Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Америкалық ғалымдар Қызылордада дәріс беріп жатыр

Америкалық ғалымдар Қызылордада дәріс беріп жатыр

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде шетелдік ғалымдардың қазақстандық жас ғалымдарға арналған дәрісі басталды.
Осыдан бірнеше ай бұрын университет АҚШ елшілігі қаржыландырған «Қазақстан аумағындағы жоғарғы оқу орындарында экология және қоршаған орта ғылымдар саласында негізгі оқу бағдарламаларын дамыту» жобасының грант иегері атанған еді.
Жоба АҚШ – Қазақстан университеттерінің ынтымақтастығы бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жоба үйлестірушісі – Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) профессоры Джихуан Чен.
Жобаның мақсаты – қазақстандық жоғары оқу орындарында экология және қоршаған орта саласындағы білім беру бағдарламасының мазмұнын жетілдіру. Сондай-ақ, педагогикалық шеберлікті арттыру, экология және қоршаған орта саласындағы сараптамалық білімді дамыту.
Қазіргі уақытта отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары профессор Чен бастаған он күндік танымдық семинарға, сонымен қатар Қызылорда облысының аумағындағы далалық жұмыстарға қатысуда.
Жас ғалымдарға 10 күн бойы Мичиган мемлекеттік университеті, Джорд Вашингтон, Оңтүстік Дакота, Майн және Нью-Йорк қаласындағы Пэйс университетерінің профессорлары, ҚазҰАЗУ тұрақты егіншілік орталығының мамандары офлайн және онлайн форматта дәріс оқиды.
Сондай-ақ, жас зерттеушілердің НАСА ғарыштық агенттігінің Қазақстандағы және Орталық Азиядағы қазіргі және келешектегі жобаларына қатысуға мүмкіндіктері бар.
Айта кетейік, жобаға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жас ғалымдары қатысуда.

kyzylorda-news.kz
22 маусым 2022 ж. 611 0