Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке емханалар МӘМС есебінен қызмет көрсете ме?

Жеке емханалар МӘМС есебінен қызмет көрсете ме?

Қызылорда облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қызмет көрсететін жеке медициналық ұйымдар саны артып келеді. Медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз туры барысында журналистер «Арад-Ри» және «Ақсәуле-Мед» клиникаларының жұмысымен танысты.
Бірінші аялдаған нысан — «Арад-Ри» клиникасы. Пациенттер мұнда күндізгі стационарда ем қабылдап, консультивті-диагностикалық, оның ішінде УЗИ қызметін пайдалана алады. Клиника дәрігері Ақмарал Нұғманованың айтуынша, егер күндізгі стационарда сақтандырылмаған пациент ем алса, он күндік курс үшін қалтасынан 140 мың теңге шамасында қаржы шығаруына тура келеді. Сақтандырылған болса, бұл шығын медициналық сақтандыру есебінен жабылады. Әңгіме клиника ұсынатын басқа да медициналық қызмет түрлеріне қатысты. Биыл қор филиалы есебінен күндізгі стационарға 19 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. 5 айда 82 адам ем-дом қабылдады. Пациенттер шағымы көбіне қан айналымы мен омыртқа жүйесінің ауруларына байланысты.
Келесі нысан – «Ақсәуле-Мед» клиникасы. Мұнда сақтандырылған азаматтар күндізгі, тәулік бойғы стационарларда емделе, сондай-ақ медициналық оңалтудан өте алады. Клиникада озық медициналық жабдықтар орнатылған. Ол инсульт алған, ЛЦП диагнозы қойылған немесе жарақат алғаннан кейін қимыл-қозғалысында ақау пайда болған азаматтар үшін үлкен көмекші. Кинезиолог, ЛФК-нұсқаушы Жанат Бекмұрзаеваның сөзінше, мұнда сонымен қатар «Экзарта» сияқты теңдессіз аппараттар мен артроматта бар. Олардың ықпалымен оңалту қимыл-қозғалысы бұзылған жандарға жақсы әсер етті. Қор филиалы есебінен күндізгі стационар қызметі үшін 15 млн, тәуліктік стационар клиникасы үшін 43 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Күндізгі және тәуліктік стационарлардағы медициналық оңалту қызметін қор 2 8834,2 мың теңгеге қаржыландырды. Жыл басынан бері барлығы 203 адам емделді.

Баспасөз турының қорытындысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов азаматтар өз денсаулығына жауапты болуы және медициналық сақтандыру үшін тұрақты түрде жарна аударып тұруы керектігін жеткізді. Айта кетейік, Қызылорда облысында 141 мыңнан астам адам сақтандырылмаған. Оның 41 мыңдайы – жұмыс істейтіндер, алайда жұмыс берушілер әлдебір себеппен міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлемейді.
Еске салайық, 2021 жылы қор филиалы аймақтағы 60 медициналық ұйыммен келісімшарт жасасты. Оның 30-ы – мемлекеттік, 30-ы – жеке. ТМККК пакеті шеңберінде 51,2 млрд теңгеге келісім жасалды. Оның 5,3 млрд теңге – 30 жеке медициналық ұйымға тиесілі. МӘМС пакеті аясындағы жалпы келісім сомасы – 26,3 млрд. теңге. Оның 2,9 млрд. жеке клиникалар үлесінде.

syrboyi.kz
24 маусым 2021 ж. 421 0