Қалыпты ұйқының адамға пайдасы қандай?
Қазақ «ұйқы – кіші өлім» деген. Күзде қурап жерге сіңіп, көктемде қайта жаңаратын табиғат сынды қалыпты ұйқы бойға бекем қуат дарытады. Ұйқыны өлімге балау, өзге халықтарда да кездесіп жатады. Мәселен, ежелгі грек мифологиясында ұйқы құдайы Гипнос пен өлім құдайы Танатос егіз болған деседі.
Адам өмірінің үштен бірі ұйқымен өтеді. Мәселен, 60 жастың 20 жылы, 75 жастың 25 жылы ұйқыға кетеді. Ұйқының адам денсаулығы үшін маңызы жоғары. Ұйқы режімін дұрыс сақтамаған жағдайда қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, инсульт, қан қысымы, психологиялық жай-күйдің төмендеуі секілді дерттер пайда болатыны айтылады.
Ұйқыны азайтып, жүйелі еңбек ету жайлы философтар мен өнер адамдары жарыса пікір қалдырған. Тіпті испаниялық суретші Салвадор Дали көп картиналарын түсінде көрген бейнелерді қағазға түсіру арқылы салған. Ал Оноре де Бальзак, Лев Толстой, Чарльз Дарвин сынды майталмандар 8 сағат ұйықтаса, Зигмунд Фрейд пен Владимир Набоков 6 сағат, Наполеон Бонапарт пен Вольтер 4 сағат ұйықтаған. Бүкіл өмірін білім алу мен жазуға арнаған ғұламалар артық ұйқыны «өлі уақыт» деп санаған. Тіпті өзін 2 минут кешігіп оятқан күзетшісіне А.Эйнштейннің қатаң сөгіс білдіргені бар.
Ал психологтер күндізгі ұйқының ми құрылысына пайдасы мол екенін алға тартады. 1 500 адамды тәжірибеден өткізіп, күндізгі уақытта 5 минут пен 2 сағат көлемінде ұйықтаған 300 адамның қалған адамдарға қарағанда ширақ, сыртқы факторларды жылдам таразылай алатынын, ми жүйесі мығым жұмыс істейтінін анықтаған. Сонымен бірге білім алуға деген қарқын мен ағзаның қызметін жақсартатынын, көңіл күй тұрақтылығын сақтайтынын айтқан.
Ұйқы – жеке ғылым. Терең ғылымның ішіне сүңгіп, өз ұйқы мөлшеріңді анықтау маңызды. Өйткені адамның ұйқыны қабылдау деңгейі гендік, психологиялық тұрғыдан әр түрге бөлініп жатады. Біреулерге 5 сағат ұйқы аз болса, басқалар үшін жеткілікті мөлшерге бара-бар. Мамандардың дерегіне сүйенсек, ұйқыға ерте жату үшін дәрігерлердің ақыл-кеңесіне жүгінген жөн. Біріншіден, ұйықтар шақта теледидар, телефон сынды экраны бар құрылғылардан аулақ болу қажет. Өйткені онда кезігетін кейбір оғаш, жағымсыз жаңалықтар санаңызға әсер етіп, ұйқыны бұзуы ғажап емес, оның үстіне экраннан таралатын күлгін сәуле мазасыздыққа жол ашуы мүмкін. Екіншіден, ұйықтайтын жатын бөлме қараңғы болуға тиіс. Көздің қабақтары жұқа келетіндіктен, ұйықтап жатқан көз мимен бірге терезеден түскен жарыққа, теледидар сәулелеріне, электронды оятқыш сағаттың сандарына да мазасызданады. Пәтеріңіздегі ұйықтайтын бөлменің тыныш болуы, сырттан ішке ешқандай дыбыстың естілмеуі де өте маңызды. Үшіншіден, мамандар ұйқы режімі бұзылған жағдайда басқа жастайтын жастықтың ішіне «ұйқы келтіретін» лаванда, сәлбен сынды әртүрлі шөптерді салып қоюға кеңес береді.
№10 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Дана Бексейіт: «Аз ұйықтаудың адам денсаулығына кері әсері көп. Аз ұйықтаған адам ашушаң болып, депрессияға бой алдырады. Жаңа нәрсені есте сақтау, бір нүктеге назар аудару, оқуды қабылдау мен жұмыс жүйесі нашарлайды. Ұйқысыздық – адамға берілетін қуатты азайтып, күш-қайратынан айырып жатады. Бұл кезде психикалық аурулар мен семіздік пайда болуын арттырады. Сондай-ақ ұйқының қанбауы жүрек мәселелерін туғызып, имунитеттің төмендеуіне әкелетіні жайлы дәлелдер бар. Тәулігіне қажетті 7-10 сағат ұйықтайтын адамдарға қарағанда аз ұйықтайтындардың тұмаумен ауыру қаупі екі есе жоғары» дейді.
Ал қалыпты ұйқының адам денсаулығына пайдасы орасан зор. Дененің қажетті демалысына көңіл бөлсек, ол жеміс ағашы секілді бізге жарқын қуат пен жақсы көңіл күй сыйлайды. Ұйқыны тек тынығу деп қабылдау дұрыс емес. 1928 жылы ми жүйесінің электрлі белсенділігін өлшейтін құрал ойлап тапқан ғалымдар ұйқының тек денеге емес, ми жұмысына, көз жылдамдығына, әр мүшеге жеке әсер ететінін анықтаған.
Қорыта айтқанда, жанымызды оятып, тәнімізді тынықтырып отырсақ, алынбайтын асу, берілмейтін қамал болмасы анық.
egemen.kz