарайды деп қоя салдым. Белгіленген күні әлгі клиниканы іздеп жолға шықтық. Құдай-ау, айтқан ескерткішінен өтіп, жаяулатып жүріп келем, жүріп келем. Болмаған соң қоңырау шалдым. Сөйтсем, бастапқыда сілтегені басқа, қазір айтып тұрған жері басқа. Сұрастырып жүріп таптым ау, әйтеуір.
Шеткі аймақта орналасқан екі қабатты коттедж екен. Әу баста балабақшаға ыңғайланғаны байқалып тұр. Кейін балабақшадан пайда аз боларын біліп, кәсіпкерге жалға берілгенге, не меншік иесі өзі ашқанға ұқсайды. Осылайша қаланың ана шетінен екінші бір шетіне барғанымыз бар. Бірінші қабаты екен клиникамыз. Тап-тар жерде келуші де көп. Бір бөлмеде науқас қабылдап жатыр. Екінші бір кеңдеу бөлмесінде бес-алты кереует қойып қойыпты. Маңдайшасынан «күндізгі стационар» деген жазуды оқыдым. Тап-тар бөлмелердің ауасы да тар болатыны белгілі. Оның үстіне ондағы мамандардың біліктілігіне де күмән көп. Бұл бір ғана мысал.
Қайбір жылдары аяғы ауыр келіншектерді УЗИ-ге түсу үшін жеке бір клиникаға жіберіп, ол жерде де қызмет сапасы мен ғимараттың ыңғайсыздығына шағымданған жұрт әжептәуір у-шу болғаны бар-ды. Осындайда халықтың МӘМС-ке төлеп жатқан ақшасы әлдекімдердің қалтасын қампайтып, қолынан келіп, қонышынан басқандарды байытуға жұмсалып отыр ма деп ойлайсыз. Сол жеке клиника иелері, оларға рұқсат беріп, ақша бөлетіндер халықтың саулығын сақтауға қызмет етіп отырғандарын, денсаулық саласында кеткен қателіктің өтеуі тым қымбатқа түсерін ойлай ма екен, әлде бүгінгі наным күйсе, ертең тағы пісіремін дейтіндей наубайхана аштым деп түсіне ме?!
Жалпы, жеке клиникалардың «крышасы» кім?
Айнұр БАТТАЛОВА.

syrboyi.kz
08 маусым 2022 ж. 365 0