Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлытау – ұлт ұясы

Ұлытау – ұлт ұясы

Жошы хан басында жайландық
...Ой, мынау не деп көкіп тұр деп сөкпеңіз. Хан сарайында жайлану қайда. Жай кешкілік кесене ішінде түнедік дегенім еді. Төсекке басым тиіп, көзім ұйқыға кеткенше не ойлағанымды білесіз бе? Олай оқырманымнан бүгіп қалар сырым жоқ.
... Өмір ғой. «Бес күндік жалғанда біреулер тірі сияқты, енді біреулер өлі сияқты көрінеді екен». Шындығы осы. Біз алыстан ат арылтып арнайылап жеткен Жошы хан жоқ болғанымен, артында қалған ғибратты ғұмыры оны сан ғасырлардан бері бар қылып келеді емес пе?. Енді біз тілге тиек еткен адамды  тірі демей көріңіз. Ал енді біреулер өлі сияқты деуімнің астарына бойласам, қазіргі қоғамдағы жағдай ой елегінде екшеле кетеді... Бәзбіреулер арсыздығынан, тойымсыздығынан тірілей өлгеннің күйін кешеді.
Хош. Домбауыл кесенесіне тоқтадық. Сол тұста Алаша хан да жатқан көрінеді. Кешегі екпін. Көрмекке құлшыну, білмекке ұмтылу. Баба зираты биік төбе басында. Әруаққа тағзым ету – ұрпаққа парыз деп бабалар рухына мінәжат қылдық. Қырат маңында сәл кідірген біздер қатар тізілген белгі тастарды да байқап, ескі зираттарға бет сипастық.
Тұмса табиғат сұлу. Бір өзен етекке қарай сыңғырлай ағады.  Кеңгір, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Жыланшық, Бұланты, Білеуті, Сарысу сияқты үлкенді-кішілі су көздері айналаны құлпыртады. Өрден еңіске қарай құлдилай құлап өзен суы жағымды естіліп, бізге беймәлім бағытта ағып барады.
Жүйткіп келеміз. Ылдиға қарай көлік жеңіл сырғиды. Бір сағатты артқа тастағанымызда, алақандай ауылдың қарасы көрінді. Жо-жоқ, ауыл емес, Ұлытау ауданына таяп қалыппыз. Қазақстанда 300-ден аса аудан бар болса, біз кіріп келе жатқан Ұлытау ауданы солардың арасында шоқтығы биік деседі. Өндірісі өркендеген өңірде солай болмағанда, енді қалай болады. Бұл жайын заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев әлдеқашан бағамдап берген. Нақтырақ тоқталсақ, кемеңгер жазушы "Ұлытаудың ұлы атануы тауының биіктігінен емес, суының көптігінен емес, тарихтың үлкен оқиғаларында бүкіл ұлы қауымның бас қосқан, ортақ шешімге келген жері болғандықтан Ұлытау атанған..." деп пайымды пікірін қалдырған.
Өзендері жөнінде сәл әріректе жаздық. Жалпы, қазақтың маңғаз даласының кемі жоқ, ал сұлулығы мен нулығына тоқталсақ, біз тұрған жердің шоқтығы өзгелерден әлдеқайда ерек. Алпыс төрт салалы «Торғай», батысқа бұрала жол салып, «Ырғызға» қосылады. Одан әрі Түркістан жаққа туралайды. Бұл аудан ел экономикасының дамуына, әлеуметтің әлеуеті артуына сүбелі үлес қосып келе жатқанынан бұрын-соңды қанықпасақ та, жол-жөнекей ұғынғандаймыз. Дала төсін малға толтырған қожалық иелері баршылық екенін ұлытаулықтар егін шаруашылығынан да құралақан емес екендігін топшылап, ұлы істерге ұмтылған мұндағы жұртшылық қай жағынан да мақтауға тұрарлық.
Оған дәлелді алыстан іздемей-ақ, қазақтың академигі Қаныш Сәтпаевтың сөзі айғақ. Ол: "Орыстар Кремльді қалай қадірлейтін болса, қазақ еліне Ұлытау соншалықты қастерлі" деген болатын. Расымен де ғибратты ғұмырының жарқын жылдарын Ұлытау-Жезқазған өңірімен тығыз байланыстырған инженер-геолог өлкеде жүргізген  жүйелі зерттеулерінің нәтижесінде қыруар қазба байлықтың көзін таба білді.
Аңыз таудың басында
Төбесіне ақ жамылған тау тұр. Ендігі бағыт – сол жақ. Бірден ол жаққа қарай қадам басу қайда. Етегіне асылған сайын жүрек дүрсілдеп қоя береді. Намысты қайрайсың, мақсатқа қанат байлайсың. «Тәуекел деген жел қайық, өтерсің де кетерсің». Жадымда жатталған осы тәмсілден қуат алып, «тарт алға» дедім. Жанымдағы әріптестер де мендей күйде-ау, білем. Жан-жақты көзбен барлап, биікке күбірлей қадымдайды.
Әдепкі тосырқау жоқ. Оның да өзіндік себебі бар. Тобымызға тыңнан жолсерік қосылды. Анау-мынау емес, біз бетке алған абыз таудың ой-шұңқырында ойнап өскен жігіт. Білдей Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей қорының экскурсиялық бөлімінің маманы Қуантай Жабағин. Жүріп келеміз. Өз ісіне төселген маман сөйлеп келеді.
–Ұлытау бір ғана Қазақстанда емес екенін жақсы білесіздер. Мысалы, Ресей мен Түркия елдерінде де осы тектес атаумен аталатын тау бар, – деген Қуантай сөзін онан әрі жалғады. Шырт ұйқыдан түртіп оятқанда тау жайында көсіле баяндап бере алатын жігіттің біліктілігіне ризамыз. Жолбасшының ізіндеміз, құлағымыз түрік. Қос жанар аяқ жолда. Шалыс басу қауіпті. Төменгі жаққа зер салсақ, зәре иман ұшады. Енді ше? Біз бағындырмақ болған таудың ең биік шыңы 1131 метр. Мұнда көптеген бақсы-балгерлердің, әулие-әнбиелердің ізі қалған. Тіпті 1946 жылы Әлкей Марғұлан «Ақмешіт» мешітінің орнын тапқан. Бұдан басқа да қатпарлы тастар арасынан ескі қорымдар көптеп ұшырасады. Содан да шығар, бұл жаққа ат басын бұрушылардың қарасы қалың. Ауырып, сырқағандар еміне дауа іздейді. Бала көтере алмай жүргендер үңгірде түнейді. Ұлытаудың бір сиқыры осында деп қаласың.
Қайран, Табылды ағам-ай! «Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға» деп өміршең өлеңмен құм төбені тау деп өскен біз секілді қара балаға таудай арман сыйладыңыз-ау. Алқына, ілбіп басамыз. Ауық-ауық демаламыз. Демалғаны құрысын, қос балтыр мұндай ауыртпалықты көрмеген, тұрған кезде  түйіліп қала береді. Сонымен үш мәрте дамылдап, межелі биігімізге де көтерілдік. Яғни, тау шыңына да келдік. «Керек заттың ауырлығы жоқ». Ауылдан шығарда спорттық аяқ киім алғаныма мұндай қуанбаспын. Әйтпесе, жұмысқа немесе тойға барғанда киетін туфли болғанда, елестетудің өзі...  Лезде жыртылып, таудан жалаң аяқ қайтар ма едім, кім білген. Қуантай арғы бетте Едіге тауы деп, оның да өзіндік тарихын әңгімеледі. Сосын атақты Алтын орданың билеушісі Тоқтамыс ханның жайы осы биіктің басында екенін тілге тиек қылды. Шіркін, тастың да тілін табатын құдірет болса ғой. Жайлап сыр суыртпақтап көп нәрседен құлағдар болатын. Ол кезде мелшиген құздар өздерінің не көргендерін, екі аяқты пенденің бір-біріне қандай қиянат жасағанын, нендей озбырлыққа барғанын  жарыса айтып, жағамызға жармасатын шығар.
Таспен қоршалған қорымдар «Біз де сендей болғанмыз» деп бұл фәнидің жалғандығын ұқтырып тұрғандай. Өткенсіз болашақ жоқ. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның берері мол бастамасы қаншама тарихтың тінін тарқатуға, ұмытқанды жаңғыртуға, сананы оятуға өз септігін тигізгенін осы сапар барысында бұрынғыдан да тереңірек сезіндік.  Қали ата, Ырза ана, Тұрсын бақсы, Сапар әулие, Тана ана, Гүлсара ана, Мұрат ата сияқты өлшеулі өмірінде жұрт жадында жатталған бабалардың басына тізе бүгіп, Құран бағыштадық. Тау басында жылдың төрт мезгілінде адам арылмайды екен. Әсіресе келушілер саны жаз маусымында еселеп өсетін көрінеді. «Алтыншоқы» басында сесі бет қаратпаған Ақсақ Темірдің мыңдаған жасағы ат байлаған деген деректі де естідік. Шоқан Уәлиханов осы Ұлытау өңіріне сапар шегіп, «Алаша хан» кесенесіне сипаттама берген.
Тау үстіндеміз. Жыртқыш аңдар рабайда жолығатынын білдік. Ал енді емдік шөптер жетіп артылады. Қиядан көретін қырандар көкте қалықтап, айнала ұшады. Бауырымен жорғалағыш сұсты жылан етегіңе жармасады. Қысқасы, бұл жақ туралы қаузайтын тақырып көп. Қайтуға қамдандық. Биікке шығу қиын болғанымен, түсудің қасында жеңіл екен. Еңкейіп кетсеңіз, мал-жан аман болсын...
«Алаша хан»
Жадыға салмақ артады,
Жұмбақ күндер кешегі.
Алыстан көз тартады,
Алаша ханым кешегі...
Қазақтың қадірлісі? осылай ой тамшысын қалдырған екен. Осы бір ел аузында жүрген тарихи тұлға жайындағы аңыздар жетіп артылады. Сәтпаев ауданына қарасты Молшыбай ауылы тұсында тұрған хан кесенесі шынымен де ақын айтқандай алыстан мен мұндалайды екен. Уақытпен үндесе бізге жеткен кесене ХІ-ХІІ ғасырларда тұрғызылған деседі. Мазар ілгеріректе күрделі жөндеуден өткен.
Сөз соңы
Иә, Жошы ұлық салтанат құрып, Қазақ хандығы щаңырақ көтерген Ұлытау өңірінің бай шежіресін бір мақаламен екі бөліп беру әсте мүмкін емес. Қаншама  хандар хақында, әулиелер жайында алда талай мәрте ойлы оқырманға жеткіземіз. Осынау үш күндік сапарымыз үш кітапқа жүк болатын дүниені ойға түйдік.
Қойылған ескерткіштер нұр күніме,
Ұқсайды туған жердің кіндігіне.    
Арқада бір өлке бар Ұлытау атты,
Ту тіккен тірлігі мен бірлігіне, – деп жырлаған ақын Фариза Оңғарсынова сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Едіге тауының етегіндегі елге жасаған аз күндік сапарымыз алдағы уақыттарды да қаламымызға арқау боларына сенім мол.
Абай Елеш 
07 маусым 2022 ж. 1 392 0