Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дана Нұржігіт әйелдердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Дана Нұржігіт әйелдердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа төмендетуді ұсынып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
Соңғы кездері Үкімет пен БАҚ-та зейнетақы мәселесі жиі көтеріліп жүр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз дегеніміз рас болса, ендігі жерде бұл мәселені жылы жауып, қарап отырғанымыз дұрыс болмайды, - деп айтып, депутат оның негізгі себептеріне тоқталып өтті.

Айтуынша, 2019 жылы Мемлекет басшысы Жолдауында зейнетақы мәселесіне ерекше тоқталып, ел көңілінен шыққан шешім қабылдады. Яғни зейнетақы жинақтарының бір бөлігін белгілі бір мақсаттарға жұмсауға мүмкіндік алды.

БҰҰ болжамдарына негізделген 2015 жылғы зейнетақы реформасы 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жас. Әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді. Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз, - деді Дана Нұржігіт Сенатта.

Депутаттың сөзіне қарағанда, соңғы кездері Үкімет зейнетақы саласына назар аударып, ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын қайта қарауды қолға алып жатыр.

Әйелдердің зейнетке шығу жастарын өзгерту туралы өтініштерін ысырып қоюға менің арым шыдамайды. Сол өтініштерге сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасын «58» деп бекітіп, ал егер әйел әрі қарай жұмыс істемін десе, өз құқы, өз еркі деп қарастыруыңызды сұраймын, - деп айтты сенатор.

Сенатордың айтуына қарағанда, қазір Қазақстанда 453,1 мыңға жуық жұмыссыз бар. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы 9 262 адам жұмыс іздеп жүр және оларға жыл сайынғы жоғары оқу орындарының түлектері қосылады. Олар да әрдайым уақытылы жұмыс таба алмайды.

baq.kz
09 маусым 2022 ж. 790 0