Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шіліңгір шілде

Шіліңгір шілде

Жаздың екінші айы – шілдеде күн барынша ұзарып, ыстық көтеріледі. Шілде – жайқалып өскен егінді, балбырап піскен жеміс-жидекті жинап алатын, мыңғырған малға қыстық жем-шөп дайындайтын қажырлы еңбектің нағыз қайнайтын кезі де осы айда болады, яғни шаруа айы десек болады.
Шілде өте ыстық ай, оның ыстығы 40 күнге созылатындықтан, қазақтарда "қырық күн шілде" деген сөз бар. Шілде сөзінің түбірі парсы тіліндегi «чиһал, чиһил» сөзінен шыққан. Қазақ есепшілерінің айтуынша, жаздың ыстығы мен қыстың суығы қырық күндік уақытпен есептеледі. Оны қазақ «жазғы шілде» және «қысқы шілде» деп екіге бөледі. Жазғы шілде 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы жаздың ең ыстық қырық күні болады да, оны халық тағы да «Ұлы шілде» деп атайды. Ал қысқы шілдеде 25 желтоқсан мен 5 ақпан арасындағы қыстың ең суық қырық күнін қамтып, бұл кезеңді «Kiшi шілде» деп атап кеткен. Бұл табиғат құбылыстары Үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақырайып тұру уақытымен пара-пар келеді.
Қазақ есебінде «тоғыс айы» 28 күн немесе 27 күн 7 сағат 43 минут болады. Осындай есеппен бір жылда 13 тоғыс айы келеді. Жаздағы шілде айында үркер шоқ жұлдызы аспан әлемінен көрінбей кетеді. Көкжиектен үркердің түсіп кеткен қырық күніндегі екі тоғысты адамдар көзімен көре алмайды. Ал қалған он бір тоғысты көзбен көріп, бақылауға болады. Тоғыс айларының өзіндік есепті күндері болады. Қазақтың кейбір есепшілері шілде айындағы «Тоғыс күнді» 23, 24, 25, күндері болады деп қарайды. Сондықтан 23-тоғыс шілдені «Шіліңгір шілде» деп есептейді.
 Сондай-ақ шілде айы байырғы қазақ күнтізбесіндегі жұлдыз (зодиак) айлары бойынша әсет деп аталған. Кейбір деректерде асад деп қолданылады. Асад сөзі араб тілінде «арыстан» сөзін білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Арыстан шоқжұлдызының» атауы болып табылады. Тіліміздегі Әсет, Есет деген кісі аттары осы арабшадағы асад, яғни арыстан мағынасын береді.
Қазақ есепшілері қырық күн шілде өтіп, үркер шоқ жұлдызы көкжиекке көтерілгенде аспан әлемінен қайта көрінгеннен бастап, өсімдік тамыры тереңге тартып, дәнді-дақылдар дән ала бастайды, шөп буыны бекіп, дәрілік шөптер қуаттанады. Мұндай жайылымға жайылған мал тез шелденеді. Жайылым малға жұғысты бола бастады, өрістер шұрайлана түседі. Осыған орай туған қазақта «Күзде аққан су семіз, күз өрісіндегі мал семіз» деген тәмсіл сөз бар.
Шілденің 20 жұлдызында Таразы (нарық) жұлдызы туып, таң суый бастайды. Сол себепті қазақтар: "Таразыда таң суыйды" дейді. Қырық күн шілде халық аузында "Суыр" деп те аталады. Сұмырай деген сөз суыр айы деген мағынада. Содан халқымыз: "Сұмырай келсе су құриды", – дейді. Шілде айының тағы бір көне атауы – асад. Үркердің толғағы. Бұл мал-жанға жайлы, үркер туатын шілденің ортасы.
Ал шілдеде өмірге келген ерлер сенгіш келеді. Кім көрінгенге, не болса соған сенемін деп, өмірде жиі қателеседі. Олар – барлық сәтсіздіктерге төтеп бере алатын, өз тағдырына өкінбейтін, отбасында анасына қатты жақын жандар. Олардың бойындағы басты ерекшелігі осы. Сондықтан да мұндай шілде айында туылған ер адамға күйеуге тиген әйелдер оның анасын, өзінің енесін ұнатсын, ұнатпасын, оған құрмет көрсету арқылы ерінің көңілін таба алады.
К. МАХСҰТ
01 шілде 2022 ж. 1 434 0