Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Безгек ауруы жас талғамайды

Безгек ауруы жас талғамайды

Табиғат қайта түлеп, тіршілік жанданған сәтте зиянкестерден тарайтын түрлі індеттердің де белең алатыны түсінікті. Мұндай кезеңдерде сақтық шараларын қатаң сақтап, мамандар кеңесіне құлақ түрген абзал. Біздің айтпағымыз Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жайында.
Конго-Қырым қанды безгегі – вирустық жұқпалы ауру. Инфекция кене шаққан жерден басталады және сырқат адамның қаны тигенде жұғады. Салдарынан адамның дене қызуы көтеріліп, қан кетеді, бас және бұлшық еті ауырып, тері бөртпесі, тері арасында қанды сүйел пайда болады. Көбіне оны тасымалдаушы зиянкестер қатарында кенені айтуға болады. Яғни адам кездейсоқ уақытта кененің шағуына шалдықса, жұқпалы ауруға душар болады. Ауру негізінен Ресейдің Еуропалық бөлігінің оңтүстік аймақтарында, Молдовада, Украинада, Орта Азия мемлекеттерінде және Қазақстанда тіркелген.
Қазіргі таңда аймақ бойынша мұндай жағдайдың 15 дерегі тіркеліп отыр. Міне, осы мәселе бойынша мамандар арасында арнайы семинарлар да өтіп тұрады. Айталық, Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы М.Садықовамен бірге бұл бағытта Абай атындағы аудандық орталық емханада және А.Байтұрсынов атындағы қалалық емхана мен Сексеуіл ауылдық емханасында арнайы семинарлар өткізілді. Мұның барлығы алдымен сіз бен біздің саулығымыз үшін. Аурудың жақсысы жоқ. Қанша жеңіл болса да, асқынған дерт адам өмірін жалмауы да мүмкін. Сондықтан саулығымыз үшін сақ болған абзал.
З. АЛМАТОВА,
Арал ауданаралық ауруханасының дәрігері
05 шілде 2022 ж. 835 0