Жерлесіміз жеңіспен оралды
Бәсекеге қабілеттілік қай уақытта да мемлекеттің болашағын кемелдендіре түсетіні белгілі. Әлем елдерімен иық теңестірген тәуелсіз еліміз үшін бүгінгі шыққан белесімізден төмендемей, алға қарай дамудың бірден-бір жолы да осы болмақ. Әсіресе білім саласындағы бәсекелестік барынша жоғары болса, Қазақстанның да қарыштап дамуы жалғаса беретіні сөзсіз.
Сондықтан осы салада әркез жаңашылдық қалыптастырып, жаңа биікке жетудің жолын іздеу маңызды. Бұл бағытта көптеген шаралар жүзеге асып келеді. Жуырда осындай жұмыстардың бірі Нұр-Сұлтан қаласында өтті.
Ағарту саласы мамандарының "Жаңа Қазақстан – жаңашыл педагог" атты конференциясы өтті. Педагог мәртебесін көтерудің өзекті мәселесі талқыланған бұл жиынға жүзге тарта ғалым, жоғары және орта оқу орындарының оқытушылары қатысты. Білім саласындағы озық ойларымен бөліскен мамандар арасында ауданымыздың ұстаздары да қатысып, ойларын ортаға салды. Шығармашыл, жаңашыл педагогтар сонымен қатар өздерінің зерттеу жұмыстары төңірегінде де кеңінен айтып өтті. Сондай-ақ өз зерттеу жұмыстарын эссе етіп жазып, соны екі тілде қорғаудан байқау өткізілді.
"Ана тілім – айбыным" атты бұл байқауда топ жарған Қызылжар ауылындағы №81 орта мектебінің алдағы оқу жылында 11 сыныпқа көшіп, мектеп бітіруші түлек атанғалы отырған Назерке Мастыбаева қазақ және орыс тілінде мінсіз жұмыс көрсетіп, жеңімпаз атанып қана қоймай, "Bilim-orkenieti" ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының "Ұлы дала дарыны" төсбелгісімен марапатталып, куәлігі табысталды.
Нұр-Сұлтан қаласына Назеркенің жетекшісі ретінде барып, білімді шәкірт тәрбиелегені үшін осы орталықтың арнайы Алғыс хатына ие болған №81 орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақытгүл Елубаева:
– Назерке қашан да білсем, үйренсем деп жүретін шәкірт. Бала кезінен білімге құштар. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Міне, бүгінгі зерттеу жұмысы соның нәтижесі. Қазіргі уақытта қала мектептері мен ауылдық жерлердегі білім сапасын теңестіру мақсатында қолға алынған жұмыстардың арқасында ауылдан шықса да, республиканың түкпір-түкпірінен келген білімді оқушылардың арасында оза шауып, жеңімпаз атанып отыр. Ол тек мектебіміздің ғана мақтанышы емес, ауданның, облыстың мақтанышына айналғанына және осындай талантты шәкірт болып, ұстаздарының еңбегін ақтағанына қуаныштымыз. Болашағынан әлі де зор үміт күтеміз, – дейді шәкірті жайлы.
Расында солай. Мақтауға тұрарлық шәкірттің бұл жеңісі тек жазба материал ретінде ғана қалмайды. Бұл жайлы "Bilim-orkenieti" ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Саят Нәбиев:
– Бұл жұмыстар осы күйінде қалмайды. Көптеген материалдар ұсынылды. Біз соны сараптап, зерттеп, Білім және ғылым министрлігі жанындағы арнайы зерттеу орталығына ұсынып, кәдеге жаратуды көздеп отырмыз, – дейді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ