Антына адал Ағия
Аурудың жеңілі жоқ. Қай ағзаң, қай мүшең ауырса, жаның сол жерде.. Дәрігерді адам жанының арашашысы деуіміздің себебі де осында жатыр. Қазір аурудың түрі көп: жүрек, қан тамыр, буын, көз, басқа да.
Ауданымызда кейінгі кезде жиілеп кеткен көз ауруларының бүгінгі халін білмек болып, аудандық емхана меңгерушісі Ш. Медетовтің кабинетіне бас сұққан едім. Меңгеруші мырза көз ауруларының көптігін, өкініштісі көз дәрігері жетіспейтіндігін алға тартты. Шындығында, ауданда маман көз дәрігері жалғыз болып шықты.
Аудандық ауруханадан түскі 13.00-ге дейін науқастарға ем-домын жасап, хал-жағдайларын біліп, түскі 13.00-ден бастап жаңадан ауырып келген науқастарды емханада қабылдауға келген көз дәрігері Алмағанбетова Ағия Махашбайқызымен науқастарды қабылдау кезінде жүздесудің сәті түсті. Жетпістен асқан әженің көзін түрлі тәсілдермен тексере бастады. Қарияның көз жанары неге бұлдыр, анық көрмейді? Қарашыққа жайылған шел жұқа. Яғни, шел басудың төрт сатысы болатын болса, бұл науқаста бірінші сатысы ғана. Біраз ойланған Ағия Махашбайқызы әжейге Қызылорда немесе Ақтөбе қалаларына барып, жетілген заманауи аппаратқа түсіп, тексеріліп келуді ұсынды.
Дәрігер антына адал болуы тиіс деп жатамыз. Ал адалдық біліміңмен, тәжірибеңмен ұштасып жатса, құба-құп емес пе. Көз – адам денесіндегі өте нәзік мүше. Жеңіл-желпі қарауға болмайды. Әжейді баласы қасына алып, келесі күні Ақтөбедегі көз ауруларын қарайтын «Дару» орталығынан бір-ақ шықты. Заманауи аппаратпен сағат бойы тексерген орталық дәрігері офтальмолог Күздеубаева Гүлстан Қиятқызы Ағия Махашбайқызының аппаратсыз айтқан диагнозын шындыққа айналдырды. Ағияның білікті офтальмолог дәрігер екені осыдан-ақ белгілі еді.
Ағия Махашбайқызы 1974 жылы Арал қаласында отбасында дүниеге келген. 1991 жылы Арал қаласындағы №15 орта мектепті озат оқушылар қатарында бітіріп шыққан. 1992-1998 жылдар аралығында Ақтөбе мемлекеттік медицина академиясын тәмамдайды. Сол кездегі дәрігер мамандардың жетіспеушілігіне байланысты, 1999 -2007 жылдар аралығында аудандық перзентханада реаниматолог қызметін атқарады. Ал 2003 жылдан күні бүгінге дейін дәрігер-офтальмолог болып көз ауруларына қол ұшын беріп келеді. Алдына үлкен мақсат қойған ол, мамандығы бойынша Павлодар, Алматы қалаларында білімін жетілдіріп қайтқан.
Әрине өзің қалаған мамандықты толық игеру үшін ұстаздың орны ерекше болатыны рас. «Білікті офтальмолог болып қалыптасуға септігі тиген ұстазыңды атасаң?» деген сұраққа, көз ауруларының сан түрін талдап түсіндірген алматылық Еркін Қарымсақұлының есімін мақтанышпен еске алды.
– Денеге дендеген кесел оп-оңай шыға қоймайды. Ауру әрқашан түрлі дәрежеде болады. Оны науқас адамға естіртудің өзі қиын. Науқас адаммен бірге қинала отырып, естіртуге тура келеді. Заманауи аппарат аудандарға жеткен жоқ. Облыс орталықтарының өзінде санаулы ғана аппарат бар, – деп сөзін түйді ол.
Ал "Дәрігер мамандығына қызығуыңызға не себеп болды?" деген сауалға «Әкем Махашбай Алмағанбетов ауданға белгілі лор дәрігері болды. Дәрігер мамандығын таңдауыма себеп те содан шығар", – деп езу тартты Ағия.
Ағияның жолдасы Ердіхалықов Марат – жалпы тәжірибелік дәрігер. «Отбасымызда екі ұл, екі келін, бір қыз тәрбиелеп отырмыз, Аллаға шүкір, аға», – деп сөзін аяқтады Ағия.
Антына адал аяулы ана, көптің алғысына бөленген білікті дәрігер Ағияға қызметінде сәттілік тілейміз.
Иманбай ӘЙТІМОВ,
журналист