Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандағы әйел-ана ескерткіштері: Қарашаш ана кесенесі

Қазақстандағы әйел-ана ескерткіштері: Қарашаш ана кесенесі

massaget.kz Қазақ даласында дана, абыз ана мен қайсар әйел-келіншек көп болған. Оның бірі рулы елдің ардақты анасы, енді бірі кемеңгер ойшылдардың анасы болған. Сондай аналардың бірі – Қарашаш ана. Қарашаш ана кім болған?
Қарашаш ана – Қожа Ахмет Ясауидің анасы. Кей деректерге Айша хатун немесе Айша бибі деп те келеді. Ол кісі туралы деректер аз. Дегенмен Түрік халықтары арасында даналығымен, білімімен, діни сауатымен, көрегенділігімен есте қалған жандардың бірі болғандығы аңыз-әңгімелерде көп айтылады. Оны аналық қасиеттің белгісі ретінде құрмет тұтады. Байлығына қарамастан, өте кішіпейіл, мақтан мен менмендіктен ада адам болған. Науқастар мен мұқтаж жандарға қол ұшын берген қайырымды болған деседі. Ел арасында тараған аңыздарға сүйенсек, Қарашаш сырқатты емдеп, түс жори алатын қабілетті кісі болған. Соның арқасында танымал адамға айналса керек. Қарашаш бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгендіктен, адамдар санасында аналықтың биік арманына айналды. Кейбір ғалымдар Қожа Ахмет Ясауидің анасынан жастай айырылғанын ескере отырып, Қарашаш ананы, шамамен, 1099-1100 жылдарда өмірден озған дегенді айтады.
Кесене
Қарашаш ана – Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан, ХІІІ-ХІV ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіші. Түркістандағы Ясауи кесенесін көруге аттанған адамдар, алдымен, Қарашаш ананың күмбезіне барып, зиярат жасап қайтады. Кесененің өзі порталды-күмбезді құрылыс. Құрылыстың мұндай типі бұл өңірде кең таралған. Кейінгі ортағасыр дәуіріне жатады. Күмбездің алғашқы құрылысы ХІІІ ғасырда салынып, уақыт өте келе табиғи жағдайдың ықпалымен бірнеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. 
Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынып, жан-жағы күйдірілген төртбұрыш кірпіштен қаланған. Сондай-ақ құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылды. Кесене сапалы материалдан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылған. Екі ғасыр ширегінде ескерткіш бұзылған жоқ. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те әлі шірімеді. 
Кесененің жалпы көлемі: 7,0х6,50 м, биіктігі 9,30 м. Ал ғимарат ортасындағы ішкі залдың көлемі – 3х3м. Кесене төрінде Қарашаш ананың қабірі жатыр. Оның үстіне мәрмәр тақташалар көмкерілген. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қожаның бейіттері орналасқан.


12 ақпан 2020 ж. 2 122 0