Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлытаудан түйген ой

Ұлытаудан түйген ой

Қазақта аса қасиетті үш жер бар. Олар – Ұлытау, Түркістан және Ордабасы. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе» дейді қазақ. Ал ұлар еті көптеген ауруларға ем екені баршаға аян. Ұлытаудың төсінде қазақ хандарының атасы Жошы ханның мазары аспанға асқақ қарап тұр. Мазар ХХ ғасырдың ортасына дейін тарихшылар арасында бұл Жошы хандікі ме, әлде басқа біреудікі ме дегендей пікірлер орын алып келді. 1949 жылы қазақтың әйгілі археолог-ғалымы Әлкей Марғұлан Жошының қабірін аршып, онда бір қолы жоқ мүрденің жатқанын анықтап, жатқан адам Жошы хан екенін дәлелдеді.
Тарихшылардың айтуына қарағанда Керей мен Жәнібектен бастап Кенесарыға дейінгі қазақтың бүкіл хандары осы Жошының баласы Орда-Еженнен тараған, олардың көпшілігі осы өңірде хандық құрған. Сондықтан Ұлытау өңірі қазақ үшін аса қасиетті жер болып есептеледі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің жыл басындағы халыққа арнаған жолдауында Ұлттық Құрылтай өткізу жөнінде шешім қабылдап, оны күні кеше Ұлытау өңіріндегі Жошы хан мазарының басында ауқымды жиын етіп өткізді. Бұл бұған дейін ешкімнің ойына келмеген қадам еді, ел қуаныштан тебіреніп, заманында бабаларымыздан қалған қасиетті ұлы дәстүрді қайта тірілтті. Оның үстіне Ұлытау өңірі жаңа облыс болып құрылуы халықтың бірлігін нығайтып, ел болып ұйысуына үлкен серпін берді. Ел басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың 1-ші отырысында сөйлеген сөзінде: «Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз», – деп, бұл өлкеге өз бағасын берді.
Осы Құрылтайдың алдында аудандық «Толқын» газетінің редакторы Абай Елеш інімізге осы Ұлытау өңіріне барудың сәті түсіп, сапарлама барысын газетте берген екен. Оқып, риза болып, қуанып қалдым. Суреттерді көріп, сол ғасырларға ой жүгірттім. Ұлытау өңірінің бұған дейін бізге беймәлім кейбір тұстарымен танысып, Жошы хан мазарының маңайындағы кесене-күмбездерден мағлұмат алдық, жер-табиғатын танып білдік.
Жошы хан мазарынан жүз шақырымдай, Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай елу шақырымдай жерде Болған-ана кесенесі тұр. Қызыл қыш кірпіштен қаланған, сәулетті кесене. Болған-ана Жошы ханның тұңғышы. Сол замандағы атақты қаңлы тайпасының ханы Талмасқа тұрмысқа шыққан. Болған-ана кесенесінің жанында Алаша хан, Домбауыл, Талмас, Құлан-қатын кесенелері тұр. Құлан-қатын әйгілі Шыңғыс ханның меркіттен алған төртінші әйелі әрі сүйіктісі. Шыңғыс хан жорыққа аттанғанда осы Құлан-қатынды қасына үнемі ертіп жүрген. Құлан-қатыннан Құлқан деген бір бала бар. Шыңғыс хан оны да басқа балаларынан кем көрмей, Бөртеден туған төрт ұлға енші бергенде осы Құлқанға да теңдей енші берген. Бір таңданарлығы, сонау Моңғолияда Шыңғыс ханның қасында жүрген Құлан-қатын бұл жерге қалай жерленген. Әлде, Шыңғыс ханның осы жерде де ордасы болды ма немесе Құлан-қатынға осы жерден өз алдына отау -орда тігіп берді ме екен, жұмбақ. Бірқатар тарихшы-әдебиетшілер Шыңғыс ханды бізден қашықтатады. Ол түркі емес, моңғол дейді. Бүкіл қазақ хандары Жошының ұрпақтары болса, оның әкесі Шыңғыс хан бізден қалай қашық болады? Жошы түркі де, Шыңғыс хан моңғол ма. Екеуі де моңғол болса, қазақ хандары қалай қазақ болып жүр? Қисынсыз.
Қалай айтсақ та, бұл жерде талай тарихтың ізі сайрап жатыр. Сондықтан да Ұлытау өңірі ұлт ұясы екені анық.
Ж. Төребеков
02 шілде 2022 ж. 625 0