Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруының алдын алу шаралары

Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау ауруының алдын алу шаралары

Арал ауданы тұрғындары арасында 2022 жылдың алғашқы бес айында   жедел респираторлық вирусты жұқпалардың  575 жағдайы тіркеліп, оның 299-ы 14 жасқа дейінгі балалар үлесінде болса, 34 жағдайы жасөспірімдер арасында тіркелген. 2021 жылдың осы мерзімінде жедел респираторлы вирусты жұқпасымен 148 науқас тіркеліп, оның 110-ы жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар,жасөспірімдер  арасында жұқпа тіркелген жоқ. Аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 427  жағдайға, яғни 3,9 есеге, балалар арасында  189 жағдайға, яғни 2,7 есеге  өсіп, ауданда эпидемиологиялық ахуал «тұрақсыз» деп бағаланды. 2021-2022 жылдардың осы мерзімінде  тұмау жұқпасы тіркелмеді. Эпидемиологиялық маусым кезеңінде дәрігер көрсетілімімен тұмау ауруына күдікті 9 науқастан вирусологиялық зертханаға  сынама алынып, зерттелді, нәтижесінде ауру қоздырғышы табылған жоқ.
Жедел респираторлық вирусты жұқпалар мен тұмау жұқпасы –тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанда да жұқпалы аурулардың ішінде, ең алдыңғы орында тұрған, әлеуметтік маңызы бар аурулар қатарына жатады. Статистикалық деректер бойынша, еліміздеэпидемиологиялық кезеңде жедел респираторлық вирусты жұқпалар  және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады. Ауру көрсеткіші ересектер  арасында  40 пайызды құраса, балалар арасындағы көрсеткіш 60 пайызға жеткен.
Жұқпаның тіркелу және таралу  жағдайы әсіресе, жылдың салқын мезгіліне,оның ішінде қысқы айларға тән.Қыс мезгілінде тұмауратқан кісілердің саны артады. Вирустар ауадағы белсенділігін төрт сағатқа дейін сақтайды. Олар төмен температураны «жақсы көреді» – плюс 4°С-ге жуық температура (тұрмыстық тоңазытқыштағы жағдай) оңтайлы болып табылады. Яғни осы температура кезінде вирус ұзақ сақталады. Сілекей мен қақырық тамшыларында болатын тұмау вирусы, осы тамшылар төсек-орында, жұмыс үстелінде және тағы басқа жайларда кепкен соң және оларға сіңгеннен кейін екі аптаға жуық, ал бөлме шаңында бес аптаға дейін белсенділігін сақтайды.
Тұмау жұқпасының таратушы көзі-науқас адам. Тұмау вирустары адамның тыныс жолдарында, мұрын қуысында, өңешінде өсіп-өніп көбейеді. Қоздырғыштар ауа арқылы тез  тарайды, науқас адамнан сау адамға  жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде , сонымен қатар науқас адамның  пайдаланған заттары  (ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы, есік тұтқасы және  т.б.) арқылы жұғады.
Аурудың жасырын кезеңі  өте қысқа. Вирус ағзаға түскен кезден бастап, бірнеше сағатта аурудың алғашқы  белгілері біліне бастайды,инкубациялық кезең  екі-үш күнге созылады.  Тұмау басталғаннан кейін 3-4  тәулік ішінде  аса қауіпті  әрі  жұқпалы болады. Сондықтан ауырған адамның үйде оқшауланып, жатып  емделгені, не дәрігерді үйге шақырғаны дұрыс.       
Тұмаудың негізгі белгілері : ауру шұғыл басталады, дене қызуы 39 градусқа және одан да жоғары көтеріледі, дене түршігіп, бас және бұлшық еттер ауырады, мұрны бітеліп, тамағы жыбырлайды, жалпы әлсіздік, көзі жасаурап, қызарады,тамаққа тәбеті болмайды. Тұмау ауруының  қауіптілігі сонда, тұмаудан кейін қайталап ауырып, әртүрлі күрделі асқынуларға жалғасып, оның жедел және созылмалы түріне өтуі мүмкін. Бірінші кезекте жүрек-қан тамырлары  мен тыныс алу жолдары ағзаларының ауруларын туғызады, қызметін қиындатады. Бұл көп ретте  науқастардың төсек тартып жатып қалуына, еңбектен қол үзуіне  әкеліп соқтырады. 2 жасқа дейінгі балаларда, созылмалы аурулары бар және жасы үлкен адамдарда тұмау ауыр түрде өтеді. Сондай-ақ, ерекше қауіптілік тобына жүкті әйелдер де жатады. ЖРВИ және тұмау жүкті әйелдердің иммунды жүйесін де, эндокриндік жүйесін де бұзуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүкті әйелдерде әлсіздік пайда болып, ұйқысы бұзылады және созылмалы аурулары өршиді. Жүкті әйелдердің тұмаумен ауруы жүктіліктің 12-аптасына дейін, яғни ұрықтың органдары мен тіндері қалыптасатын кезде өте қауіпті.Тұмаудың жүкті әйелдерге қауіптілігі – түсік тастауына немесе мерзімінен бұрын босанып қалуы мүмкін. Балалар мен жүкті әйелдерді емдеу тек дәрігердің тағайындауы бойынша және дәрігердің бақылауымен жүргізілуі керек. Тұмаудың алғашқы белгілері байқалған соң, дәрігерді үйге шақырған жөн.
Кез келген аурудың алдын алған дұрыс. Тұмаумен сырқаттанушылықты, асқынуларды және өлім-жітімді айтарлықтай азайтатын, халықты тұмаудан қорғайтын тиімді жолы- тұмауға қарсы вакцинациялау болып табылады. Жыл сайын аудан тұрғындарының белгілі бір тобын тұмауға қарсы егу тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тұмауға қарсы егілгендер арасында инфекция жеңіл өтеді, асқынулар мен өлім-жітім жиілігі азаяды. Жыл сайын тұмауға қарсы егілушілер саны өсіп отыр. Егілгендер арасында вакцинадан кейінгі асқынулар байқалмады.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы       
10 маусым 2022 ж. 608 0