Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус қайталануы мүмкін бе?

Коронавирус қайталануы мүмкін бе?

«Коронавирус жұқтырғандар көбейсе, маска тағу режіміне қайта ораламыз» деген ақпараттар әр жерден көріне бастағаны белгілі. Сайып келгенде соның барлығы басты байлығымызға баса назар аударуға бағыттайды. Екі жылдай елдің есін шығарып, еңсесін басқан дерттің есігімізден енбегенін қалаймыз. Дей тұрғанмен, сала мамандарының сақтандырғанына назар салып, құлақ түргеннің артығы болмас.

Елімізде жыл басында КВИ аурушаң­ды­ғының шамалы өсуі байқалған, алайда соңғы аптада алдыңғы аптамен салыс­тыр­ғанда аурушаңдық 3,6 есеге – 127-ден 457 жағдайға дейін өскен. Айта кету керек, COVID-19 ауруының өсуі басқа елдерде де байқалады. Мәселен, әлемдегі коронавирус инфекциясы бойынша статистика деректерінің мәліметінше, соңғы 7 күн­де сырқаттану 15%-ға, өлім-жітім 3%-ға артқан. Төсек орындардың қамтылуы 5%-ды құрайды, резервте 22 мыңнан астам орын бар.

Елімізде соңғы аптада 457 жағдайдың 391-і немесе 85 %-ы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына тиесілі. Вакцина алу мәртебесін талдау кезінде азаматтардың 80 %-ы КВИ-ге қарсы вакцина алмаған және вакцинадан кейін 6 айдан астам уақыт өткен адамдар екені анықталды.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, вакцина КВИ инфекция­сынан қорғаудың және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың жалғыз тиімді шарасы екенін көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, COVID-19-ға қарсы вакцина салу науқаны жалғасуда. Соңғы деректер бойынша вакцинамен қамту – 80,2%-ды, екінші компонентпен қамту 78,0%-ды құрады. Ревакцинаны тиісті халықтың 67,4%-ы алды. Қайта вакцинаны 170 мың адам немесе тиісті контингенттің 50,6%-ы алды. Қазіргі уақытта тәулігіне 20-21 мың екпе жасалады. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Айта кету керек, мамыр айында коронавирус штамдарын ретке келтіру кезінде «Омикрон» нұс­қаларының 99%-ы анықталды, оның 27%-ы «Стелла-Омикрон» және маусым айында жүргізілген ПТР-скрининг барысында Алматы қаласында «Стелла-Омикрон» нұсқасының 78%-ы анықтал­ды. Қазіргі уақытта анықтал­ған штаммдарды одан әрі зерттеу үшін жүйелендіру жүргізілуде, нәтижелер бойынша жұмыс жалғасуда. Жалпы, республикада коронавирус инфекциясына қарсы үш вакцина бар, барлығы – 2,3 млн доза. КВИ бойынша тұрақты эпидемиялық жағдайды қолдау мақсатында, әсіресе КВИ ауруы бойынша жоғары тәуекел тобына кіретін адамдарға ревакцинадан өту ұсынылады.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төраға­лығымен өткен Қазақстан Респуб­ли­касының аумағын­да коро­­на­вирус инфекциясы таралуы­ның алдын алу жөнін­дегі ведомс­тво­аралық комис­сияның отырысында вице-премьер науқастар саны артып келе жатқанын жеткізген еді.

«Әзірге ең маңызды мәселе – вак­циналау. Науқастар саны өс­кен жағдайда маска тағу режі­міне қайта оралуымыз мүмкін. Қазір тәулігіне 100 адамға дейін нау­қастар саны артып келеді. Каран­тин шараларын күшейту мәселесі ведомствоаралық ко­мис­­сияның отырысында қара­лады. Маска тағу жөнінде ғана емес, жалпы шаралар бойынша», деді вице-премьер.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде мау­сым айының ортасынан бас­тап коронавирус инфекциясын жұқ­тырғандар санының артқанын атап өтті. Мәселен, өткен аптамен салыстырған­да жұқтыру жағдайлары 2,9 есе артқан, науқастардың 80%-ына жуығы – індетке қарсы екпе алмағандар және соңғы екпеден кейін 6 ай өтіп кеткен адамдар. Елдегі COVID-19 көрсеткіштерінің артуын ескере отырып, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңір­лер эпидемиялық қауіп-қатер­дің сары аймағына көшкен жағдай­да төмендегі қосым­ша шараларды қабылдау керек­тігі туралы шешім қабылда­ды. Олар науқаспен тығыз қа­рым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс жасау форматына көшіру, COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйел­дерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру, жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу, 10-нан аса адам қатысатын жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну. Сондай-ақ аймақтың эпидемиялық ахуалына қарамастан, әуеде, ТЖ көліктері мен халықаралық автобустарда маска тағу ұсынылады.

Денсаулық сақтау министрі инфекцияның таралуының өсуі­не қарамастан, «Республика бойын­ша жағдай сыни емес» деп санайды.

«Біз «жасыл аймақта» тұр­мыз, сырқаттанушылықтың өсуіне қарамастан, төсектердің қам­тылуы небәрі 6%-ды құрай­ды. Эпидемиялық жағ­дай матрицасына сәйкес шара­лар қабыл­дану­да. Бүгінгі таң­да еліміз «жасыл» аймақта орна­лас­қан, сондықтан қосымша шаралар қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі қорқатындай, алаң­дайтындай оқиға тіркелмеді», деді А.Ғиният.

Ол сондай-ақ пациенттердің вакцина алу мәртебесін талдау кезінде 80%-ға жуығы КВИ-ге қарсы вакцина алмаған адамдар және вакциналау мен ревакциналаудан кейін 6 айдан астам уақыт өткені анықталғанын атап өтті.

«Ұсынылған деректер өңір­лердің халықты КВИ-ге қарсы вак­ци­налау және ревак­циналау бо­йын­ша жеткілік­сіз жұмыс ат­қар­­ғанын көрсетеді. Әлемде және бізде сырқаттанушылықтың бір­тін­­деп өсуі, бұл сөзсіз ұжым­дық им­­­му­­нитеттің әлсіреуіне әкеледі. Осы­­ған байланысты өңір­­лер­ге тиіс­­ті халықты қай­та вакци­на­лау бо­­йын­­ша жұмыс­ты күшейтуді тап­­сы­­руды сұрай­мын», деп атап өтті ол.

Аталған министрліктің 2022 жылғы 3 шілдедегі мәліметі бо­­йын­ша Қазақстанда I компонент­пен 9 526 392 адам вакцина сал­дыр­­ды, II компонентпен

9 311 204 адам қамтылды. Ревак­цина­лан­ған­дар саны – 4 817 836 адам. Ал 1 069 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олар­дың ішін­де 147 пациент стационарда, 922 науқас амбу­ла­ториялық деңгей­де ем қабылдауда. КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында 8 адамның жағдайы ауыр, жағ­дайы өте ауыр немесе ӨЖЖ ап­паратында жатқандар жоқ.

«Ауырып ем іздегенше, ауыр­м­айтын жол іздеуге» баса мән берген дұрыс сияқты. Себебі күні кеше Алматы қаласы «сары» ай­маққа ауысты. Бұл туралы Ден­саулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлім етті.

«4 шілдеден бастап Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Қазір­гі уақытта қаланың мемле­кет­тік бас санитар дәрігері қаулыны дайындау үстінде. Қаулыда бар­лы­ғы жазылады. Осы орайда біз әр азаматты коронавирусқа қарсы вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге шақырамыз», деді Ержан Байтанаев.

Оның айтуынша, бүгінде коронавирусқа шалдығып жатқан азаматтардың 80 пайызы вакцина алмаған.

«Қазақстандықтарды өзі мен жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында вакцина алудың барлық процесінен өтуге шұғыл түрде шақырамыз. Бұл процесс ұжымдық иммунитетті қалыптастыра түсу үшін де маңызды», деді ол. Еске сала кетсек, Қазақстан «сары» аймаққа өтсе, Үкімет тарапынан қандай шара­лар қолға алынатыны хабар­ланған еді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының артқанын атап өтті. Айта кетейік, Коронавирусқа қарсы күрес жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия қазіргі кезде елімізде «Қызыл» аймаққа жататын өңір жоқ екенін мәлімдеді. «Сары» аймақта – Алматы қаласы, «Жасыл» аймақта – Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстары тұр.

egemen.kz
05 шілде 2022 ж. 407 0