Ұлытау – ұлт ұясы
...Ай алмасар кез. Бағытымыз бұрынғыдан бөлек. Мұның алдында Мәскеу барып, арқадағы Нұр-Сұлтанда, енді бірде Алатау баурайындағы әсем қала Алматыда сапарлатқан әріптестер бұл жолы жезді жаққа бет түзеді. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты, қазақ баспасөзінің жанашыры Аманжол Сақыпұлы Оңғарбаевтың осы сапар алдында телефон соққаны бар. Жоғарғы басшының аяқ асты маңызды шаруа болмаса қоңырау шала бермейтінін білген мен қипақтап қалғанымды несін жасырайын. Артынша ар жақтағы дауыс екі-үш күндік сапармен жолға шығатыным жайында құлақтандырып, топ құрамында бар екенімді жеткізді.
Мұндай қуанбаспын. Шығармашылықтың адамы еркіндікті қалайды. Шеңберден шыққысы келеді. Бәзбіреу ойлағандай емес, әрине. Өзге аймақты көріп, ой танымды кеңейте түскенді көксейді. Оның үстіне ұлтқа ұя болған Ұлытау жаққа Тәңір жол түсіріп жатса, қалай марқаймассың. Патша көңілді оқырмандарға түсінікті болсын. Алты алаштың анасына баланған қаладан Жезқазғанға қарай Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінен таң бозара қозғалдық. Көлік ішінде басшымыз бар, қосшымыз бар 11 адамбыз. Журналистер алдағы сапарды ой елегінде екшеп, қалай көсілетіні хақында ойша қиялға беріліп әлек. Серіктестік меншігіндегі шағын автобус жүргізушісі Зейнолла Абдуалиев қай кезде де «стартта» тұратынын мінген тұста-ақ байқатқан. Мекемедегі жүргізушілердің барлығы «сен тұр, мен атайын». Сол қаптаған жүргізуші ішінен таңдау осы Зәкеңе түскені тектен-тек еме-ау...
Көшпелі редакция
Сонымен көшпелі редакция жақсы да, жаман да өткен ұлы жолда. Бес уақыт намазын қаза қылмаған бас директордың бірінші орынбасары Марат Аралбаев пен бас есепші Ерлан Бекенов жол қысқарсын дей ме екен, жүргізушімен әңгіме-дүкен құрып келеді. Ол да дұрыс шығар. Қалың ұйқының кезі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей... Түн ішінде қай-қайдағы еске түседі...
Ауылы аралас, қойы қоралас Жезқазған бізше есептегенде Қызылордаға барар жолмен шамалас. Бірақ бір айырмашылығы, құйылған ыдыстан тамшы тамбайтын тақтайдай асфальт жол мұнда жоқ. Қаныш атамыз етігімен су кешкен өндірісті өлке күллі қазақтың мақтанышы деп айтқанда жағымыз талады. Сахи даланың өн бойын түртіп қалсаң кен табылады. Солай бола тұра, бұл жақта жолдың жыры өзекті екені салғаннан-ақ сезіледі. Мен көзімді жұмайын, құлағымды бітейін, бірақ аударылып шайқалған соқыр сезеді, тарс-тұрс еткен дыбыстан керең естиді. Алтынның үстінде отырып, осыншама пүшәйман күй кешкен жезқазғандықтардың жайын асқан көрегендікпен аңдаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қасиетті өлкені дербес облыс етіп атауға шешім шығарып, күллі республика жұртының бәрекелдісін алғаны да есімізде. Президент пәрмен берді. Енді бәрі басқаша өрбитін шығар. Оған уақыт төреші.
Төңірек көк майса. Майдалай бет сипаған самалдан салқын еседі. Кәдімгідей-ақ ауа райының айырмашылығы бар. Төрт түліктен жол-жөнекей Қамбар ата тұқымын көзіміз жиі шалды. Демек ондағы тұрғылықты халық малдың осы тұқымын өсіруге басымдық беретін сияқты. Сырдағыдай қара жердің кемесі саналған қос өркеш Ойсыл қара тұқымын көре қоймадық.
Жошы ханға жол
«Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» демейді ме қазақ. Маңызды мақсат шаршағанды ұмыттырады екен. Жүз мыңға тарта тұрғыны бар қалаға таяп келеміз. Алыстан менмұндалаған алып мұнараның ұшар басындағы будақтаған түтін жел бағытымен көкке тарауда. Басшымыз Аманжол Сақыпұлы «әр қалада бір досың болсын» деген тәмсілді берік ұстанған жан екенін тағы көрдік. Сәл аялдаған тұсымызда «Шарайна» газетінің бұрынғы бас редакторы Бауыржан Бірманов қатарымызға қосылды. Балықшы балықшыны алыстан таниды емес пе?. Ол кісінің тегін еместігін көлік терезесінен байқағанбыз. Түйсігіміз алдамапты, солай болып шықты. Ұзақ жыл бұқаралық ақпарат құралдарында қарапайым қызметшіден бастап, басшылық лауазымға дейін көтерілген ағамыздың сөз саптауынан көпті көргендігі аңғарылады.
Ел Президентінің кезекті Жолдауында Ұлытау облысын құру, әр қазақ даласының дәл жүрегінде орналасқан киелі өңірдің тарихындағы ерекше орны жайлы айрықша атап өткен еді. Баянды бастама барша қазақтың бөркін көкке атқызғаны рас.
–Ей, дұрыс болды.
–Бұрында ертерек солай жасалуы керек еді.
–Қандай қала сүреңсіз күйге түсті, – деп жатты сонда көпшілік.
Халық қалғымайды деген осы. Ендігі жерде өңірдің екінші тынысы қайта ашылатынына сенім мол.
Жошы ханға қарай бастайтын даңғыл жол біз күткендей беріде емес, әріде жатыр. Борпылдақ топырақ. Оны басуға да тіксінесің. Іштей тіліңді кәлимаға келтіріп, білген дұғаңды жасайсың. Жошы мен сол төңіректерде жатқан әулие- әнбиелердің мысы басатын сияқты. Жұмыр басты пақырларың сол замандарда ғұмыр кешсе, хан сарайына ену тұрмақ, қақпаны сығалаудың өзі қиямет-қайымға айналар ма еді, кім білген?!
Атшаптырым аумақты алып жатқан Жошы кесенесі қоныс тепкен тұс көрінген көк атты соға салатын жер емес. Ниеттендің бе, асудан асып, белесті бағындырып барып келесің. Қысқасы, мұнда бастар жол соқтықпалы- соқпақты. Елу шақырымды тағы артқа тастадық. Арлы-бері ағылған ауыр жүк көліктері қалдырған ақшаңдақпен араласып, әупірімдеген күйі межелі жерге жеттік-ау. Сап түзеген «Камазды» көріп, бұл не қарбалас десек, осында қарай сапарлатқан жандарға жасалған қарекеттің басы екен. Түсінікті тілмен айтқанда асфальттаудың қамы.
Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Инфрақұрылым өзгеше орын. Хас шебердің қолынан шықан нысан еріксіз таңдай қаққызады. Ми далаға емес, құдды бір ірі мегаполистің төбеден түсе қалдым ба деп жан-жаққа алақтайсың. Қазақтың дарқан даласының әр қиыры да тұнған тарих. Тасын түртіп қалсаң, өткеннен сыр шертеді. Көріп келеміз, көңілге түйіп келеміз. Жандыдан да, жансыздан да сыр баққан шығармашылық құрам зер салғанына үңіледі, енді бірі көне жазбаларға жүгіреді.
Қатпарлы тарих беттері сізге де таныс. Ұлытаудағы жәдігерлеріміздің басым бөлігі Алтын орда дәуірімен ұштасады. Өңірдегі ұлы хан мазарынан басқа да «Болған ана», «Құлан ана», «Домбауы» мазары, «Теректі әулие», «Зыңғыртас», «Байқоңыр» петроглифтері және Әмір Темірдің Тоқтамысқа жорыққа аттанардағы тасқа қашап жаздырған жазуы, «Алтыншоқы» шыңы мен жеті әулиенің жайы жатқан «Әулиетау Ақмешіт» шоңы тарихи ескерткіштері бар. Тарихтың майын ішкен кең маңдай нарқасқалардың пайымынша, Қыпшақ даласындағы алып мемлекеттің өз дәуіріндегі атауы Ұлық ұлыс деп аталған деседі. Сібір мен Орталық Азиядан бастап, Шығыс Еуропаға дейінгі алқапқа аттарының тұяғы тиген. Ол аз десеңіз, Еділ мен Дунай өзендерінде тұлпарларын суарған жауынгерлер найзаның ұшымен, алмас қылыш жүзімен ешкімге бет қаратпаған.
Тарихи дерек сөйлейді, сөйлегенде бүй дейді. Зерттеушілер Алтын орда атауын еншілеген мемлекет 1456 жылы құрылған Қазақ хандығының бастауы деседі. Атынан ат үріккен мемлекет құрамына сол шақтарда бірқатар елдер енген деген дерек бар.
Кешен іші керемет
Мұндайда кісі шаршай ма? Жүрген жеріміздің барлығы жанға рухани азық. Тақырыпқа арқау ететін мәліметті көкірек сарайымызға сіңірудеміз. Еңселі ғимарат іші. «Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» демекші, бізді қарсы алған жігіт өзін Манат Айтбаев деп таныстырды. Жігіт ағасының айтары көп. Бағыт-бағдарымен айналаны көзбен шоламыз.
Заманауи кешеннің ХХІ ғасыр талабына сай жарақтандырылғаны тіптен бөлек. Былайғы уақытта журналистер қауымы пресс-релиз сұрамаушы ма еді? Ал бұл жерде керек деректі саусақпен түртсең болды, үш тілде сайрап, назарыңа ұсынады.
– «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бой көтерді. Ондағы негізгі мақсат – Ұлытаудағы тарихи орындарды барынша дәріптеу. Қазіргі таңда Президенттің көреген ісі өз жемісін беріп отыр. Алтын орданың 750 жылдығына орай бой көтерген Жошы кешені былтырғы жылдың қазан айында қалың бұқараға есік ашты, – деп, қастерлі жердің тұнған тарих екенін кеңінен баяндады. Тыңдай бергің келеді, аралай бергің келеді. Артынша осында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаратын Бақытжан Көпбаев та бізге беймәлім деректерді алға тартты.
– Байқаған боларсыздар, мұнда тарихи-археологиялық немесе тарихи-өлкетану деп аталатын орындар жетіп артылады. Арғы-бергі тарихымыздан сыр суыртпақтағысы келетін шетелдіктер де алыстан ат шалдыртады. Қысқасы, киелі жерге бас сұғатындар қатары қалың. Кинозалда саяхаттаушылардың сұранысы мен ұлттық құндылықтарды паш ететін кинолар тамашаланады дей келе, әр бөлменің өзіндік рөлін де атап берді.
Туристерге бар жағдай жасалғаны көрініп-ақ тұр. Осындайда ойға әр нәрсе түседі. Бізде де солай болса ғой... Әттең, қол қысқа ма, құнт жоқ па, әйтеуір қаржы көзін табудың таптырмас жолы саналған туризм саласын мандата алмай жүрміз. Бірін айтып, біріне кеттік пе. Олай болса негізгі әңгімемізге қайта көшелік.
Жошы хан кесенесі қыштан күйдіріліп тұрғызылған. Қабырғасы да, ою-өрнегі де әлі қарап тұр. Сан ғасырлардан бүгінге дейін мұрты шағылмай жеткен құрылысты тұрғызғандарға осындайда қалай риза болмасқа...
Құрылысшылардың көкесі сол замандарда өмір сүрді ме? – деп қаласың. Қазір ше? Мемлекет қаржысына салынған қаншама құрылыс мерзімі жетпей апаттық жағдайда қалып, қаншама миллиардтаған ақша желге ұшып жатқанын қалай жасырамыз.
Хан ажалы қайдан?...
«Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» демекші, әр нәрсеге аңтарыламыз. Аңызға сенейін бе, дәйекке көнейін бе? Музей қызметкері Бақытжан Көпбаевтың бастауымен біраз маңайға табан тіредік. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның жерленген орнындамыз. Қорым мемлекет қамқорлығында. Шыңғыс қаған кіндігінен өрген ұлдарына империясын зор сеніммен үлестіріп бергенде, Жошыға Дешті Қыпшақ тиген. Содан осы Ұлытауда Жошы ұлысы салтанат құрды.
Ауыздан-ауызға тараған аңыз бойынша Жошы ханды аңшылық кезінде құлан шайнап өлтірген деседі. Бұл сөздің жаны бар болуы да мүмкін. Өйткені белгілі ғалым Әлкей Марғұлан аталмыш маңайда қазба жұмыстарын жүргізіп, күтпеген жерден тың олжаға кенелген. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған ғалым үшін іздеген жерінен іліп алар бір нәрсе табу баға жетпес олжа емей немене. Хан кесенесінің қабірінен табылған ер адамның сүйегінде бір қолы жоқ екендігі анықталған.
Жалпы, кесенеде жарық түсіп тұруы үшін күмбез жақтан үш ойық орналасыпты. Температура қысы-жазы бірқалыпты ұстап тұрады. Жошы өлімін естірткен күйші Кетбұғаға да белгі қойылған. Негізінде Шыңғыс ханның кеңесшісі Жошының ұлық биі атанған оның тарихта есімі қолбасшы абыз деп те қалған екен.
Ал тілге тиек еткен кесене хақында алғашқы дерек Бұхар тарихшысы Хафиз Тыныштың (ХVІ) ғасыр жазбаларында көрсетіліпті. Бірінші күні уақыттың қалай сырғығанын аңдамай қалдық. «Жақсыны көрмекке» дескен әріптестерім бір-бірлеріне алған әсерлерін жарыса айту үстінде. Алда тағы сапар...
А. ЕЛЕШОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
(Жалғасы бар)