Аялы алақанды шипагер
"Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі" деп тегін айтпаған. «Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Қазақстан мектептерінде жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, саламатты өмір салтын мұрат еткен дара тұлғаларды тәрбиелеуді басты талап етіп қойған. Адам денсаулығын нығайту медицинаның емес, сонымен бірге барлық оқыту мен тәрбиелеу, білім беру жүйелерінің негізгі мақсаты мен міндеті. Себебі шәкірт денсаулығының жағдайы оның оқу үлгеріміне , мінез-құлқына, қарым-қатынастарына тікелей әсер етеді. Осы орайда бүгінгі таңда әрбір мектепте бекітілген дәрігер мен аяжандар оқытушылар мен оқушылардың денсаулығын күнделікті тексеріп, бақылап келеді. Сөзге тиек еткелі отырған кейіпкерім төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес, Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан Аманөткел елді мекенінің төл перзенті, бүгінгі таңда туған жерінде адам жанының арашашысы болып жүрген Қасқырбек Тілеуішов жайлы көзбен көргенімді, ойға түйіп, жақсылардың халық риза болатын жақсы істерін ауданымыздың айнасы, сүйікті «Толқын» газетіміз арқылы білдірмек болып, қолыма қалам алдым.
Бәрін басынан бастайын. Қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрғандай болады. Бірде үлкейгендіктен бе, тісімнің салқын тисе де, ыстық тисе де қақсап ауырғанда басым ауырып, мазамды алды. Аманөткелде тісті емдейтін Қасқырбектің атын жұрт «Қасен» деп атап кеткен екен. Сол Қасеннің қолы жеңіл, тісті жақсы емдейді деген соң «Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Аманөткел дәрігерлік емханасына барып, кезекке тұрдым. Кезекте тұрған үлкенді-кішілі адамдардан "Қасен дәрігерлерің қалай?" деп сұрағанымда, «Қасеннің қолы жеңіл, тісіңді ауыртпай жұлады, емдейтін болса емдейді. Өз мамандығын жақсы меңгерген, біз, аманөткелдіктер қалаға бармаймыз Қасеніміз тұрғанда, деп бір сенімділік, ризашылық әңгімелерін айтты.
«Халық айтса, қалып айтпайды» деген осы емес пе. Айтса айтқандай екен. Кезегім келіп, ішке кіргенімде, қараторы, жылы шырайлы, сөзі адам жүрегіне майдай тиетін, жүзінен шуақ шашып амандасқанда, тісімнің ауырған жері бір сәт саябырлағандай болды. Іштей ризашылығымды білдіріп, тісімнің ауырғанын айттым. Тісімді көргеннен кейін емдеуге келмейтіндігін, жұлып тастайтынын айтты. Мен "өзіңіз біліңіз" деп сеніммен отырдым. Залалсыздандырғаннан кейін тісімнің қалай жұлып алғанын сезбей де қалдым.
Жұмысы жайлы және өмірдерегі туралы толық білгім келіп, сирек ғасыр осы Аманөткел ауруханасының, кейін дәрігерлік емханасының бас дәрігері болған медицина саласының ардагері Мамай Өтемістен Қасен туралы сұрағанымда, "Қасен көп жылдан бері осы дәрігерлік емханада тіс дәрігері болып, қызмет атқарып келеді, өз ісінің нағыз майталманы. Өзің білесің, ішкі құрылыстың ауруы ауыз қуысының тазалығында, тістің саулығына байланысты. Дұрыс шайнамаған ас, асқазанға түскен тас. Сау тіс адамның ажарын да келтіріп тұрмай ма?! Тісі ауырған адамдар ауданға бармайды, біздің Қасенге емделеді" деп сенімді түрде жауап берді.
– Ал өмірдерегі туралы білмек болсаң, Қасен осы Аманөткел елді мекенінде 1965 жылы дүниеге келді. 1982 жылы №73 орта мектепті бітіріп, 1984 жылы армия қатарында болды. 1987 жылы Қызылорда қаласындағы медучилищесінде тіс дәрігері мамандығына түсіп, 1990 жылы бітіріп шықты. Оқу бітіргеннен кейін, Бөген селолық дәрігерлік ауруханасында тіс дәрігері болып жұмыс істейді. 1991-2017 жылдар аралығында Аманөткел селолық ауруханасында тіс дәрігері болды. 2017 жылдан бері №73 орта мектепте тіс дәрігері және біздің амбулаторияда 0,5 ставка тіс дәрігері болып, халыққа мінсіз қызмет жасап келеді. Жанұялы. Мәрзия келін екеуі 4 бала өсіріп, немере сүйіп отыр. Бірнеше рет облыстық, аудандық денсаулық сақтау ұйымдарынан марапатталды. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат, – деп сөзін шынайы сезіммен аяқтады.
Сөз басында айтқандай, мектеп оқушыларына, ауыл тұрғындарына өз мамандығына сәйкес қызмет жасап келе жатқан Қасенге еңбегі жемісті болып, халықтың алғысына бөлене бер демекпін.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы