Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қосамандықтар жаңа медициналық бекеттің игілігін көруде

Қосамандықтар жаңа медициналық бекеттің игілігін көруде

Бүгін ауданға қарасты Қосаман ауылдық округінде атқарушы билік өкілдерінің халыққа есеп беру жиыны өтті. Есепті кездесуде бас қосқан округ тұрғындары ең алдымен қылмыстық ахуалға жауапты учаскелік полиция инспекторы Қ.Дінібаевтың және Қосаман ауылдық округінің әкімі Е.Серікбаевтың баяндамасын тыңдады.
Қосаман ауылдық округіне Қосаман, Ақеспе, Бердікөл елді мекендері қарайды. Жергілікті жұртшылық негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда ауылдық округте 7 шаруа қожалығы және тікелей мал шаруашылығымен айналысатын 7 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.
Осы орайда, мал шаруашылығына ден қойған қосамандықтар өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында өз кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алған.
Атап айтқанда, 2019 жылы 4 округ тұрғыны «Бастау Бизнес» оқу курсынан өтіп, соның ішінде, Назерке Дәрменқұлова «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы қаржылай қолдау қорынан несие алып, мал шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, ауыл тұрғыны Боранкүл Ханкелдиева «Арал ырысы» қаржылай қолдау қорынан қаржылай несиеге қол жеткізген. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары арасынан 2 азамат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы қаржыға қол жеткізіп, бүгінгі таңда мал басын көбейту жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бөлек, өткен жылдың басты жаңалығының бірі 693 тұрғыны бар Қосаман ауылдық округінен жаңа типтегі медициналық бекет ашылып, ел игілігіне қызмет көрсетуде. Осылайша, ауылдық округ өткен жылды толымды табыспен қорытындылап отыр.
Жиын одан әрі аудан әкімінің есебіне ұласты. Аудан басшысы М.Оразбаев 2019 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап, есепті кезеңде жүзеге асқан жұмыстардың есебін берді. Соның ішінде, аудан былтырғы жылды жемісті қорытындылағанын ерекше атап өтті.
Есеп барысында ауыл тұрғындары Ақеспе елді мекеніндегі ішкі ауыз су желісінің құрылысын толық аяқтап беруді және елді мекеннен ауылдық клуб салуды сұрады. Сонымен қатар, атап өткен медициналық бекетке жедел-жәрдем автокөлігін бөлу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы аталған мәселелерге сәйкес тиісті бөлім басшыларына тапсырма беріп, назарға алынатындығын жеткізді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.
21 қаңтар 2020 ж. 748 0