Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қосаман

Қосаман

Аралдан солтүстік-батысты бетке алып қара жолмен жүрсеңіз, 120 шақырым шамасында Қосаман елді мекені кезігеді. Бұл – бұрынғы "Құланды" совхозының ферма орталығы. Осы елді мекеннің дәл іргесінде еңселі Қосаман кесенесі тұр. Әлгі елді мекен осы Қосаман атымен аталған.
Кесене Қазақстан Республикасының 1992 жылдың 2 шілдесіндегі «Тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау жэне қорғау туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қорғауға алынған. Кесене аудандағы архитектуралық сәулет ескерткіштерінің бірі және бірегейі, өзінің ерекшелігін сақтап, бізге жеткен құнды жәдігер.
Осыған қарағанда, Қосаман заманында өз ортасында беделі зор, ел билеген, білімі бар адамға ұқсайды. Әйтпесе осыншама сәулетті мавзолейді оның зиратының басына тұрғызбас еді. Кесене биік күмбезді үй там түрінде салынған. Тұрғызылған уақыты белгісіз. Көнекөздердің айтуынша, бізден бірнеше ұрпақ бұрын салынғанға ұқсайды. Өйткені бұл кесене біздің әкелеріміздің әкесі, олардың әкелелерінің кезінде де болған деседі. Соған қарағанда, кесененің уақыты XVIІ-XIX ғасырлардың арасы болар деп шамалау керек шығар. Әйтпесе:
Қосаман, Дастанменен елдің басы,
Қалған жоқ екеуінде қойдың жасы.
Елубай, Тілеуберген ел басқарған,
Жаңа алған екеуі де тоқал масы, –деген өлең жолдарының бізге жетуі неғайбыл болар еді. Рас, өлең басында ұзақ болған, қалған жолдары бізге жетпей ұмытылған. Бірақ осы бір шумақ өлеңнен де көп нәрсені аңғаруға болатын сияқты. Яғни өлең жолдары Қосаман мен Дастанның дәулетті болып, ел басқарғандығын және қартайып өлгендіктерін, олардың балалары Елубай мен Тілеубергеннің де ел басқарған дәулетті адамдар болғандығын дәлелдейді.
Аңыз бойынша Елубай әкесі Қосаман өлгенде басына осы кесенені билігі мен дәулетінің арқасында бір жазда қырық жігіттің күшімен тұрғызған деседі. Оның кірпішіне жылқының сүті мен қылын қосып, аттың тұяғымен илеген. Кірпішінің берік болуына байланысты кесененің ғасырдан-ғасырға жетуі де сондықтан болар.
Дегенмен, уақыт өз дегенін істемей тұрмайды. Жаңбыр мен желдің әсерінен бүгінде кесененің көпшілік жері бүлінген, алдыңғы порталдың үстіндегі кіші күмбездер құлаған, бірақ соған қарамастан кесене өз келбетін әлі сақтап тұр.
Қосаманның замандасы Дастанның да бейіті осы кесенеден бір шақырым жерде Ақеспеге барар жолдың бойында тұр. Оны жергілікті халық "төрт құлақты мола" дейді. Екеуі де төртқараның қызылы. Ерте заманда Қосаман жері төртқаралардың қонысы болған. Оны осы жердегі қорымдардан байқауға болады.
Кешегі заманда мазардың ішінде әртүрлі тұрмыстық заттар болған, адамдар түнеп, зиярат еткен. Тіпті бертінге дейін онда әртүрлі діни кітаптар болған көрінеді, бірақ кейін бәрі қолды болған.
Кейбір аңыздарда бұл кесене Еламан, Жоламан деген қос батырға арнап тұрғызылғын деп те айтылады. Сондықтан қос батырдың атымен Қосаман аталыпты-мыс. Бұның қайсысы шындыққа сай келеді, оны әзір ешкім білмейді.
Әрине бізге маңыздысы Қосаман да, Еламан да, Жоламан да емес, бүкіл Сыр өңірінде өзіндік архитектуралық сәулетімен ерекше көзге түсетін ескерткіш ол – Қосаман кесенесі дер едік.
Кесенеге 1999 жылы біріккен орыс-қазақ археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізіп, одан барлығы 138 дана әртүрлі заттар, оның ішінде 124 дана тастан қашалған 12 дана керамикалық және 2 дана темірден жасалған заттардың сынықтарын тапқан. Зерттеу қорытындысында мавзолейдің тұрғызылған уақытын неолит дәуіріне жатқызған. Бірақ бұл шындыққа онша келіңкіремейді, өйткені неолит дәуіріндегі өзі шикі қам кірпіштен тұрғызылған кесененің бастапқы қалпын сақтап, біздің заманға жетуі қисынсыз сияқты.
Жалпы, Қазақстан аумағындағы, оның ішінде Сыр, Арал өңіріндегі осындай кесенелердің басым көпшілігі шикі қам кірпіштен тұрғызылған. Бүгінде олардың көпшілігі жермен-жексен болып, үйіндіге айналған немесе сұлбасы ғана қалған. Қосаман кесенесі де солардың қатарында болғанмен, бұл кесененің артықшылығы – біздің заманға бастапқы қалпын сақтап, аман жетуі және бір ерекшелігі, үлкен күмбездің алдыңғы қақпасының (порталының) үстіңгі екі жағында кішкене екі күмбездің болуы. Әрине архитектуралық сәулет ескерткіштерінің барлығында алдыңғы қақпа (портал) бар, бірақ кішкене күмбез бола бермейді. Ал Қосаман кесенесін тұрғызған ұсталар сол заманда мұндай үлгіні қайдан алғаны белгісіз.
Егер Қосаман кесенесіне жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілсе, аса көркем, сәулетті архитектуралық ескерткіштің бірі көз алдыңызға келері сөзсіз.
Жалпы алғанда, тарихи-мәдени ескерткіштер – кейінгі ұрпаққа көне тарихтан сыр шертетін аса құнды жәдігер, тарихтың тірі куәгері. Сондықтан да ескерткіштерді қорғау, ең болмаса қазіргі күйін сақтап қалу – бүгінгі адамзаттың абзал борышы.
Ж.ТӨРЕБЕКОВ,
ескерткіштерді қорғаудың республикалық дәрежедегі құрметті мүшесі
20 сәуір 2021 ж. 858 0