Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Барсакелмес» – төл табиғат мекені

«Барсакелмес» – төл табиғат мекені

«Барсакелмес»мемлекеттік табиғи қорығы туралы биология ғылымдарының докторы  Муса Исаевич Исмагилов 1973 жылы өзінің «Остров куланов» атты кітабында – «Мен онтүстік Балқаш өңірінде, Мойынқұмда, сазды топырақты бетпақ далада болу мүмкіндіктеріне ие болдым. Алайда ерекше тамаша естеліктерім «Барсакелмес» қорығында, құландар аралында қалды. Солардан кейін  Орталық Қазақстанның кең- байтақ боз селеулі жазығында, таяз сулы керемет Зайсан көлінде де, Тянь-Шаньның биіктерінде болған кездерімде де «Барсакелмес» аралы туралы естелігім ең қымбат болып қала берді. Бұл тамаша жер түкпірі менің есімде мәңгіге сақталған және мені әркез өзіне тартып тұрады, себебі ол менің жастық шағым мен алғашқы ғылыми зерттеулерім және бақылауларыммен байланысты», – деп жазған.
«Барсакелмес» аралы – арал мәртебесінен айырылғанымен, өзінің әсемдігі мен құндылықтарын сақтап қалды. Осы аралда орналасқан «Барсакелмес» қорығына бүгінгі күні 83 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында "Барсакелмес" мемлекеттік табиғи қорығы талай жетістіктер мен қиындықтарды бастан өткізді. Киелі жеріміздің табиғаты келіскен, жұрт көзінен жырақ бұл ғажайып ортада 1929 жылы алғаш рет мемлекеттік Аңшылық шаруашылығының қорғалымы ашылды. Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің 1939 жылғы 10 желтоқсандағы №973 қаулысымен осы құрылым негізіндегі мемлекеттік табиғи  корығы  құрылды. Сол  жылдары аралдың жалпы көлемі 16975 гектар жерді құрады.
1929 жылдан бастап «Барсакелмес» қорығына 7 түрлі аң (киік, қарақұйрық, құлан, жабайы шошқа, кұм балпағы, толай қояны) жерсіндіруге жіберіліп, жақсы нәтиже берді, Солардың арасында 1953 жылы Түркіменстанның «Бадхыз» қорығынан дүниежүзілік «Қызыл кітапқа» енгізілген 9 бас құлан жерсіндіруге әкелініп жіберілді. Құландар Барсакелмес қорығының табиғатына жақсы бейімделіп, көбейе бастады. 1980 жылдарда құлан саны 300-ге жетті. Алайда Арал теңізінің тартылуына байланысты негізгі суат көзі болған теңіз суының тұздылығы артты. 1982 жылдан бастап құландарды басқа өңірлерге, атап айтқанда «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық паркіне және Каспий маңына жерсіндіру жұмыстары басталды. «Барсакелмес» корығында көбеюге жарамсыз деп танылған 50 бастай ғана құлан қалдырылды.
Теңіз деңгейінің түсуі жалғасып, суы құландардың ішуіне мүлде жарамай қалды. 1998 жылы Барсакелмес аралының Шығыс бөлігі үлкен құрлыққа жалғасып кетті. Бұл өз кезегінде құландардың Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалаулары мен аралдарына өз бетімен коныстанып, көбеюіне мүмкіндік жасады.
Жақсы жайылымдар мен суат іздеген тұяқты жануарлар Қасқақұлан, Ұзынғайыр, Тоқпан Ахат, Бегім-Ана, Төртқопақ аумактарында коныстанды. Қорық қызметкерлерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында құлан саны 2022 жылғы мәлімет бойынша 700 бастан асты. Осыған орай аталған өнірлерді қорыққа қосу қажеттілігі туған болатын.
2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 қараша күнгі №1162 қаулысымен аумағы 10 есеге ұлғайып, 160 826 гектарды құрады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 шілдедегі №484 қаулысына сәйкес "Барсакелмес" мемлекеттік табиғи корығының көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 гектар) қосу арқылы ұлғайды, қорықтың жалпы аумағы 163 126 гектар. Сырдария өзенінің құяр сағасы Қазақстанның сулы-батпақты өнірлерінің ішінде маңыздылығы бойынша 4 орынды алып отыр және де ол биоәркелкілігімен ерекшеленеді. 2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің құяр сағасы Халықаралық Рамсар конвенциясымен корғалатын сулы-батпақты өңірлер тізіміне енді.
Қазіргі танда «Барсакелмес» қорығында жоғарғы сатыдағы 325 өсімдік түрі, олардың 5 түрі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізген Пратов көкпегі, Борщев сарғалдағы, косжарнақты қызғалдық. Қазақстандық қамыс және қылқан жапырақты батпақ гүл. 28 сүт қоректі, олардың арасында құлан дүниежүзілік «Қызыл кітапқа», қарақұйрық және шағыл мысығы Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген. 12 бауырымен жорғалаушы, 2 қосмекенді және 2000-нан астам жәндіктің түрі кездеседі. Құстардың 250 түрі, оның ішінде 33 түрі "Қызыл кітапқа" енгізілген. Балықтардың 22 түрі бар.
Шөлді аймақтың эталоны болып саналатын «Барсакелмес қорығы» төл табиғатымыздың мақтанышы бола бермек.

Е. САРБӨПЕЕВ,
«Барсакелмес»  мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы
25 маусым 2022 ж. 594 0